21.04.2022, 10:30
Оқылды: 270

Белсенділігі төмен депутаттар мандатын қайтарады

Жуырда облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бибігүл Қонысбаева және онлайн байланыс арқылы партияның аудандық филиал төрағалары, жергілікті мәслихаттардағы фракция жетекшілері, мәслихат хатшылары мен филиалдардың атқарушы хатшылары қатысты. Фракция отырысында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов облыстың 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасындағы міндет-меженің орындалуы туралы баяндады. 

WhatsApp Image 2022-04-19 at 12.05.42 (3)

– Партияның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 28 қаңтарда кезектен тыс XXI сиезінде берген тапсырмасы бойынша облыстық, қалалық және аудандық сайлауалды бағдарламалардың жол карталарының орындалуына талдау жасалынды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жол карталары шеңберіндегі бес жылға жоспарланған 5256 іс-шараның 1005-і немесе 19,1%-ы орындалды. 2021 жылға жоспарланған 1151 іс-шараның 87,3%-ы жүзеге асты. Атап айтқанда, жүзеге асырылған іс-шаралар аясында 2195 жаңа жұмыс орны құрылып, жаңа инвестициялық нысандар, соның ішінде КПК-да газды өндіруге шектеулерді алып тастау, газды кері айдайтын 4-компрессорды орнату, жылыжай кешендері, кірпіш зауыты, көкөніс қоймасы, жиһаз фабрикасы, дайын бетон өндірісінің базасы, пластик қалдықтарды қайта өңдеу және тауарларға арналған пластик қаптамаларды өндіру цехы іске қосылды. Сондай-ақ Орал қаласында 300 орындық №33 мектеп пен Бәйтерек ауданының Янайкин ауылындағы 126 орындық Батурин атындағы орта мектептің ғимараттары кеңейтіліп, соның нәтижесінде үш ауысыммен оқитын мектептердің саны қысқарды. Облыста 8 спорт нысаны пайдалануға берілді. Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында, Казталов ауданының Жалпақтал ауылында, Теректі ауданының Подстепный ауылында, Жәнібек пен Шыңғырлау аудандарының орталықтарында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Орал қаласында облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебі, «Омега Спортс», «Кодокан» спорт кешендері ашылды. Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі, Мақсат медициналық колледжі, Индустриалды колледждерінің студенттері үшін 494 орындық 3 жатақхана салынып, қайта жаңғыртылды, – деді Тілепберген  Қаюпов.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нурия Гайтпаеваның айтуынша, облыс дамуының 7 басым бағыты бойынша жол картасының 113 тармағының 84-індегі жобалар (74,3%-ы) орындалды. 19 тармақ (16,8%) бойынша  іс-шаралар жүзеге асуда. 2021 жылғы сайлауалды бағдарламаның бюджеті 807,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің қаражаты – 59,6 млрд теңге, жергілікті бюджет қаражаты – 37,1 млрд теңге, жеке қаражат – 710,6 млрд теңге. Сайлауалды бағдарламаның былтырғы қорытындысы бойынша Орал қаласы мен аудандарда 37 іс-шара орындалмаған. Нурия Гайтпаева оның ішінде 16 іс-шараның кідіру себебі республикалық бюджеттен қаражаттың бөлінбеуіне байланысты деп түсіндірді. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы, депутаттық фракцияның жетекшісі Мұрат Мұқаев Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірдегі жобаларды қаржыландыру мәселесін қарастырып жатқандарын хабарлады.

Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Рахметұлы сайлауалды бағдарламаларды іске асыру кезіндегі негізгі кілтипандарды атап өтті. «Бүгіндері партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестер өзекті мәселелер талқыланатын тиімді алаңға айналды. 2021 жылы қоғамдық кеңестерде 544 отырыс өткізіліп, 796 мәселе қаралды, атқарушы құрылымдарға 820 ұсыным жолданды.  Биылғы наурыз айында өңірлік және аумақтық қоғамдық кеңестердің саны 118-ден 73-ке дейін қысқартылып, құрамдары жаңартылды. Кейбір аудандарда қоғамдық кеңестер тиісті деңгейде жұмыс атқармаған. Мысалы, аумақтық филиал жанындағы аграрлық мәселелері жөніндегі кеңес Жаңақала ауданындағы мал азығының дайындығы туралы мәселені уақтылы талқыламаған. Ал кейбір аумақтық филиалдар БАҚ пен әлеуметтік желілерде  кеңінен талқыға түскен мәселелерді тек облыстық филиал бастамасымен ғана қарауға құлықты. Бөкей ордасы, Шыңғырлау және Теректі аудандарындағы қоғамдық кеңес мүшелері сирек бас қосады, ұйымдастыру жұмысы әлсіз», – деді Мұрат Мұқаев.

Фракция жетекшісі партияның саяси кеңес бюросының шешімі бойынша 2021 жылғы қыркүйек айынан бастап іске қосылған мәслихат депутаттарының рейтингіне шолу жасады. Ақпараттық жүйеге депутаттар жүктеген материалдар автоматты түрде бағаланып, ұпайлар негізінде депутаттар рейтингі қалыптастырылуда. Әсіресе, әлеуметтік желілер бойынша депутаттар белсенділігі ерекше бағаланады. Жол картасы бойынша ақпараттарды дер кезінде жариялау жөнінен кей депутаттар шабан қимылдап жүр. 12 сәуірдегі жалпы рейтингте ең төмен балдық көрсеткіш Бөрлі (4,76 балл), Жәнібек (8,91 балл) және Қаратөбе (10,74 балл) аудандарында тіркелді. Бөкей ордасы, Тасқала аудандары мен Орал қаласының аумақтық фракция жетекшілері мен мәслихат хатшылары үздік үштіктен көрінді. Мұрат Мұқаев енді «Депутаттар рейтингі интернет платформасы» ақпараттық жүйесінің рейтинг көрсеткіші көпке жария көрсетілетінін, сайлауда дауыс берген тұрғындар платформа арқылы депутаттардың атқарған жұмысымен таныса алатынын айтты.

– Сайлауалды міндеттемелерді тиімді іске асыру және халықтың партияға деген сенім деңгейін арттыру – депутаттардың негізгі міндеттері. Ал бұл мәселе аумақтық филиал төрағаларының жұмысына тікелей байланысты. Бұл ретте филиалдардың саяси кеңестерінің отырыстарында рейтингі төмен депутаттардың жұмысы жүйелі түрде талқыға түсіп, олардың мандатын қайтарып алу және ротациялау мәселесі қаралады. Облыстық саяси кеңестің бюросы рейтингі төмен депутаттардың мандаттарын кері қайтару туралы ұсыныс жасайды. Барлық деңгейдегі мәслихаттың депутаттары барынша белсенділік танытып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, партия қолға алған мәселелерді дер кезінде жеткізу үшін заманауи құралдарды сауатты пайдалануы тиіс, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев. Фракция отырысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева хабарлады.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале