8.12.2022, 9:15
Оқылды: 205

Беташар бизнеске айналып бара ма?

Қазақ – сауықшыл халық. Құдай көпсінбесін, қазір не көп? Той көп. Аптаның бес күнінде той болады десек, артық айтқандық емес. Ымырт түссе, мейрамханалардың сыртқы жарығы алыс­тан менмұндалап, бал-бұл жайнап тұрады.

9988f2c287ea28e1

Фото дереккөзі: nur.kz

Жақында бір замандасымның үйлену тойында болдық. Асаба Атыраудан келген екен. Беташар айтатын жігіт те сол қаладан, Батыс аймаққа танылып үлгерген өнерлі азаматтардың бірі. Содан, не керек, көптен күткен қуаныш, шаңырақтың шаттығы әдеттегі қалыптасқан «салт» бойынша кешкі 21.00-де басталды. Тәжірибелі асаба тойды жоғары деңгейде бастап, кезекті беташарға берді. Қолына үкілі қара домбырасын алып, ұлттық нақышта киінген келбетті жас жігіт алқалы топтың алдына шыға келгенде, көпшілік құрмет көрсетіп, қол соғып жатты.Біз оны қайта-қайта, үсті-үстіне халықтан қолдау-қошемет сұрап, арқаланып келіп беташар әнін бастағанда айтыскер ақын шығар деп топшыладық. Алайда олай болмай шықты. Ақындардың көңілін тауып, беташардың сөзін жаздырып алған, көп «халтурщиктің» бірі екен. Көлденеңнен келген кіріске  құныққандықтан шаңыраққа, аруақтарға сәлем салдырып, шапанын иыққа жапқан ол еш қысылмастан: «Ағайындар, ендігі сәлемнің бәрі платный» деп тойға келген қауымды бір күлдіріп алды. Сосын дәптер толы тізімді басшылыққа алып, ісіне кірісті. Осыдан кейін атымыз аталғанда ақша салмасақ, ұятқа қаламыз ба деп қос тіземізді қысып отырдық.

Қазақ деген намысшыл халық қой. Оның үстіне бір баласы екеу болып жатқанда ештеңені де аянып қалмасы анық. Әлгі жігіт келіннің ата-енесінің «сай-сүйегін» сырқыратып тұрып мақтағасын атасы он мың, енесі бес мың теңге салды. Оны місе тұтпай, екінші рет мақтау сөзін жаудырып, ұлдың ата-анасынан шелекке бес және екі мың теңгені сұрағандай қылып, салғызды. Бұдан әрі домбырасын сабалап, келінге қайын ағаларын таныстыруға көшті. Қайын ағалары өңірдің белді-беделді, қалталы азаматтары еді. Оларды тіптен асыра мақтады.

«Анау тұрған қайын ағаң,

Қайын аға деген жайлы ағаң.

Қолына құрық асынып,

Мыңғыртып жылқы айдаған.

Іргелі мекемені басқарып,

«Камри», «Лехсус» тізгіндеп,

Елдің де қамын ойлаған.

Артық тұрған басқадан,

Қайын ағаң деген жақсы адам.

Көрімдігіне келіннің,

10 мың теңгені табаққа,

Қысылмай келіп тастаған» деп бір қайырды. Обалы не керек, көк қағазды келінімнен аяймын ба дегендей, қайын ағасы да 10 мың теңгені ойланбай салды. Олқылықтың бәрі осы жерден орын алды. Бейне бір ақындардай азулы Мэлс Қосымбаевтың төкпе мақамына салып:

«Ей, қайын ағаң кең пейілін көлдетеді,

Осындай жан жоқ шығар елде тегі.

Көрімдікке он мың деген аздау болар,

Жиырма мың теңге салсаң нең кетеді?..» деп ыңғайсыз жағдайға тіреді. Жұрт ду күліп жатты...

Қайын атадан кейінгі табыс көзі қайын ағалары болғандықтан, оларға да ақшаны екінші рет салғызуға тырысып-тыраштанып баққаны көңілді көншітпеді. «Пайда емес, арды ойлаған азаматтар қайда?» дедік іштей налып.

Иә, беташар рәсімі де бүгінгі таңда бизнес көзіне айналды. Айтайын деп отырғаным, осы заманғы беташар бүтіндей өзгерген, келіннің сәлемін саудаға салатынды шығардық. Беташар бизнес көзіне, яғни табысқа айналғаны соншалықты оны қалыпты жағдай деп есептейтін болдық. 15-20 минут беташар айтқаны үшін жүз мың, жүз елу мың қаламақы алатындар да бар. Бұл шектен шыққандық емес пе? Адамда ұят, ынсап деген болмай ма? Бұдан бөлек кейбір беташушылар көрімдікке түскен ақшаны түгел алса, біреуі той иесімен келісіп жартысын, біреулері арнайы қойған қаламақысын алады. Табаққа түскен ақшаны түгел алатындар немесе қымбатқа жалданып келетіндер елдің мазасын алып, намысына тиіп, шөпті де, шөңгені де өлең қылады. Сөйтіп, дәстүрді бұзады...

Бұрын беташар рәсімін ақын-жыраулар орындайтын.

«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген лебіз ақын-жырауға берілген үлкен баға еді. Себебі ата-бабасын дәріптеп-мақтағасын, жас келінді айналасындағылармен ең алғаш таныстырушы болған соң, сол үйдің әрдайым құрметті қонағы саналды.

Қазіргі уақытта беташарды аузы дуалы, сөзі уәлі, өмір көрген тәжірибелі ақындар емес, кім көрінген айтып жүр. Сөзінің мәні жоқ, іліп алар түйінді тіркесі жоқ кейбір беташар айтушыларды көргенде қарының қатты ашады. Кейбіреулері домбыраны сабалағаны болмаса, құлақ құрышын қандырып тарта алмайды. Ал домбыраны жақсы меңгергендер дауыс мәнері жағынан ақсап жатады. Ал мұны ескеретіндер аз. Беташарды эстрадамен айтатындарды да аракідік көріп жүрміз. Тіпті эстрадамен айту Атырау жақтарда белең алып тұр екен. Мұнайлы өлкеде «модаға» айналған. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, біздің облыста да мұндай жағдайлар (эстрадамен айту) там-тұм орын алып жатыр. Соңғы кездері өзгенің қаңсығын таңсық ететін, еліктегіштер де еркінсіп барады. Оларға ешқандай тыйым жоқ.Бұл тіпте-е-е-н көңіліңді түсіреді. Мұндайда қасиетті қара домбыраңның қоңыр үнін аңсайсың. Сосын заманауи деп зыр жүгірген, «шоуға» құмар шулы ортадан шаршайсың...

«Бас-басына би болған өңкей қиқым, Осылай кетіреді елдің сиқын» деп Абай атамыз айтпақшы, тойдың белгілі бір тәртіп-жүйесі болмағасын, әркім ойына келгенін істеп бағуда. Дегенмен, той тәрбие мектебі ғой. Беташарға да бейжай қарауға болмайды. Осы орайда беташардың тарихына, оның қазақ қоғамында алатын орнына тоқтала кетейік.

Жалпы, халқымызбен бірге жасап, өрісін тауып, өркенін жайып келе жатқан бай салт-дәстүрлеріміздің ішіндегі өнегелі де өміршеңі – келін түсіру тойы. Ал оның үрдісті жол-жоралғысының бірі де бірегейі, бәрімізге ыстығы беташар болса керек-ті. Бұл дәстүр халқымыздың қадір-қасиетін, рухани болмыс-бейнесін, таным-табиғатын, өнеге-өрісін, тұрмыс-тіршілігін, сонымен қоса адамгершілік-этикалық қағидаларын танытады. Ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай жалғасып, асыл қасиетін жоймай келе жатқан беташар – жақсы дәстүр, жарқын салтымыздың бірі. Орта мектептің 10-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында бұл үрдіс жөнінде «Беташар – жаңа түскен келінді таныстыру, күйеуінің туыстарына, ауыл ақсақалдарына сәлем бергізу, жас келінге ақыл-нақыл айту өлеңі. Оны бір адам орындайды» деп анықтама берілген. Беташардың өмірлік сипаты, тіршіліктегі алар орны жайлы тарихшыларымыз бен әдебиетші ғалымдарымыздың айтқан ой-пікірлері де көңілге ұялап, көшелі пайым, кемел ұғым жасауға көмектеседі. «Беташар – жаңа түскен ке-лінге байланысты айтылатын жыр. Қазақтың ескі заманынан бері келе жатқан дәстүрінің бірі – жаңа түскен келіннің бетін ешкімге көрсетпей, желек  жауып әкелу. Бұған ерекше мән беріп, келіншектің бетін шаршы топта ақындар өлеңмен ашады» деп жазады Қажым Жұмалиев. Бұл дәстүр ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың да назарынан тыс қалмаған екен. Өткеннің тарихына үңіліп, ой түйіп, салмақты да салдарлы талғам-тұжырымдар жасауда ғұламалық танытқан Мұқаң 1939-1940 жылдары жазылған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде үйлену салт жырлары туралы айта келіп, «Беташарға» да тоқталады.

– Беташар қалыңдық келіп түскенде айтылатын өлең. Жаңа ұя, жаңа қауым оған бейтаныс, – деп жазады ол. «Оны солармен таныстыру шарт. Келін жастардың ортасында басына желек салып, бетін жасырып көлегейлеп түрегеліп тұрады. «Беташарды» күйеу жақтың біреуі айтады, ал қалыңдық өзіне арнайы айтқан ақыл-өсиетті қас қақпай, ұйып тыңдауға тиіс». Кемеңгер жазушы оның түпкі әлеміне де ден қояды: «Әдетте өлең келіннің жастық көркін, сұлулығын мадақтаудан басталады да, енді ол өзінің күйеуін қалай сыйлап, қалай күтуге тиіс дегенге ауысады. Жас келін күйеуінің туған-туысқандарын қалай сыйлап, құрмет тұтпақ керек! Осы жай, әсіресе, мол айтылады. Ауылдағы жасы үлкен ағаны, жасы кіші ініні, үйге түскен қонақты көргенде келін қандай болуға тиіс? Міне, жас келінге осының бәрі-бәрі тағылым түрінде айтылады. «Беташарды» айтушы ақын-жыршы ауық-ауық сөзін бөліп, жас келіннің жолы үлкендерге тағзым етуін тілейді. Соның бәрін құптағандай, қабыл алғандай болып жас келін иіліп сәлем беріп, тағзым етеді».

Түйін. Алаштың абыздары кие санап, ардақ тұтқан озық дәстүрімізді неге дұрыс орындамасқа? Қадірін кетірмей, құнын аласартпай, бәсін биіктетуге болмай ма? Азаттықтың ақ таңында бізге кім кедергі? Шын өнерді сүйетін, таңдайына таң бұлбұлы ұялаған, талантты әнші-ақындарымыз жетерлік. Тек соларды жастайынан дайындап, баулу қажет секілді. Саз мектебі, үлкен-үлкен өнер ордаларында дәстүрлі ән-шілер қосымша сабақтар өткізіп, өнерпаз ұландарды жан-жақты тәрбиелесе, артық етпесі анық. Қалай еткенде де, беташар дәстүрі келер ұрпаққа бұзылмаған түрінде жетуі тиіс, оны өз деңгейінде сақтау сіз бен біздің бұлжымас міндетіміз екенін бір сәт естеншығармауымыз қажет. Сіз не дейсіз оқырман?

Закария Сисенғали, ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі: 

– Беташар – бұл ұлтымыздың ежелден қалыптасқан тұрмыстық салт-дәстүрлерінің бірі. Өкінішке орай, бүгінгі күннің беташары тыңдар құлаққа түрпідей тиеді. «Ерінбегеннің бәрі етікші» дегендей, көпшілік тойларда беташарды екінің біріне айтқызу үрдіске айналған. Бар мақсаты – беташардан түскен ақшаны иелену. Көкейлерін ақша тескен беташушы той иесінің туыстарын былай қойғанда көрші-көлем, дос-жаранын, тіпті жастарды кошеметтеп келген құрбы-құрдастарын да мадақтап шығады. Оның өзі қаншама уақыт алады десеңші?! Қазіргі беташарларда ешқандай жаңашылдық жоқ, жаттандылық басым. Беташар – тек той бастау рәсімі емес, оның үлкен тәрбиелік мәні бар. Демек, ұлтымыздың дәстүріне жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.

Алтынбек Ермекқалиев,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале