Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғым. Әр шаңырақтың өзіне тән тарихы, қалыптасқан дәстүрі, ұрпаққа үлгі болар өнегесі бар. Мейірім мен махаббат, сыйластық пен жауапкерші-лік тоғысқан жерде береке орнығады. Осы тұрғыдан алғанда Қаратөбе ауданындағы Аққозы ауылдық округінде өсіп-өнген шыққан Қайрекеновтер әулетінің өмір жолы көпке үлгі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Қайрекеновтер отбасының бас жүлдеге ие болуы – жылдар бойы қалыптасқан жарасымды тіршіліктің, маңдай термен атқарған еңбектің және қоғамдық белсенділіктің лайықты бағасы.
Әулеттің берік негізі Қуанышқали Қайрекенұлы мен Ақжан Сағиқызының отбасылық өмірінен бастау алады. 1983 жылы шаңырақ көтеріп, бес перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар жеті жиен, сегіз немеренің қызығын көріп отырған өнегелі ата-әже.
Отағасы Қуанышқали – бар ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған еңбек адамы. Мал өсіріп, жылқы баптады. Шөп шауып, трактор жүргізді. Ауылдағы маңдай терді талап ететін сан алуан жұмысты атқарып, адал еңбегімен әулетінің тұрмысын түзеуге үлес қосты. Оның өмір жолы балаларына еңбекқорлықтың, төзім мен табандылықтың үлгісін көрсетті. Ал отбасының ұйытқысы Ақжан – өнер мен қоғамдық іске жақын, мейірімді ана. Еңбек жолын мәдениет саласынан бастап, кейін бар күш-жігерін немере тәрбиесіне бағыттады. Қазір де ел ішіндегі қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес. Әжелердің «Шамшырақ» ансамблін құрып, аналар кеңесіне жетекшілік етіп, көптеген игі бастаманың жүзеге асуына атсалысып жүр.
Бұл әулетте ұлттық тәрбиеге айрықша көңіл бөлінеді. Қуанышқали ата немерелеріне атқа мінудің қыр-сырын үйретіп, жылқы баптауға баулиды. Ақжан әже болса, кейінгі буынға домбыра, гитара, пианино сынды музыкалық аспаптарды меңгертумен қатар, тоқыма тоқу, киіз басу, ұршық иіру секілді дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Осылайша атадан балаға, әжеден немереге жалғасқан ұлттық мұра сабақтастық тауып отыр.
Қайрекеновтер әулетінің әр мүшесі өз саласында ел игілігіне қызмет етіп келеді. Тұңғыш қызы Анар – өмірдің ауыр сынағына мойымай, үш баласын тәрбиелеп отырған қайсар ана. Жұбайынан ерте айырылғанына қарамастан, перзенттерін қатарынан қалдырмай өсірді. Бүгінде Теректі ауданындағы «Сенім» отбасы орталығын басқарып, қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетіп келеді. Одан кейінгісі Темірғали Қуанышқалиұлы Орал қаласындағы №42 мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Зайыбы Жанна екеуі – екі ұл өсіріп отырған өнегелі шаңырақ. Ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне үлес қосуда.
Замир Қайрекешов – «Шапағат» жеке кәсіпкерлігін жүргізіп отырған іскер азамат. Жары Замира екеуі екі қыз тәрбиелеп, бала тәрбиесі мен еңбекке қатар мән беріп келеді. Ал кіші қызы Дидардың да өмірі отбасы құндылығымен сабақтас. Жолдасы Дулатпен бірге төрт ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай отыр. Аяулы ана үй шаруасымен қатар, үй жағдайында маникюр қызметін көрсетіп, ақ-адал еңбегімен табыс тауып жүр.
Қара шаңырақтың егесі Нұрболат та әке жолын жалғап, ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп келеді. Қазіргі таңда «Темірғали» шаруа қожалығының жетекшісі әрі Аққозы ауылындағы өрт сөндіру бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Шаруашылықты дамытуға күш салып, елдің қажетіне жарайтын істердің басы-қасынан табылады. 2015 жылы Аягөзбен отау құрған. Бүгінде үш ұл мен бір қыздың ата-анасы. Жұбайы Аягөз «Аққозы» бөбекжай-балабақша кешенінде әдіскер болып қызмет етеді. Ибалылығымен, ізеттілігімен көпке сыйлы келін ретінде танылып отыр.

Қайрекеновтер әулетінің елжандылығын 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде де анық аңғаруға болады. Аққозы ауылы су астында қалып, тұрғындардың біразы қиын жағдайға тап болғанда, бұл әулеттің де баспаналары зардап шекті. Дегенмен олар өздерінің мәселесін кейінге ысырып, ауылдастарға қолдау көрсетуге ұмтылды. Жұртты ауызбіршілікке үндеп, көмек көрсету жұмысына белсене араласты. Бұл – әулеттің азаматтық ұстанымын айқындайтын бір ғана мысал. Қайрекеновтер қайырымдылық іс-шараларына қатысып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып, елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып келеді.
Олардың өмір салтынан бір қарапайым ақиқат аңғарылады. Адамның ең үлкен байлығы – артында қалдырар жақсы аты мен ұрпағына сіңірген өнегесі. Ата-анадан дарыған тәрбие, ағайын арасындағы татулық, үлкенге деген құрмет пен кішіге көрсетілген ізет – осы әулеттің басты құндылықтары.
Қайрекеновтер отбасының «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлде алуы – еңбектің, ынтымақтың және ұлттық тәрбиеге негізделген берекелі тіршіліктің жемісі. Бұл жеңіс Аққозы ауылының ғана емес, облысымыздың да мерейін үстем етті.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»