13.03.2020, 16:08
Оқылды: 1042

Белгісіз біреулер БҚО білім басқармасы басшыларының ұялы телефон нөмірлеріне ақша салған  

 

Өткен аптада белгісіз біреулер облыстық білім басқармасы басшысының ұялы нөміріне 2 мың, оның орынбасарының  ұялы нөміріне 5 мың теңге көлемінде қаражат салған. Қызметшілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған қаражатты мемлекетке қайтарыпты. Ақшаның кім салғаны белгісіз болуына байланысты әкімшілік, қылмыстық іс қозғалмады. Сондай-ақ өткен аптада өңіріміздің екі ауданында жер комиссияларында мүдделер қақтығысын туғызатын деректер тіркеліпті. Бұл туралы «Antikor ortalygy» сервистік орталығында өткен брифингте ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет мәлімдеді.

WhatsApp Image 2020-03-13 at 15.58.49

Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аудандардағы жер комиссиялары мүдделер қақтығысын туғызып отырғандығы туралы жазбасын жариялаған. Онда Шыңғырлау аудандық жер комиссиясының мүшесі К.Кусмагамбетов өзі конкурсқа өтініш беріп, Ақшат ауылдық округінен жерді қолдану бойынша жеңімпаз атанған.

Агенттік аталған дерек бойынша тексеру жүргізу туралы бастама білдірген. Қолда бар дерекке сүйенсек, аталған азамат өзі ұсынған өтінімді қарау кезінде дауыс бермеген. Бұл жерде мүдделер қақтығысы орын алды деуге негіз жоқ екенін мәлімдеді Н.Сәмет. Десе де қазіргі таңда тексеріс нәтижелері күтілуде екен. Екінші жағдай Бәйтерек ауданында орын алыпты. Аталған аудандағы жер комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары М.Залмукановтың туысы Янайкин ауылынан жерді қолдану бойынша жеңімпаз атанған. Бұл «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 15-бабына сәйкес мүдделер қақтығысының орын алуына себеп болады.

Бүгінде агенттік бастамасымен Бәйтерек аудандық жер комиссиясының шешімі күшін жойған.

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Бәйтерек аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің мүшесі Л.Шмаринаның жер комиссиясының мүшесі ретінде осы мәселенің алдын алмауы да алаңдаушылық туғызып отырған көрінеді.

– «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 15-бабына сәйкес Бәйтерек ауданында орын алған жағдайға байланысты жер комиссиясының төрағасы М.Залмуканов мүдделер қақтығысы бар екенін алдын ала білген деп ойлаймыз. Сол себепті аталған мәселенің туындағанын ол аудан әкіміне хабарлауы керек. Осы хабарлама негізінде аудан басшысы жер комиссиясының құрамын өзгерту сияқты шараларды қолға алып, мүдделер қақтығысын болдырмас еді. Біз тиісті хат жолдап, тексеру туралы бастама білдірдік. Аталған мәселе қазіргі таңда анықталуда, – деді Н.Сәмет.

Брифинг соңында облыстық жер қатынастар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұматай Ашықбаев саладағы цифрландыру мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Түгелбай Бисен

  zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале