13.04.2021, 14:47
Оқылды: 648

Батысқазақстандық ғалымдар өңір басшысы атынан марапатталды

Сәуірдің 13-інде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жергілікті үздік ғалымдар тобын өңір басшысы Ғ.Есқалиевтің атынан алғыс хатпен марапаттады.

 ғ1

ҚР ғылым саласының қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған шараға М.Өтемісов атындағы БҚУ-нің доценті, филолог Зейнолла Мүти, осы университеттің доценті, тарихшы Ағила Нұрғалиева, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-дің доценті, экономист Айжан Ибыжанова, осы университеттің аға оқытушысы, PhD докторы Дәурен Кушалиев, ҚИТЖУ-нің академиялық сұрақтар департаментінің жетекшісі Анархан Құттығалиева, осы университеттің оқытушысы Болат Үмбетов, БҚИТУ-нің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Вера Бурахта, осы университеттің доценті Абзал Бинизов бастаған бастаған ұзын-ырғасы 15 ғалым шақырылды.

ғ2

Жиналғандарды күллі мұсылманға қасиетті мереке – Рамазан айының келуімен құттықтаған Бақытжан Хаберұлы одан әрі ғылым-білімнің адамзат баласына әкелетін пайдасына кеңінен тоқталды.

- Осыдан тура он жыл бұрын Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 12 сәуірді ҚР ғылым саласының қызметкерлері күні деп белгілеген болатын. Бұл бір жағынан заңғар ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орайластырылды. Біз білім күнін білеміз де ғылым күнін біле бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз бүгін облысымыздағы маңдайалды оқу орындарының ғалымдарын осы залға жинадық.

ғ4

Ғылым – кез келген қоғамның қозғаушы күші, онсыз келешегімізді көзге елестету мүмкін емес. Еліміз етек-жеңін жинап, тәуелсіздігіміз тұғырына орнағалы бері халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға ұдайы ұмтылудамыз. Ғылымды дамытпай, оған жете алмаймыз. Жалпы, Қазақстанда ғылым кешелі-бүгін пайда болған жоқ, тарихы тереңде. Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында да бұл егжей-тегжейлі айтылады. Қазақ даласындағы сәулет өнерінің зәулім ескерткіштері, қала мәдениеті, өнертапқыштар сөзімізге дәлел.

ғ3

Оның сыртында қазақ даласынан адамзат өкілі алғаш рет ғарышқа ұшты. Бұл да ғылымның бір жетістігі. Қоғам дамуының барлық саласына қосқан отандық ғалымдардың үлесін біз де көргіміз келеді. Өйткені, еліміздің Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында: «Тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сүйенуіміз қажет» деп ғылым саласына қатысты негізгі мақсатты айқындап берді. Салада жақсы жаңалықтар бар, қаржыландыру тетіктері дұрыс жұмыс істеп, әлеуетіміз жоғарылуда. Кәсіби мерекелеріңіз барша ғалымдар қауымына құтты болсын! - деді Б.Нарымбетов.

Басқосу кезінде ғалымдар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

 

Тоқтар Кенжеғалиев,

zhaikpress

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале