20.09.2021, 17:08
Оқылды: 69

Баспаналы болу да бір бақыт

Көне шаһар – Оралдың көркіне көрік қосқан жаңа нысандар қатары бүгінде жыл санап емес, ай санап көбейе түсуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойы аясында, әрі дәстүрлі  Қала күніне орай өткен сенбі күні Зашаған кентінде тағы бір  9 қабатты 198 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоныс иелерінің қуанышын бөлісуге өңір басшысы Ғали Есқалиев арнайы келді. 

1 (25)

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев күні кешегі халыққа арнаған Жолдауында азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі арттыра түсуді тапсырғаны баршаға мәлім. Әрі бұл мемлекет саясатының стратегиялық басым бағыттарының бірі болып табылады. Біздің облысымызда да тұрғындарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанына өздеріңіз куәсіздер. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой түзеген құны 2 млрд. теңгені құрайтын мынау әсем үйді тұрғызған «Болашақ-Т» ЖШС. Қателеспесем, бұл олардың салған он сегізінші үйі,- деген Ғали Нәжімеденұлы бүгінгі  пәтер кілті негізінен көпбалалы отбасыларға, мүгедек ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға һәм әлеуметтік аз қамтылған жандарға табысталатындығын жасырмады. Өз кезегінде облыс басшысы қуаныш иелеріне мұны жалдамалы пәтер деп қарамау керектігін, ешкім ешқашан оны тартып алмайтындығын айтып, үйді де, айналаны да күтіп ұстау қажеттігін ескертті.

1 (5)

Одан кейін облыс басшысы бір топ жерлестерімізге пәтер кілтін өз қолымен табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Бұл қатардан орын алған Қалан Қанатова, Дархан Ғайсин, Анастасия Азарян, тағы басқалардың шат-шадыман көңіл қуаныштарын айтып жеткізудің өзі қиын. Ал тағдыры қоларбаға таңылған сүйкімді қыз Шолпан Хамидоллақызының анасы Гүлзада Құрманова жаңа қоныстанушылар атынан сөз алып, барша жерлестерін «Қала күні» мерекесімен құттықтап, әр шаңырақта осындай қуанышты күндер көп болуын тіледі.

1 (119)

Үмітханым Сүлейменова, қала тұрғыны:

-Айтарға сөз жоқ, өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Енді інім Сатқан Сағынғалиұлының жеке баспанасы бар. Ол сонау Жалпақтал өңіріндегі Көктерек ауылының тумасы, бір топ мүгедегі, төрт қыздың ортасындағы жалғыз еркек кіндік. Осыдан үш жыл бұрын аяулы анамыз өмірден өтіп, өз қамқорлығыма алғанмын. Үй кезегінде 2006 жылдан бері тұр. Көптен күткен қуанышқа бүгін қолымыз жетіп жатыр.  Ат үстінде жүрген  азаматтарымыздың бәріне мың сан алғыс. Сүйікті қаламыз жыл санап жаңарып, жасара берсін!

1 (135)

                                                                    Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале