31.03.2022, 9:09
Оқылды: 162

Батыр десе, батыр еді-ау Есағаң!

Қазыналы да киелі Жаңақала – әулиелер мен күйшілер, батырлар мекені, еңбектегі ер, қоғамдағы қайраткерлерге де кенде емес. Кеңестер Одағы құрамында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтардың 96-сы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, соның үштен бірі Батыс Қазақстан облысынан шықты. Оның төртеуі Жаңақала топырағында туған. Солардың бірі де бірегейі, Еңбек Ері атағын алмаса да, соған татитындай жұмыс жасап, құрметке бөленген Кеңес Одағының Батыры – Есен Шегірейұлы Орақбаев ағамыз болатын. «Краснагор» асыл тұқымды жылқы зауытын зейнетке шыққанша, республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы шаруашылық деңгейінен еш түсірмей басқарып еді.

9BAF265E-651A-40A2-9839-A75738DD60DF

Бүгінде Одақтан бөлінгелі, ел байлығын еселеп арттырып, еңбекте елі үшін қанын да, жанын да аямаған аға-апаларымыздың ерен істерін үлгі ету естен шығып бара жатқандай. Есен аға Орақбаевтың туғанына биыл 100 жыл толады. Одақ құрамындағы ерен ерлігі уақытында бағасын алып, лайықты құрмет көрсетіліп, тарих қойнауына кетті. Ал бейбіт еңбектегі атқарған істері, үлгі боларлық, батырға тән тұлғасы дәріптеуге тұрарлық.

«Есен ағаның шаруашылықты басқарудағы басты ерекшелігі – бас мамандарға еркіндік беретіндігі. Ал өзі егін орағы кезінде, көктемде, су келгенде, мал қыстағанда үй көрмей, шаруашылықты аралаумен болатын, тыным таппайтын. Тағы бір ерекшелігі – көлігін кеңшар көлемінде көбіне жүргізушісін қалдырып, өзі жүргізгенді ұнатады екен. Барлық науқандық жұмысқа әзірлікті уақытынан бұрын бастайтын көрегендігі болған. Қазіргі каналдар салынбастан бұрын қыста қардан су арналарын жасаса, жазда аласа жерге топырақ үйдіріп, биік жерді жыртқызып, арна жасап, керек жерге су апаратын еді» деп менің қызылобалық құрдасым Нариман Ізғалиев айтып отырады.
Бірде каналдарды аралап жүрген кезде мәшинесі сынып, шопыры Ниязов Ғұбайдолла аға көлігін жөндеп жатады. Қараңғы түскен соң маса буып, шопыр әбден  қиналады. Бір кезде шопырдың көзі Есен ағаға түссе, каналдың биігіне шығып, көйлегін шешіп, жалаңаш отырғанын көреді. Үстінде масадан ине шаншыр жер жоқ. «Аға, мұныңыз не?» десе, «Масалар армансыз тойсын» деп жымияды дейді. Батырдың қарапайым қылығынан да батырлық пен мәрттігі көрінеді деген осы емес пе? Нариман құрдасымның тағы бір әңгімесін келтірейін.

«Су келгенде ауданның су мамандары қай каналды қалай ашуды Есақаңнан сұрап жүргенін көзіміз көрді. Жылқыны қыстан шығарғанша бас жылқышы болудан бір жазбайды. Бірде көз көрмес қатты боранда «Қара- құдықтағы жылқыға барамыз» деді. «Мен әзірмін» дедім.

- Адаспаймыз ба?

- Жоқ.

- Онда кеттік, - деді.
Қырық шақырым жерге барғанша жолсыз келе жатқан К-700 тракторы кабинасында тікесінен шаншылып отырды да қойды. Тіпті дұрыс келеміз бе деп те сұраған жоқ. Батыр қай жерде де, қандай жағдайда да батыр болып қала береді-ау деп ойладым» дейді  Нариман құрдас.

Қазақта «Семіздікті қой көтереді» деген мәтел бар. Атақ пен даңқты мінсіз алып жүретіндер өте сирек. Сол сиректердің басында бірінші тұрған Есен аға» деуден танбайды  Нариман құрдас. Қашан көрсең де сабырлы, байсалды мінезімен, жүріс-тұрысымен, байыпты тұлғасымен өзгермей өткен батыр ағаны «Краснагорда» тікелей жұмыстас болғандардың бәрі де «Есақаң» деп сыйлап өтті. Жұбайы Нағима апай да батыр ана, құдай тауып қосқан жұптар еді дейді замандастары. Батыр қай қалада тұрамын десе де, пәтер әзір еді. Бірақ ағамыз маңдай тері сіңген, он баласы дүниеге келген, азамат болған жерден көшкен жоқ. Оған өз ауылының топырағы бұйырды.

Сөз соңында айтарым, Қызылоба округін Есен батыр ауылы десе аруағы риза болар еді деп ойлаймын. Батырды көре қалғандар Есен ағаның жұмыс кезіндегі ерекше ұстанымдары, үй-іші, көрші-көлемдерімен қарым-қатынасын, балалары мен немерелеріне берген тәлім-тәрбиесін, өзіне тән ерекше әдеттерін 100 жылдығына орай газеттерге беріп отырса деймін. Ұл-қыздары мен немере-жиендерінің қолдарында батыр ағамыздың сирек фотосуреттері болуы мүмкін. Оларды да газеттерде жарияласа, нұр үстіне нұр болмай ма?..

Айтуған Ғайнеденұлы,

Қисық-Қамыс ауылы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале