6.05.2022, 19:54
Оқылды: 264

Белсенділерге ел сенеді

Мамырдың 6-сы күні Орал қаласындағы Сити орталығында конституциялық реформаларды түсіндіру жөніндегі ұйымдастыру жұмысына қатысу мәселелері бойынша облыстық штабтың брифингі өтті.

WhatsApp Image 2022-05-06 at 19.01.14

Референдумды қоғамдық қолдау туралы сөз қозғалған брифингке ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдумды қолдау жөніндегі облыстық штаб төрағасы Табылғали Сапаров және штаб мүшелері Дариға Мұштанова мен Сергей Быков қатысты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі мәселелерді талқылауымыз керек. Бұл туралы алдағы уақытта айтатын боламыз. Референдумды өткізу сайлау комиссияларына жүктелуде. Үкіметке және өңірлердегі атқарушы құрылым өкілдеріне іс-шараны уақтылы ұйымдастыру тапсырылды. Облысымызда штаб құрылды. Штабтың алпыстан астам мүшесі бар. Штабты құрудағы мақсат – белсенді азаматтардың басын қосу, игі шараны өткізуге атсалысу. Оның құрамына облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ғалымдары енгізілді. Аудандарда да штаб құрылуда. Олар дербес өздерінің жұмыстарын жүргізеді. Қарым-қатынас орнатып, үнемі байланыс жасайтын боламыз. Бұл – өте маңызды саяси науқан, – деді Табылғали Сатқалиұлы.

Сонымен қатар, облыстық штаб басшысы конституциялық түзетулердің мағынасы мен ережелерін түсіндіру, олардың Қазақстанның одан әрі дамуына қандай ықпал етуге қабілетті екенін жеткізу үшін өңірлердегі халықтың түрлі топтарымен белсенді жұмыс жүргізілетіндігін жеткізді.

– Ежелден еркіндік аңсаған елдің ұрпағымыз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халықтың баласымыз. Қоғамда қордаланған мәселе көп. Референдумның қадірін түсінуіміз керек. Штаб мүшелерінен басқа да азаматтардың еліне жаны ашитынын көрсете білуі шарт. Өзгерістерді талдауға міндеттіміз. Қазір – бірігетін уақыт. Сойып айтатындар да, ойып айтатындар да бар. Шөп пен шөңгені ажыратуды меңгерген дұрыс. Сайлаудың әділ өткені жөн. Елдің жанайқайына үңілеміз. Конституция – әділдіктің кепілі. Мемлекетте әділдік салтанат құрмайынша, босағасы қисайған қалпында қала береді. Аға буыннан талай мәрте сын естіп, тәрбиесін алдық. Енді соны кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек деп есептеймін, – деді Дариға Ғазезқызы.

Өз кезегінде Сергей Сергеевич те облыс тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, республикалық референдумда дауыс беруге қатысуға шақырды.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале