2.06.2026, 17:00
Оқылды: 28

Баланың күлкісі – өмірдің шуағы

 

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Мейірім» сәбилер үйінде мейірім мен қамқорлыққа, шынайы қуанышқа толы ерекше кездесу өтті. Іс-шараны «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен партия жанындағы әйелдер қанаты ұйымдастырды.

Мейірім (3)

Кездесудің басты мақсаты – түрлі өмірлік  жағдайларға байланысты ата-ана қамқорлығынсыз қалған немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау болды. Бұл күні балалар ересектердің ықыласы мен қамқорлығын сезініп, мерекелік қуанышқа бөленді.

«Мейірім» сәбилер үйінде тәрбиеленушілердің екі тобы бар. Біріншісі – қиын жағдайға тап болған отбасылардың балалары уақытша орналастырылатын күндізгі топ. Екіншісі – ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер тұратын тәулік бойғы топ. Бұл балалардың әрқайсысы мейірімге мұқтаж.

«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының төрайымы Гауһар Шайхиниязова әріптестерімен бірге бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар алып келді. Балалар сыйлықтарды зор қуанышпен қабылдап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Қонақтар мекеме ұжымын және тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, бүлдіршіндерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ пен жарқын болашақ тіледі.

Мерекелік кездесу барысында мейірім мен жылылыққа толы атмосфера орнады. Балалардың шат күлкісі мен қуанышқа толы жүздері ұйымдастырушылар үшін ең үлкен алғыс болды. Осындай сәттер әр баланың маңызды екенін, олардың сүйіспеншілік пен қамқорлыққа лайық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Балалар – өміріміздегі ең қымбат қазына. Әрбір бала сүйіспеншілікке, қамқорлыққа бөленіп өсуі керек. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен ата-ана жылуын көрмей жатқан бүлдіршіндер де бар. Біздің міндетіміз – оларға мейірім сыйлап, жалғыз емес екенін сезіндіру. Біз балаларға тек сыйлық қана емес, жүрек жылуымызды да алып келдік. Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі кетпей, әрқайсысы өзін бақытты сезінсе дейміз, – деді Гауһар Шайхиниязова.

Мұндай кездесулер балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғам назарын еліміздің ең кішкентай азаматтарына қолдау көрсетудің маңыздылығына аударады. Расында да, баланың күлкісі – өмірдің шуағы. Ал шынайы ниетпен жасалған әрбір игі іс әлемді мейірімді әрі жылы етеді.

Гүлжан Ғалым,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале