30.07.2020, 12:44
Оқылды: 178

Батысқазақстандық ақын Нұрлан Сәдір Қ.Тайшықов атындағы онлайн байқаудың жүлдегері атанды

Батысқазақстандық ақын Нұрлан Сәдір Павлодар облысында көрнекті жазушы, сатирик Қадыр Тайшықовтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған сатиралық шығармалардың республикалық онлайн байқауының жүлдегері атанды. 

40F37A6C-023A-4D1E-8133-A1087EFCD93C

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың «Рақымжан Жаманқұлов» атындағы ІІІ жүлдесі жерлесіміз Н.Сәдірге бұйырды.
Нұрлан бұл байқауға «Жұбайларыңызды жұмсай бермеңіз», «Садақа», «Томар», «Жеу», «Жақсартушы» т.б. шығармаларын ұсынған.
Бұл республика көлемінде сатира жанрында қалам тербейтін ақын, жазушыларға арналған бірінші ауқымды байқау. Тағы бір ерекшелігі, есімі жиі аталмаса да, бір бойына жазушылық, аудармашылық, журналистік, сазгерлік өнерді дарытқан Қадыр Тайшықовтың атындағы әдеби байқау алғаш рет ұйымдастырылған.
Онымен қоса, карантин уақытына байланысты еліміздің әр өңіріндегі үздік сатириктердің басын қосқан дода толығымен онлайн режимінде өтті.
Әдеби байқау Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, республикалық «Мәдениет порталы», «Ақбеттау» журналы мен Павлодар облыстық «Шаңырақ» мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткендігін атап өткен абзал.
Әдеби байқауға еліміздің барлық дерлік облыстарынан, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан 60-қа жуық қаламгер қатысыпты.
Айта кету керек, әдеби байқауға қатысуға ниет білдірген қаламгерлер өз туындыларын «Мәдениет порталына» жолдап отырды. Байқауға түскен жұмыстар тиісті модерациядан өтіп, аталған порталда жарияланды.
Байқауға сатира жанрында жазылған шағын әңгімелер, скечтер, өлеңдер қабылданды.
Қазылар алқасының құрамында Сайлау Байбосын, Бауыржан Қарағызұлынан бөлек, танымал ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Тоқтарәлі Таңжарық, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Ғалымбек Жұматов, әдебиеттанушы, жазушы Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлы, белгілі ақын, өлкетанушы Бейбіт Бөжен болды.

Ертай Бимұханов,

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале