26.08.2026, 14:30
Оқылды: 16

Балаларға қамқорлық – болашаққа сенім

Бүгін Батыс Қазақстан облысында игі дәстүрге айналып келе жатқан маңызды әлеуметтік шаралардың бірі – “Мектепке нық қадаммен” акциясы өтті. Аталған акцияны Әділет партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырып, жаңа оқу жылы қарсаңында көптеген бүлдіршінге қуаныш сыйлады.

WhatsApp Image 2026-08-26 at 14.32.51 (1)

Акцияның негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балаларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, олардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен әрі сенімді бастауына қолдау көрсету. Бұл – тек материалдық көмек қана емес, балалардың білімге деген ынтасын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтатын маңызды қадам.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Әділет партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Оңталапұлы аталмыш бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бала – ел ертеңі. Сондықтан олардың сапалы білім алып, жарқын болашаққа нық қадам басуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ парызымыз. Бүгінгі акция арқылы біз балаларға тек оқу құралдарын ғана емес, сенім мен жігер сыйлауды мақсат еттік», – деді ол.

WhatsApp Image 2026-08-26 at 14.28.25

Іс-шара барысында бүлдіршіндерге мектепке қажетті сөмке, дәптер, кеңсе тауарлары секілді оқу құралдары табысталды. Балалардың жүзіндегі шаттық пен қуаныш – акцияның басты нәтижесі іспетті. Әрбір табысталған құрал – олардың білім жолындағы алғашқы қадамдарына демеу болды.

Бұл игі бастама облыс және қала мәслихаты депутаттары мен кәсіпкерлердің қолдауы арқасында оқу жылы басталғанға дейін облыс аудандары мен қала көлемінде 300 баланы оқу құралдарымен қамтамасыз етуді көздейді.

WhatsApp Image 2026-08-26 at 14.32.51

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға өз үлесін қоса бермек. “Мектепке нық қадаммен” акциясы – балаларға көрсетілген қамқорлықтың, болашаққа деген сенімнің нақты көрінісі.

Бекзат Қанәділ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале