27.09.2018, 17:30
Оқылды: 10

Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы: «Зайырлылықты коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстыруға болмайды»

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бүгін Орал қаласында өткен «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» тақырыбындағы халықаралық форумға қатысып, баяндамасында зайырлылық ұғымына кеңірек тоқталды.

 -Бөкей ордасының астанасы – Хан ордасы елінде, Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды батырлар, қазақтан шыққан тұңғыш мүфти, қази Ғұмар Қараш, ақын Әбубәкір Кердері сынды даңқты тұлғалар мен кешегі Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлі сынды аңыз адамдардың ізі қалған Ақжайық төрінде алдарыңызда сөз бастау – мен үшін үлкен мәртебе һәм жауапкершілік. Баршаңызға Алланың берекеті жаусын деп тілеймін! Бүгінгі халықаралық форум жұмысы нәтижелі һәм берекелі болғай!-деп сөзін бастады Бас мүфти.

-Расында, бүгінгі тәуелсіздік жаңа атап өткен батыр бабаларымыздың ұлы күресімен келді. Сондықтан Отан біз үшін қашан да қымбат, қасиетті ұғым. Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе – елге қосқан үлес осы болмақ.

Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», – деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез екенін айтуда.

Қазіргі қоғамға қажет мінездердің бірі – әділеттілік, адамгершілік, татулық пен бауырмашылдық. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың дінінен (жібінен) мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған. Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды,-деп қасиетті Құран Кәрімнен нақты мысалдар келтірген Серікбай қажы Сатыбалдыұлы ары қарай зайырлылық ұғымына тоқталды.

-Бүгінгі «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты форум тақырыбына қатысты өз ойларым мен ұсыныстарымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер.

Зайырлылық мемлекет пен дін арасындағы қатынасты анықтайтын ұстаным. Қазір кейбір азаматтар түсінбеушіктен болар, зайырлылықты атеизм ретінде қабылдайды. Исламға жат не оған қарсы құбылыс ретінде көреді.

Кейбір жастарымыз зайырлылықты кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстырғысы келеді. Жоқ, кешегі кеңестік идеология атеизмге негізделген секуляризм болды. Ол кезде кез келген таным, ғылым да өнер де, әдебиет пен тарих, пәлсапа да сол идеологияға қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм зайырлы ел емес, ол атеистік мемлекет болды деп айтылады. 

Ислам әлеміне танымал ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисалаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды.

Яғни, зайырлылық ұғымы «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады.

«Зайырлылық» ұстанымы – қоғамның кез-келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте Мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді.

Профессор, ғылым докторы Досай Кенжетайдың пікірінше, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың бірі – барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез-келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болған мемлекеттік ұстаным.

Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады.

Екіншіден, мемлекет діни басшылықтан, яғни діни биліктен тәуелсіз.

Үшіншіден, мемлекет кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болады.

Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі халыққа Жолдауында зайырлылық ұстанымын біздің елдің ең басты құндылығы ретінде бағалайды. Зайырлылық ұстанымы мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік, қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық.

Зайырлылық ұстанымы сіз бен біздің құқықтарымыздың қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл ең басты шарт болғандықтан, саяси және құқықтық тұрғыдан діннен осы салада бөлінеді.

Біз, дін қызметкерлері, түрлі саланың жетекшілері мен мамандары мемлекет пен діннің қарым-қатынасындағы осынау нәзік әрі терең мәселелерді жастарға, жалпы қоғамға түсіндіруден жалықпауымыз керек.

Дінаралық сұхбаттың қазақстандық үлгісі әлемде діндерге деген құрметтің сара жолын салып, кемел үлгісін қалыптастырды. Түрлі дін өкілдерін дінаралық сұхбатқа шақыра отырып, күн тәртібіне қойылған мәселені бір қырынан ғана қарастырып қоймай, әр түрлі діндердің ұстанымы мен көзқарасын ескере отырып, шешім қабылдау – сарабдал саясаттың биік көрінісі екені даусыз. Бұл Қазақ топырағында ғасырлар бойы қалыптасқан толеранттылық пен адами құндылықтардың жаңа мазмұнда жаңғыруы десек болады.

Алла Тағала бүгінгі күнде қалыптасқан тұрақтылығымыз бен татулығымызды баянды еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз қасиетті қазақ жерін түрлі бүліктер мен жамандықтан сақтағай! – деп сөзін түйіндеді Бас мүфти.

Нұрлыбек Рахманов,

Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале