11.03.2020, 12:28
Оқылды: 64

Бес адамның көз жасына қалған полицей бес жылға сотталды

  Бүгін Орал қалалық соты өткен жылдың соңында төрт балалы ананың қазасына ұшыратқан жол-көлік оқиғасына айыпты деп танылған Медет Рахадиловке үкім шығарды. Сот отырысында өз кінәсін толығымен мойындаған М.Рахадилов ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Kylmys

Сотта келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жылдың 7-ші желтоқсаны күні түнгі сағат үштер шамасында құқық қорғау саласының қызметкері М.Рахадилов алкогольдік ішімдік ішкен күйі көлік басқарып, соңы адам өліміне әкеп соққан көлік оқиғасына жол берген. Апатты жағдай салдарынан 29 жасар Іңкәр Бектұрғанова ашық бас жарақатын алып, облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған адаматша көп ұзамай ауруханада көз жұмған.

– Айыпталушы көлік қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеті үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол 5 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан шеттетілді. Бұл жаза Қылмыстық кодекстің ескі редакциясымен қабылданды. Себебі аталған жол-көлік оқиғасы өткен жылдың желтоқсан айында орын алған. Қылмыстық кодекстің 6-бабына сәйкес заңның кері күші болмайтындығын ескере отырып, сол кездегі әрекет еткен заң шеңберінде сотталушыға тиісінше жаза қабылданды, – деді үкімді жариялаған аталған сот төрағасы Айжан Мырзалы.

Сондай-ақ сот төрағасы сотталушының полиция басқармасының қызметкері болғандықтан облыстық полиция департаменті басшылығының назарына осы тектес қылмыстардың алдын алу үшін және полиция қызметкерлерінің арасында бұл мәселелерді талқылау үшін Қылмыстық кодекстің 405-бабына сәйкес жекеше қаулы қабылданғанын айтты. Аталған қаулыға сәйкес полиция департаменті бір ай мерзім ішінде сотқа жауап қайтаруға тиісті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Нұрбек Оразаев

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале