17.09.2023, 15:07
Оқылды: 75

Батысқазақстандық команда самбодан "Ұлттық ұлан чемпионы" атанды

Ағымдағы жылдың 13-16 қыркүйегі аралығында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей қаласында орналасқан 5511 әскери бөлімінің базасында, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлік және спорттық самбодан үш күндік чемпионаты өтті. 

IMG-20230917-WA0018

Чемпионат 2016 жылы 5 маусымда лаңкестік шабуыл кезінде әскери борышын адал атқарып, ерлікпен қаза тапқан әскери қызметкерлерді еске алу рухына арналған. Еске салайық, 2016 жылдың 5 маусымында бір топ қарулы лаңкестер Ақтөбе қаласындағы қару-жарақ дүкенге және 6655 әскери бөлімінің әскери қалашығына шабуыл жасаған болатын. Өкінішке орай, 6655 әскери бөліміне жасалған шабуылды тойтару кезінде үш әскери қызметкер: майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Сапар Досбол ерлікпен қаза тапты. Осыған орай Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған самбодан Ұлттық ұлан біріншілігі өтті. Сайысқа «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірліқ қолбасшылықтары, Астана қаласындағы 5573, Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімдері мен Ұлттық ұлан академиясының жеті команда қатысты.

Ұландықтардың арасындағы мықтыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа жалпы саны 70-ке жуық спортшы қатысып, салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыларды анықтады. Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші командалық орынды, Жоғарғы Бас қолбасшының кубогын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды Астаналық 5573 әскери бөлімінің командасы иеленсе, құрметті үшінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы қанағат тұтты.

IMG-20230917-WA0017

Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Абжанов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың атынан кубоктарды, медальдар мен грамоталарды және жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды табыстады.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Ұлттық ұлан чемпионатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының спортшылары 2018 жылдан бері командалық есепте чемпион атанып келеді. Бұлда болса «Батыс» өңірлік қолбасшылығының спорт және дене даярлығы қызметінің бастығы,  подполковник Бахтияр Қалдыбеков пен спортшылардың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

Ертуған Әубакир,

Капитан

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале