20.06.2022, 11:45
Оқылды: 105

Бейбіт күннің батырлары

Елімізде  маусымның  әр  үшінші  жексенбісінде  медицина  қызметкерлерінің  кәсіби  мерекесі  тойланады.  Осы  атаулы  күні  адам  жанының  арашашысы,  ақ  халатты  абзал  жандарға  арнайы  құрмет  көрсетіліп,  еңбектері  ерекше  еленеді.  Сәрсенбі  күні  Ғ.  Құрманғалиев  атындағы  облыстық  филармонияда  өңіріміздегі  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау  департаменті    мамандарының  қатысуымен  салтанатты  іс-шара  өтті.

марапат

-Қайырлы күн, медицина саласының қызметкерлері!  Соңғы екі жылда әлем халқы коронавируспен  күресті. Бұрын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласы  қызметкерлерінің еңбегі ескеріле бермейтін. Тұрғындар қауіпті індетпен күрескелі, санэпид мамандарының қажеттігі ерекше байқалды.  Өңірімізде эпидемиологиялық ахуал күрделенген кезде сіздер өз өмірлеріңізді қауіп-қатерге тігіп, індеттің таралуына тосқауыл қоюға атсалыстыңыздар. Өкінішке орай, облыста 50 мыңға жуық тұрғын коронавирус жұқтырса, 900-ге жуық адам қайтыс болды. Қысылтаяң кезеңде алдыңғы шепте қызмет еткен барша ақ халатты жандарға алғыс айтамын. Расында, адамзаттың амандығына, жұмыр жердің тұтастығына орасан қауіп төндіріп тұрған індетті ғалымдардың, дəрігерлердің күшімен ғана жеңе алдық. Медицина саласының мамандары қандай мəртебеге, марапатқа болсын əбден лайық. Соған сəйкес құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, –  деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Салтанатты жиында бір топ санэпид қызметкері алғысхаттарға ие болды. Айта кетсек, облыс әкімінің алғысхатымен БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының директоры Жанар Нұрманова мен облыстық дезинфекция орталығының директоры Светлана Уәлиева марапатталды. Сондай-ақ  олардың қатарында Шыңғырлау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Мәди Жұмашев, Бәйтерек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жансұлу Қалиева және Казталов аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Шынар Мақсотова бар.

Гүлсезім  Бияшева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале