21.12.2023, 16:30
Оқылды: 39

Басты міндет – обырдың алдын алу

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалық етуімен облыс әкімдігі жанындағы тұрғындар денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Басқосуда өңірдегі онкологиялық көмектің жағдайы туралы онкологиялық диспансердің  директоры Зейіл Мағзомов баяндады. Директор Мемлекет басшысының 2023 жылғы 5 қазандағы №874 бұйрығымен «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы іс-қимылдың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілгенін жеткізді. Бұл жоспар 5 бағыт бойынша (тәуекел факторларының алдын  алу және басқару, жоғары тиімді ерте диагностика, маман­дандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, ғылым мен адам ресурстарын дамыту) жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша қатерлі ісіктерді диагностикалаудың мүлдем жаңа әдістерін енгізу жоспарлануда, олардың ішінде төмен дозалы компьютерлік томографияның көмегімен өкпені тексеру. Бұл – зерттеуді күнделікті жұмыста қолдануға мүмкіндік береді және өкпе ісігін ерте анықтауға сеп болады. Осы тәсіл ота кезінде жиі қолданылады. Сонымен қатар виртуалды колоноскопия әдісі енгізіледі. Ол өлшемі 1 см-ге дейінгі ең кішкентай ісіктерді, ойық жараларды, эрозиялық аймақтарды, тік ішек полиптерін көзге көрсетеді, бұл ретте тексеру ауыртпалықсыз өтеді.

Слайд5

2024 жылдың қыркүйегінен бастап жасөспірім қыздарды папиллома вирусына қарсы вакцинациялауды енгізу жоспарлануда. Көрші елдердің тәжірибесіне сүйенсек, Өзбекстанда АПВ екпесінің 1-дозасымен 2019 жылдан бастап 12-14 жас аралығындағы қыздарды қамту деңгейі 94%-ға жетті, Қырғызстанда 2022 жылдан бастап бұл шара ресми түрде міндетті вакцинация тізбесіне енгізілген. Көрші елдердің оң тәжірибесін ескере отырып, диспансер басшысы облыс әкімдігінен халықты АПВ екпесінің маңыздылығы мен тиімділігі туралы ақпараттандыруға көмек сұрады.

Зейіл Жөкенұлының айтуына қарағанда, 2-бағытқа сәйкес (жоғары тиімді ерте диагностика бойынша) келісілген диагностикалық құрал-жабдықтарды жаңарту жоспарлануда. Сол жоспар аясында толық цифрландыруды енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен автоматтандырылған технологияларды енгізу, барлық медициналық-ақпараттық жүйені (МАЖ) кіріктіру, молекулалық-генетикалық зерттеулер тізімін кеңейту көзделуде. 3-бағыт бойынша сәулелік терапия құрылғыларымен жабдықтау қарастырылуда. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік  әріптестік жобасы аясында алынған құрылғының көмегімен сәулелік терапия қолданылуда. 2023 жылдың 10 айында сәулелік терапиямен 406 науқас емделді. Жұмыс барысында қол жеткізілген табыстар туралы Қазақ­стан онкологтары мен радиологтарының ІХ сиезінде айтылды. Бұдан басқа онкологиялық хирургияда жаңа бағыттарды дамыту, пластикалық хирургияны, мүшелерді сақтайтын операцияларды (онкомаммология), аз инвазивті операцияларды (лапаро/торакоскопиялық операциялардың барлық түрлері және интервенциялық емдеу әдістерін (химиэмболизация, стентинг) енгізу күтілуде. 4-бағыт бойынша Қазақстанда алдағы жылдары паллиативтік көмек пен оңалтуды дамыту жоспарланды. Қазіргі кезде паллиативтік көмек көрсету бөлімшесіндегі кереует саны 41 бірлікке ке­ңейтілген. Әлі де көбейту қажет. Өйткені облыста бар болғаны 97 кереует-орын бар. Диспансердің паллиативтік орталығында емделгендердің саны 560-тан 931-ге дейін артып отыр. Онкологиялық науқастарға паллиативтік көмек аудандық деңгейде де көрсетіледі, әрбір медициналық ұйымда 1-2 кереует қарастырылған.

Слайд2

– Басты мәселе – оқытылған кадрлар мен «Жедел жәрдем» көлігінің жоқтығы. Осыған байланысты әрбір медициналық ұйымның жағдайында мобильді топ жұмысын ұйымдастыруға «Жедел жәрдем» көлігін сатып алу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Медицина қызметкерлерін оқытқаннан кейін инвазивті емес ауырсынуды басатын дәрілердің ауқымы кеңейеді деп күтілуде. 2022 жылдан бастап емделушілерге отадан кейінгі оңалту және сауықтыру көмегін көрсету басталды, диспансерде барлығы 15 кереует орналастырылды. 2023 жылдың ағымдағы кезеңінде тек 296 науқас оңалту емінен өтті, – деді Зейіл Мағзомов.

Кешенді жоспардың 5-бағыты бойынша 2024-2025 жылдары диспансер мамандарының біліктілігін әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарында (Алматы, Мәскеу, Тель-Авив, Париж, Сеул қалалары) көтеру жоспарланған. Республикалық бюджет қаражаты есебінен өткізілетін курспен облыс ор­талығындағы 37 маманның (жұмыс істеп жатқан) тек жетеуі ғана қам­тылмақ. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан жергілікті бюд­жет есебінен кемінде 3 дәрігерді оқыту  жөн болады. Онкологиялық диспансердің бас корпусы және радиологиялық бөлімше ғимараты жөндеуді қажет етеді. Ғимарат 2011 жылы ашылғаннан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Сонымен қатар медициналық-санитарлық алғашқы көмек онкологтары жетіспейді. Бүгіндері 11 (47,8%) негізгі қызметкер және 12 қоса атқарушы (52,2%) қызметкер жұмыс істейді. Қаладағы алғашқы медициналық көмек көрсететін онкологтар арасында кадр тапшылығы №2, №3, №5 қалалық емханаларына тән. Басқа өңірлерден келген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Бөкей ордасы, Жәнібек, Бәйтерек, №2 Бәйтерек, №2 Казталов, Сырым, Тасқала,  Теректі, №2 Теректі аудандық ауруханаларына онколог мамандар керек. Сондықтан жаңа­дан келген мамандарға қолжетімді несиелер мен жалға берілетін баспана беру мәселесін қарастыру қажет. Облыстық диспансерде екі маман – онкоуролог, ЛОР-онколог дәрігер жоқ. Дегенмен диспансерде кадр тапшылығы төмендеуде, соңғы 5 жыл ішінде онкологиялық диспансердің штаты 6 жас маманмен толықты. Сонымен қатар резидентура бойынша оқыту жүргізілуде, 1 дәрігер «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша резидентурада жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуда.

Қатерлі ісікке қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес, жыл сайынғы өсім кемінде 5,7%-ды құрайды. 10 айда қатерлі ісік анықталғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 224,4-тен (1281 жаңа жағдай) 236,0-ге де­йін (1357 жаңа жағдай) артты. Оның ішінде 1-2 сатыдағы науқастарды ерте анықтау үлесі 54,4%-дан 57,9%ға (764 адам) дейін өсті. Соның ішінде 2023 жылы 0-1 сатыдағы науқастар 30,6%-ды (403) құрайды, бұл оң динамика.

Кеңес отырысында онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту мақсатында резидентураға әкімдік гранттары есебінен онколог-мамандар даярлау, қалада жұмыс істейтін онколог мамандарды жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру жайы сөз болды. Ішкі саясат басқармасына үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) онкологиялық ауруларды ерте анықтауды жақсартуға бағытталған іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу, бірлескен іс-шаралар жоспарын келісу үшін ҮЕҰ өкілдерін жіберу мәселесі көтерілді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» атты пилоттық Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиев баян етті.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 50 нысанның (дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункт) құрылысы жоспарланды. Құрылыс басқармасы 2023 жылға жоспарланған 24 медициналық нысанның 14-іне жобалық құжаттама әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысын алды. Осы 12 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджет есебінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 4 ФАП (Теректі ауданының Барбастау, Бәйтерек ауданының Новенький, Сырым ауданының Өлеңті, Жаңақала ауданының Қызылоба ауылдарында) және екі дәрігерлік амбулатория (Бәйтерек ауданы Асан, Теректі ауданындағы Сарыөмір) пайдалануға берілді. Қалған 7 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда және бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар екі нысан  құрылысы, үш эталондық нысан бойынша жобалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы шықты. Ағымдағы жылы үнемдеу сомасын қайта бөлуге бюджеттік өтінім жолданды. Қалған 7 нысан бойынша «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ-мен келісімшартқа қол қойылып, жобалық-сметалық құжаты ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтуде. Медициналық 10 нысанның сыртқы инженерлік желілерінің жобалық құжаттамасын жасақтауға облыстық бюджет есебінен 40 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде 10 нысанның жобалаушы ұйымы анықталды. Бір жобаның келісімшарт құны – 3,6 млн теңге, – деді Асылбек Қаналиев.

Асылбек Саламатұлы алдағы жылға жоспарланған 26 медицина нысанына жергілікті бюджет есебінен 3,4 млн теңге,

олардың сыртқы инженерлік желілерінің жобалық құжат­тамасын жасақтауға 2,6 млн теңге бөлінгенін айтты. Мем­лекеттік сатып алу порталына конкурсқа құжаттамалар рәсімделуде. Екі ауданаралық аурухананың жобалық құжаттамасы жасақталуда. ЖСҚ жасақтауға жергілікті бюджет есебінен 65,8 млн теңге бөлінді. «Казталов аудандық ауруханасы ғимаратын қайта жаңарту» жобасы бойынша конкурстық жұмыстар аяқ­талып, биылғы маусымда жобалаушы «Пром­ЭнергоПроект» ЖШС-мен құрылыс басқармасы арасында келісімшарт жасалды. Келісімшарттың құны – 31,1 млн теңге. Екінші нысан – «Бөрлі аудандық ауруханасы ғимаратына қосымша құрылыс салу» жобасы бойынша да маусым айында жобалаушы «Град­проект» ЖШС-мен құрылыс басқармасы арасында келісімшарт түзілді. Оның жалпы құны – 28,2 млн теңге. Екі нысанның құжаттамасын жасақтау мерзімі бірдей – 6 ай. Жыл соңына дейін жобаларды жасақтап, 2024 жылдың 1-тоқсанында сараптаманың қорытындысын алу жоспарлануда.

Басқарма басшысының орынбасары екі ауданаралық ауруханадағы дәрігер жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды. Бөрлі аудандық ауруханасын көпбейінді орталық аудандық аурухана етіп қайта бейіндеу үшін барлығы 29 дәрігер-маман, 32 медбике қажет. Қазіргі кезде қажетті 29 маманның тек 9-ы резидентурада оқып жатыр. Олардың бесеуі – жергілікті атқарушы құрылымдардың қаражаты, үшеуі – мемлекеттік грант, біреуі Бөрлі ауруханасының қаражаты есебінен ақылы оқуда. Бүгінде 20 маманның орны бос тұр. Ал Казталов ауданаралық ауруханасына 33 дәрігер, 60 медбике қажет. Сондықтан ауданаралық ауруханалардың толыққанды жұмыс істеп дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, әсіресе, бұл бағыттағы жұмысты Бөрлі және Казталов аудандарында ширату қажеттігі айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары жиынға онлайн қатысып отырған Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитовадан бұл бағытта қандай шаруалар қолға алынғанын сұрады. «Бірнеше университетпен аурухана басшысы келісім жүргізуде. Сол жаңаратын аурухана қасынан жер телімі қарастырылып, алдағы жылы ол жерден дәрігерлерге арналған екі қабатты үй салу жоспарланған», – деді әкім орынбасары. Құрылыс нысанының жобасы бар, тек оны түзету қажет делінді. Аталмыш басқарма басшысы Ерлан Тоқсанов маман тапшылығы мәселесі, оқу орындарының түлектерін өңірімізге шақыру, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша түйткілдерді ортаға салып, оларды шешу жолдары бойынша Бақытжан Нарымбетов мүдделі құрылымдардың басшыларына және аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына тиісті тапсырмалар берді.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале