4.04.2022, 14:30
Оқылды: 111

Батыс Қазақстанда төтенше жағдай зардаптарын жоюға 1,4 млрд теңге қарастырылған

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай зардаптарын жоюға резервте 1,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен аппараттық кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220404133455707e

БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың мәлім еткеніндей, Орал қаласы мен аудандар бюджеттерінде осы мақсатқа тиісті қаржы бөлінген, шығындарды жаба алады.

«Төтенше жағдай жарияланған аудандарда тиісті комиссиялар құрылып, жұмыс жасап жатыр. Үйі суға кеткен, малы шығынға ұшыраған тұрғындар ҚР Үкіметінің арнайы қаулысына сәйкес 30 күн ішінде өтінім жасай алады. Ол үшін тиісті құжаттары болуы керек. Ал төлем тәртібіне сәйкес келмейтін шығындарды жеке қорлар арқылы өтеуге болады», деді Т.Каюпов.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай қолдау көрсету үшін «Ақжайық» жеке қорынан арнайы есепшот ашылғанын жеткізді.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін облыс бойынша 140 үй және 2 әлеуметтік нысан суға кетті. 168 мал қырылды.

2204041330598741g

Суға кеткен үйлерден 751 адам эвакуацияланса, соның 215-і – балалар.

Қазіргі кезде алты ауданда су тасқынымен күреске 770 адам (99 техника, 7 жүзу құралы, 26 мотопомпа, 1 МИ-8 тікұшағы) жұмылдырылған. Маңғыстау мен Атырау облыстарынан құтқарушылар келіп, олар да су басу қаупі сейілмеген аумақтарда жұмыс жасауда.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің атап өткеніндей, 1-саяжай және 2-саяжай қауымдастығы, телеорталық ауданында орналасқан саяжайларды су басу қаупі бар.

«Мұнда 6 мыңдай адам тұрады. 1300 үй бар. ТЖ мен қала әкімдігі қызметкерлері осы саяжай үйлерінде тұратын тұрғындарға жадынама таратып, ескертті», деді қала басшысы.

2204041331019342g

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жасалғанын, дегенмен Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

«Кейбір ауылдар бұрын-соңды болып көрмеген табиғи апатқа ұшырады. Тұрғындарға мемлекет тарапынан және демеушілер есебінен көмектер көрсетіледі. Бүлінген нысандар қалпына келтіріледі. Мысалы, Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылына кіреберіс көпірді қайта салу жөнінде «ҚазАвтоЖол» компаниясына тапсырма берілді», деді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 2 жүкті әйел су басқан аумақтан тікұшақпен Оралға жеткізілгенін, республикалық маңызы бар тағы бір трассаны су басқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін волонтерлік штаб құрылды.

2204041330576740g

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале