17.08.2022, 9:45
Оқылды: 64

Бес алтын бір қола  

Павлодар қаласында шаңғы роллерінен ел чемпионаты өтті. Еліміздің аяғына шаңғы байлап, чемпион болуды ғана мақсат еткен үш жүзге жуық жас спортшы бақ сынаған бәсекеде өңір спортшылары да төбе көрсетті. Негізінен Бәйтерек және Бөрлі аудандарының өрендерінен құралған облыс құрамасы бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді.

IMG-20220816-WA0022

Әсіресе қыздар намысты қолдан бермей, өздері қатысқан барлық жарыста үздік екендерін көрсете алды. Жас болса да осы кезге дейін талай жарыста жүлде салған Мадина Жақсылықова кросс, коньки жүрісі және классикалық әдіспен жүгіру сынында алдына жан салмай, үш дүркін ел чемпионы атанса, оның командалас құрбысы Жанерке Тудахунова классикалық әдіспен коньки жүрісінде өзіне тең келер спортшы жоқ екенін дәделдеді. Ақсай қаласында Ислам Сагиналиевтің қол астында жаттығатын қос шаңғышының алар асуы әлі алда деген сенім бар.

IMG-20220816-WA0031

Сонымен қатар тағы бір ақсайлық жас шаңғышы Алдияр Исаев та өзі қатысқан барлық жарыста үздік он бес спортшының қатарынан көрініп отырды. 2009-2012 жылы туған қыз балалар арасында Лейла Мукатова да намысты қолдан бермеді. Осы жастағы ұлдар арасында Жамил Нұрбатыр мен Арын Тажибаев өздерінің алғашқы ірі жарыстарында көңіл қуантарлық нәтиже көрсетті. Одан бөлек ер балалар арасында жарыс жолына шыққан Еділбек Елубаев еркін әдіспен жүгірген ұлдар бәсекесінің қола жүлдесін иеленді. Жүлде алмаса да болашағы бар екенін көрсете алған Дамир Қабикесов барлық жарыста үздік ондықтан түспеді. Ол да облыс шаңғышылары үшін үлкен жетістік.

IMG-20220816-WA0026

Осылайша бес алтын, бір қола жүлде иеленген өңір спортшылары ресми емес есепте бірінші орынға тұрақтады.

Тек екі аудан спортшыларынан құралған облыс құрамасының осынау үлкен жетістігі – күн-түн демей спортшыларға барын үйретуге дайын жүрген Серік Хайруллин, Ислам Сагиналиев сынды бапкерлердің еңбегінің жемісі.

IMG-20220816-WA0030 (1)

- Бес алтын, бір қола медаль облысымызда шаңғы спортының қарыштап дамып келе жатқанын көрсетеді. Ресми емес есепте көш бастағанымыз да көңілге қуаныш ұялатады. Осы чемпионатта өнер көрсеткен әр шаңғышы барын салды. Жолымыз болмай, жүлдеден айырылған сәттер де болды. Кей жарыста спортшыларға тәжірибе жетпеді. Болашақта олқылықтардың орнын толтырып, алдағы жарыстарда барымызды саламыз,-дейді облыстық шаңғы жарысынан жастар мен жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Серік Хайруллин.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале