ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдегендей, Қазақстан 2028 жылға қарай балық өсіру көлемін 2,5 есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Фото: ortcom.kz
Саланы дамыту нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жан басына шаққандағы балық тұтыну көрсеткіші екі еседен астамға (4-тен 9 кг-ға дейін) өседі деп күтілуде. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, инвестиция тартылуда.
Бүгінде елде балық өңдеумен айналысатын 73 кәсіпорын бар (жалпы қуаттылығы жылына 126 мың тонна). Оның 20-сы өнімдерін Еуроодақ елдеріне экспорттауға құқылы. Жалпы алғанда, қазақстандық балықтың 50 түрі әлемнің 21 еліне, соның ішінде Германия, Нидерланды, Литва, Ресей және Қытайға жөнелтіледі. Өндірісті ынталандыру үшін ҚҚС 70%-ға төмендетілді, қайта өңдеушілерге 5%-бен жеңілдікті несие беру және инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары енгізілді.
Комитет басшысының сөзінше, 2028 жылға дейін іске асырылатын құны 60 млрд теңге болатын 41 ірі инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Жобалар негізінен Алматы, ШҚО, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында шоғырланған. Сонымен қатар, балық шаруашылығын 2,5% жеңілдікті мөлшерлемемен бюджеттік несиелендіру аясында биыл 14 жоба айқындалып, оның 10-ы 8,7 млрд теңге көлемінде несие алып үлгерді. Каспий теңізінде майшабақ аулау лимиті 5 еседен астамға (8 мыңнан 42 мың тоннаға) ұлғайтылып, кемелер үшін порттық қызметтерге 70% жеңілдік жасалды. Саланы жүйелі қолдау жаңадан қабылданған «Аквашаруашылық туралы» Заң шеңберінде іске асырылуда.