16.04.2024, 10:48
Оқылды: 52

Балалардың  періште  пейілі

Міне, газет-журналдарға жазылудың кезекті науқаны басталғанына да біраз күн болды. Жыл сайын жазғытұрым уақытта құстарды ұя жасап қарсылайтын және «Орал өңірі» газетіне жазылуды насихаттайтын өрендер бар. Олар – зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернат-колледжінің оқушылары. Жылдағыдай бір топ жеткіншек осыдан бірер апта бұрын бірнеше ұя жасады. Әрі ұялардың қасбетіне «Орал өңірі» газетіне жазылайық!» деп бедерлеп жазды.

WhatsApp Image 2024-04-16 at 11.43.38

Мұндай игілікті іске аталмыш білім ошағының еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Самал Қазиев жылдар бойы ұйытқы болып келеді.

– Жыл сайын ұя жасауға негізінен 8-9-10-сынып оқушыларын жұмылдырамын. Олар бұл жұмысты зор ынта-ықыласпен атқарады. Баланың аты – бала ғой, олар еңбектерінің нәтижесін тезірек көруге асығады. Ұяны жасап, бетіне бедерлеп жазып, ағашқа ілгенше асығып, шынайы құлшыныспен еңбектенеді. Ұяларды ілгеннен кейін балалардың жүзі бал-бұл жанып, өздеріне өздері риза болғанын көрсеңіз! Ұя жасаған шәкірттеріме өздері туралы мақала бірнеше фотосуретпен газетке шығатындығын айтқанымда олар одан сайын қуанады. Әрине, балалармен бірге мен де қуанышқа бөленемін. Биыл ұя жасауға Жандәулет Ерсайын, Сұлтанбек Ахмет, Демеу Қойшыбай және Нұрсұлтан Ғалымов секілді жеткіншектер  белсенді  атсалысты, – дейді Самал мұғалім.

WhatsApp Image 2024-04-16 at 11.44.13

Өз қолдарыңмен жасаған ұялар жылдағыдай құстарға құтты баспана болып, туған жерде олар биыл да балапан өрбітсін, балалар! Сендердің періште пейілдерің қабыл болып, «Орал өңірінің»  таралымы  көбейе  бергей!

Болашақтарың жарқын, келешектерің кемел болсын, айналайындар!

WhatsApp Image 2024-04-16 at 11.42.44

Файзолланың  Бауыржаны,

«Орал  өңірі», 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале