8.07.2026, 17:15
Оқылды: 44

Бес мың баланың кіндік шешесі

Облыстың медицина саласында ұзақ жыл қызмет етіп, елдің ықыласына бөленген фельдшер- акушер Сара Ниетқалиеваны облыс әкімі атынан 85 жасқа толуымен құттықтау жиыны өтті.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Жұбанышқызы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің  алғысхатын табыстады.

7c87bdb4-f45f-4186-b5fe-b06c1f1240aa

– 40 жыл бойы медицина саласында абыройлы еңбек етіп, 5000-нан астам нәрестенің кіндігін кескен ардагер дәрігер Сара Хасанқызы ортамызда. Бұл іс-шараны облыс әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз, – деді ол.

Сара Хасанқызы Ниетқалиева 1941 жылы Сырым ауданындағы Көздіқара ауылында туған. 1957 жылы «Қызыл ту» колхозында (Алғабас) орта мектепті бітіреді. 1957-1960 жылдары клуб меңгерушісі болып қызмет еткен. 1960 жылы ол кісіге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына жолдама беріледі. Алайда ол Орал медициналық училищесіне оқуға тапсырады. Еңбек жолын Сырым ауданының Жетікөл ауылында акушер-фельдшерлік пунктте меңгеруші болып бастаған.

6f834ad9-e61c-4d09-be2e-724abec88b4c

– Ол кезде акушер, педиатр, фельдшер деп бөлінбей, сол жердің қожайыны өзіміз болдық. Қазіргідей көл-көсір байланыс жоқ, бір  ғана фермовой машинамен күндіз-түні вызовта жүреміз. Кейде шопандардың әйелде­рін үйде босандырып, көмек көрсетіп, екі-үш күннен кейін аман-есен ауданға жеткіземіз. Алаңсыз жұмысымды алып жүруге енем мен жұбайым қолғабыс етті. Жұмыс кезінде ешқандай өлім-жітім болмай, халық алдында абыройлы жұмыс істеуге талпындық. Жаным қиналғанда «Фельдшер акушерство» кітабымды оқып, мүдделі жұмыстарды атқарып шықтық. Бұдан бөлек қоғамдық істің басы-қасында жүрдім. Әйелдер кеңесінің төрайымы, партия мүшесі, депутат болдым. 46 жасымда жұбайымнан ерте қалдым. Бес баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырып, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған жайым бар. Мені елеп-ескеріп құттықтап жатқандарыңа рақмет. Бәрі көңіл ғой... – деп қажырлы еңбегі мен қиындықтарын айтып, еңбегін бағалап жатқан облыс әкімдігіне алғысын білдірді.

0f1e0773-970d-476d-a857-30519e87a248

Жиында Сара Хасанқызының балалары сөз сөйлеп, аналарын мерейлі жасымен құттықтаған облыс әкімдігіне алғыстарын жеткізді.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале