2023 жылдың 27 желтоқсанында Батыс Қазақстан аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. 2024 жылдың 3 қаңтарында аумақтық сайлау комиссиясының бірінші отырысы өтті. Осы отырыста комиссия төрағасы болып Әділ Жоламанов сайланды. Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында комиссия төрағасымен жыл қорытындысы, заңнамалық өзгерістер, сайлаушылар белсенділігі туралы сұхбаттастық.
– Әділ Тауфиқұлы, сіздің облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып сайланғаныңызға бір жылдан асты. Осы аралықта не өзгерді, нені аңғардыңыз?
– 2023 жылы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысымен облыстық, аудандық, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы 45,1 пайызға жаңарды. Комиссия мүшелерін сайлауға әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары дауыс берді.
Облыстық сайлау комиссиясына жеті үміткер сайланды. Оның құрамында Арман Қуанғалиұлы, Асыланбек Зиннатұлы, Фархат Лаврұлы секілді бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан комиссия мүшелері бар. Оның қатарында Асыланбек Зиннатұлы күні кеше ғана, 2023 жылы комиссия құрамына қабылданып, қайтадан сайланғаны мәлім.
Жаңа сайлау комиссиясының бірінші отырысында комиссия мүшелері төраға мен хатшыны бекітті. Содан бастап төраға ретінде қызметіме кірістім. Алғашқы кезде оңай көрінгенімен, комиссия жұмысы үздіксіз үдеріс екенін ұқтым. Сайлау болған жерде саясаттың нышандары мен демократияның алғашқы баспалдағы ұйысады екен.
Сайлау жүйесін жаңғыртуға қатысты жүргізілген референдум нәтижесінде комиссия жұмысы ширады ғой. Мәселен, бұрын комиссия құрамы сайлау өтетін кезде ғана жиналатын. 2023 жылдан бастап облыстық сайлау комиссиясының құрамында жеті адам тұрақты түрде қызмет атқаратын болды. Ал аудандарда үштік – аумақтық комиссия төрағасы және оның орынбасары, хатшысы кәсіби негізде жұмыс істейді. Өз басым, мұны дұрыс шешім деп қабылдаймын.
Сөзімді жүйелей кетсем, жыл бойы ауыл әкімдерін сайлау процесі үздіксіз жүргізіліп отырды. Былтыр 25 ауыл әкімінің өкілеттілігі аяқталады деп жоспарлап едік, бірақ оған қоса 17 ауыл әкімі басқа жұмысқа ауысты немесе өз еркімен қызметінен босатылды. Заңнамаға сәйкес сайлау күні тағайындалады. Саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынатын кандидаттар сынға түседі. 2024 жылы тұрғындар бас-аяғы 42 ауыл немесе кент әкімін сайлап алды.
Бұдан бөлек әртүрлі деңгейдегі мәслихат құрамынан шығып қалған депутаттардың орнына қайтадан кандидаттар іріктелді. Желтоқсанның 8-і күні облыс бойынша сегіз округте сайлаушылар депутаттарды таңдауға дауыс берді.
Былтырғы ең үлкен науқан – атом электр стансасын салуға байланысты өткен жалпыұлттық референдум. Оны да өңірде ел қатарлы өткізуге үлес қостық.
– Былтыр есіңізде қалған сайлау науқандары жөніне әңгімелесеңіз?
– Аудандардағы ауылдық округтерде сайлау жұмысы тиісінше ұйымдастырылды. Менің есімде қалғаны – Орал қаласындағы Деркөл мен Зашаған кенттерінің әкімдерін сайлаған кездегі оқиғалар. Біздің жүргізіп отырған жұмысымызға қарамастан, сайлаушылардың 11-16 пайызы ғана учаскелерге келді. Қалалық мәслихаттан шығып қалған депутаттарды сайлаған кезде де дауыс берген тұрғындардың да саны аз.
Осы жағдайды сараптай отырып, мынадай қорытынды жасадық. Тұрмыстық әл-ауқаты жақсы, халық көп шоғырланған жерде тұратын сайлаушылар дауыс беру учаскелеріне келе бермейді. Әрине, одан басқа да себептер бар екені анық. Заңда белгіленген талаптарға сай тұрғындар мен азаматтық қоғам өкілдерін мейлінше сайлауға қатысуға үндейміз. Комиссия мүшелері әрбір сайлаушының үйіне шақыру билеттерін жеткізеді. Телеарналар мен радиолардан хабарлаймыз, әлеуметтік желілерден үндеу жібереміз. Соған қарамастан, нәтиже төмен.
Сайлаушылардың белсенділігін арттыру бағытында жұмыс істей береміз. Қызу өткен сайлау науқандары да бар. Мысалы, Жаңақала ауданының Қызылоба ауылында екі үміткер арасындағы өзара бәсеке ерекше өтті. Әкім болып сайланған кандидат алты-ақ дауыспен басым түсті. Осыған ұқсас саяси дода Казталов ауданының Тереңкөл, Бәйтерек ауданының Макаров ауылдық округінде де болды.
– Өзіңіз айтқандай, алыс-жақын аудандардағы халық сайлау науқанын өткізгенде өте ұйымшыл деп есептейік. Қала мен оның төңірегіндегі округтерде белсенділік төмен екені белгілі болып отыр. Бір жағынан, сайлаушылардың өзі шешім қабылдайтыны рас. Бір жағынан, тұрғындардың билікке деген көзқарасы, сайлау ашықтығына қатысты сенімі маңызды рөл атқарады емес пе?
– Осы факторлар да әсер ететінін жоққа шығармаймын. Көп жағдайда үміткерлер өз округі бойынша үгіт-насихат жұмысын жүргізе бермейді. Соның салдарынан сайлау нәтижесіне халық сене бермейді. «Әкімдіктің ұсынып отырған адамы» деген сыңаржақ көзқарас қалыптасады. Заң жүзінде үміткерлер саяси партиялар атынан сайлауға түседі немесе белсенді азаматтардың өздері кандидатурасын ұсынады. «Көш жүре түзеледі» деген, біртіндеп нақты нәтижеге жақындап келе жатырмыз. Облыстық, аумақтық, учаскелік сайлау комиссиялары әр науқанды ұйымдастыруға барлық жағдайды жасап жатыр. Біздің мақсатымыз – ашық әрі әділ сайлау өткізу, ал үміткерлер үгіт-насихат жұмысын өздері жүргізеді.
– Батыс Қазақстан облысында пилоттық жоба ауқымында үш ауданның әкімдері сайланды. Мемлекеттік қызмет саласында қала мен аудан әкімдерінің өкілеттілігі зор. Саяси лауазым болып есептелінеді. Соған байланысты шығар, тұрғындар да сайлауға белсене қатысты. Содан бері бір жылдан астам уақыт өте шықты. Биыл қала немесе аудан әкімдерін сайлау жоспарда бар ма?
– 2023 жылы 5 қарашада республика бойынша 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдер сайланды. Оның нәтижесін ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкімет сараптап көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданып, 2025 жылдан бастап қала мен аудан әкімдерін халық тікелей сайлайды. Осыған байланысты облыс бойынша қала мен аудан әкімдерінің қашан тағайындалғаны жөнінде мәліметті жинақтадым. Биыл әкімдердің кейбірі белгілі бір себеппен қызметінен босатылмаса немесе басқа лауазымға тағайындалмаса, сайлау өткізу жоспарда жоқ. Олардың көбі 2023 жылы тағайындалды. Былтыр қазан айынан бастап Орал қаласы әкімінің қызметін атқаруға Мұрат Бәйменов кірісті.
Ауыл әкіміне қарағанда, қала мен аудан әкімдерінің құзыреті кең, бюджеті қомақты, сондықтан оларды сайлауға қай округте де тұрғындар белсенді қатысады деген ойдамын. Әсіресе, облыс орталығы мен оған жақын орналасқан үлкен аудандар да қызығушылық басым болатын шығар.
– Әділ Тауфиқұлы, мемлекеттік қызметте біраз белестен өткеніңізді білеміз. Бірқатар ауданды басқардыңыз. Сайлау процестері аудан әкімдерінің назарынан тыс қалған емес. Әкім аппаратының жергілікті деңгейдегі комиссия жұмысын, кандидаттарды іріктеу тәртібін қадағалайтыны мәлім. Енді облыстық сайлау комиссиясы басшысы ретінде сайлауды ұйымдастыру барысында екі жағдайда лауазымдық міндет бойынша өзара айырмашылықты байқадыңыз ба?
– Бұрын ауыл әкімдері тікелей сайланған жоқ. Мәслихат депутаттары дауыс берді. Ақжайық ауданының әкімі болған кезімде мәслихат таңдауына ықпал еттім деп айта алмаймын. «Осы кандидаттың сайланғаны жөн-ау» деп ойлаған үміткерге депутаттардың дауыс бермей қалған кездері болды. Барлық ауданда ауыл әкімдерін осылай таңдады. Сайлау комиссиясының төрағасы ретінде айтарым, жергілікті атқарушы құрылымдар біздің жұмысымызға араласып жатқан жоқ. Оларға ондай құзырет те берілмеген. Біліктілік талаптарына сай кандидаттарды іріктейміз. Кандидаттардың соттылығы, декларация тапсырғаны туралы мекемелерден анықтама сұратамыз. «Жаңа Қазақстанда» сайлаудың әділ өтуіне мүдделіміз.
– Сайлау өткен кезде кейбір байқаушы заңбұзушылық тіркелді деп жатады. Комиссия мүшелерінің біліктілігіне күмән келтіретін қоғам белсенділері бар.
– Облыс бойынша сайлау комиссиялары мүшелерінің саны 4 мыңнан асады. Әрбір округ бойынша комиссия мүшелерін мәслихат депутаттары сайлайды. Сайлау өткізер алдында комиссия мүшелері сайлау заңнамасы туралы семинарларға қатысады. Бірақ бес саусақ бірдей емес, байқаушылардың сұрақтарына жауап бере алмай, абыржып, тіпті білгенін ұмытып қалатындар бар. Дауысты санағанда да қателік жіберуі мүмкін. Бірақ қасақана жәшікке бюллетеньдерді топтап салу деген заңсыздыққа жол берілген жоқ. Былтыр сайлау
науқандары өткен кезде арыз-шағым жазғандар болды.Оларға тиісінше жауап берілді. Алайда өрескел заңбұзушылық тіркелмеді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылы сайлау үдерісін қадағалайтын 20 қоғамдық бірлестікті ак-кредиттеді. Олар түрлі деңгейдегі сайлау науқанына байқаушыларын жіберді. Аккредиттеу мерзімі – бір жыл. Аккредиттеу мерзімі аяқталған соң қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар қайта тіркеуден өтеді. Сайлаудың заңға сай өтуі байқаушылардың белсенділігіне байланысты. Кейбір азаматтар дауыс беру учаскесінде отырмайды. Сайлау қорытындысын күтпей кетіп қалып жатады. Кейбір белсенділер сайлау аяқталғанша тапжылмай отырады.
Қоғамдық бірлестіктер арасында «Жария», «Мұқалмас», «Абырой» ұйымдарын белсенді деп санаймын. Учаскелік сайлау комиссия мүшелері қай бірлестік болмасын сайлау заңнамасының талаптарының орындалуын қадағалауға келген байқаушылармен әріптес ретінде етене жұмыс істеуге тиіс. Ең бастысы, байқаушылар сайлау мәдениетіне мән берсе дейміз. Осы бағытта бірқатар іс-шараны ұйымдастыру жоспарда бар.
– «Қайдан келесің, сайлаудан келемін...» дегендей, әр сайлау жергілікті деңгейде үлкен бір науқан ғой. Облыс жұртшылығының сайлауға деген қызығушылығын арттыру үшін қандай бастамаларды қолға алдыңыздар?
– Облыста сайлауға түскен кандидаттар дебатқа шығады. Үміткерлер пікірталасы тікелей эфирден көрсетіледі. Сайлау заңнамасында белгіленгенімен, көптеген облыста әлі күнге дебат ұйымдастырылған жоқ. БҚО-дағы сайлау комиссиялары сәтімен қолданғалы бері осы үрдістен айнымай келеді. Кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырады, тұтқиылдан қойылған сұраққа жауап береді. Сол кезде үміткерлердің парасат-пайымы, біліктілік деңгейі анық байқалады. Тікелей көрсетілім арқылы пікірталас өткізу сайлау ашықтығын қамтамасыз ететін тиімді тетіктің бірі деп есептеймін. Дебатты тамашалауға тұрғындардың ынта-ықыласы артып келеді. Сайлауалды пікірсайыстар аумақтық комиссияның Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілуі де кандидаттардың үгіт жұмыстарына ерекше реңк берді деуге болады. Сондай-ақ облыстық аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желіде белсенділігі артты. Бүгінде комиссияның ресми аккаунттарына жазылушылардың қатары артып келеді. Өзекті тақырыптарға оқырмандар өз көзқарастарын білдіріп жатады. Комиссия қоғамдық пікірлерге мониторинг жасау арқылы тұрғындардың талап-тілектерін зерделеп отыр.
– Жастардың сайлауға ынта-ықыласы қандай деңгейде?
– Былтыр дүниежүзілік сайлау күнінде форум ұйымдастырдық. Сол кезде форумда айтылған көптеген ұсыныс-пікірді ой елегінен өткіздім. Кейбір аудандарда жергілікті жас сайлаушылар клубы құрылған екен. Сөз жүзінде ғана жұмыс істей ме деп күдіктенген едім. Кей ауданда шын мәнінде солай екеніне көз жеткіздім. Ал Сырым, Тасқала аудандарында клуб мүшелері тұрақты түрде іс-шаралар өткізіп, пікір алмасады екен. ҚР Орталық сайлау комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен келгенде, Тасқаладағы сайлаушылармен кездесу ұйымдастырдық. Сонда клуб мүшелері саяси маңызы бар сұрақтар қойып, кездесуді жандандырып жіберді.
Осы ретте бір оқиғаны айта кетейін. Сырым ауданының Жетікөл ауылында өткен сайлау кезінде тұрғындар бірауыздан өздері таңдаған кандидатқа дауыс берді. Сайлаушылардың белсенді болуына жастардың өздері ерекше ықпал еткені туралы әңгімені естідім. Бірақ үш үміткердің арасында басым дауыс жинаған кандидат әкім болып жұмыс істеуден бас тартты. Бұл фактіден халықтың сайлауға деген белсенділігі жылдан-жылға артып келе жатқанын, дауыс беру құқығын еркін қолдана алатынын аңғаруға болады.
Осы тұста өз ойымды айта кетейін, өзім де әкім болдым, тәжірибе жүзінде білемін, бір ауылды басқару оңай емес. Үкімет жұмысын сынайтын, өзін тәуелсізбін деп санайтын кандидаттар ауыл әкімі болып сайланып жатады. Көп ұзамай өз еркімен жұмыстан босату жөнінде өтініш жазып, қызметінен кетіп қалып жатқандар көп. Тұрғындардың талап-тілегін, мұң-мұқжатын тыңдап, барлығын орындай беру мүмкін емес. Сондықтан кандидаттар да халық аманатын арқалауға тастүйін дайын болуға тиіс.
Тағы қайталап айтайын, азаматтық институт сергек болуы керек. Сырттай сынап-мінеп отыратын кезең
артта қалды. Сайлауды жандандыруға бір кісідей үлес қосуы керек. Жұмыс барысында кемшіліктер, қиындықтар болады, соған қарамастан сайлауды әділ, жинақы, талапқа сай өткізуге еңбектеніп жатырмыз. Үміткерлерді де, байқаушыларды да, дауыс берушілерді де сайлау мәдениетіне көңіл бөлуге шақырамыз.
2024 жылдың дерегі:
Облыста 681 сайлау комиссиясы жұмыс істейді, оның 14-і – аумақтық, 171-і – округтік және 496-сы – учаскелік сайлау комиссиялары. Аталған комиссиялардың құрамына 4075 адам енген. Жаңадан құрылған кезде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы бұрынғы құраммен салыстырғанда 45,1 пайызға жаңарды. Алты аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы ауысты. Өңірде 440 мыңнан астам адамның дауыс беру құқығы бар. Сайлаушылар тізімі жылына екі рет нақтыланады.
2024 жылы 42 ауылдық округ және кент әкімдерінің, жалпыұлттық референдум мен мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды қайта сайлау өтті. Былтыр облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау үдерісін байқайтын 20 қоғамдық бірлестікті тіркеді.
Нұртай Текебай,
«Орал өңірі»