11.01.2021, 16:46
Оқылды: 201

Білгір маман, білікті басшы еді

Өткен ғасырдың 1950-1980 жылдары көптеген кадрлар облыс, аудан көлеміндегі басшылық қызметтерге жіберіліп, өңірдің дамып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Қазір сол кісілердің жасы сексеннен асса да, қарапайым, қоғамшыл, қауымшыл мінезінен ауытқымай, биік парасатымен жұртшылықтың ілтипаты мен құрметіне бөленуде. Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» мақаласында айтылғандай, олардың шаруашылықты басқарудағы алғырлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті тереңірек зерттеуді қажет етеді десек, артық айтқандық болмас. Басым көпшілігі жоғары білім алмай, техникумдағы оқып үйренген тәжірибесімен-ақ шаруашылықты, тіпті бүкіл бір ауданды басқарғанына бүгінде таңданыс білдіресің. Бұның өзін қазіргі жас жеткіншектерге үлгі боларлықтай құндылықтардың қатарына жатқызуға болады.  

 Білгір маман, білікті басшы еді1

Өзінің саналы өмірін облыстың өркендеуіне арнаған, ағайын-туысқа қамқор, достарына адал, басшылық қызметте ұйымдастырушылығымен танылған, кім-кімге де қолұшын беруге әзір тұратын Хамит Тастамбеков марқұмды облыс көлемінде білетіндер көп. Санкт-Петербург қаласындағы халықаралық экологиялық және адам өмірін сақтау академиясының мүшекорреспонденті болған, ауыл шаруашылығының білгір маманы, облыстық деңгейдегі мекемелерде және бес ауданда басшылық қызметте жемісті еңбек еткен оның есімін, әсіресе аға буын өкілдері жақсы біледі.

Ол ел басына ауыртпашылық түскен қиын-қыстау кезеңде дүниеге келді. Әкесі Сабыр колхозда малшы, анасы Нәпиза үй шаруасында болды. Анасы сегіз құрсақ көтеріп, бірақ бәрі де тұрмыс тауқыметінің салдарынан шетінеп кетіпті. Хамит аға өмір есігін ашқан 1938 жыл да нағыз аласапыран шақ еді. Елді жайлаған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін халықтың басына нәубет алып келді. Әке-шешесі кішкентай нәрестені аман сақтаудың барлық амалдарын істеді. Ашаршылықтан құтылу үшін бір түнде Казталов ауданының Әжібай елді мекенінен көшіп, көршілес Саратов облысының Новый-Узен ауданының Дмитриев селосынан бір-ақ шықты.

– Анам маған: «Ресейде еңбегіңді ешкім бағаламайды. Елге бар, оқы, еңбек ет» деп айтып отырушы еді. Анамның осы сөзін есіме ұстап, оның ой-арманын орындау мақсатында 1953 жылы Дмитриевтегі жеті жылдық мектепті бітіріп, Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының агрономдар даярлайтын бөліміне оқуға түстім. Ауылдан кетерде анам қоржыныма бір қап кепкен нан салып жіберген, соны қасымдағы балалармен бөлісіп, бір ай талғажау қылғанымыз әлі есімде. Орыс жерінен келген қарапайым шаруа баласы болғандықтан шығар, қиыншылыққа төзіп, оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарда белсенді атандым. 1957 жылы өзімнен бір курс төмен мал дәрігері бөлімінде оқитын Мөржан есімді Тайпақ елінің қызымен танысып, отбасын құрдым, - деп еді марқұм Хамит аға бізбен әңгімесінде.

Техникумды бітіргесін оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Жымпиты ауданының Қызыл Ту колхозына бас агроном етіп жібереді. Колхоздың басқарма төрағасы Ибат Мұқамбетқалиев сол кездің мүмкіндігіне қарай қолдан келген көмегін аямады. Жас маманға баспана бергесін анасын елге көшіріп алды. Бұл тың және тыңайған жерлерді игерудің кең құлаш жайып, нәтижесін бере бастаған шағы болатын. Колхозда түрлі  ұлт өкілдерінен тұратын жастар көп еді. Содан болса керек, колхоз басқармасы Хамитке комсомол жұмысын қоса атқаруды жүктеді. Еңбектеніп, тер төгудің арқасында 1958 жылы колхоз Отан қоймасына 1, аудан 8, ал облыс 50 миллион пұт астық тапсырды. Жас маманға осы колхоздағы еңбек жолының табысты басталғаны жігер, күш-қайрат берді. Жымпиты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Серікбаев бір күні Хамит Сабырұлына комсомол жұмысына баруын сұрады. Хамит қазақ тілін жетік білмейтінін айтып көріп еді, бірінші хатшы оның әлі жас екенін, өмір бәріне де үйрететінін айтып, жастардың комсомол баспалдағымен сатылап өсуі керектігін құлағына құйды. Сөйтіп, 1959 жылғы тамызда аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметіне кірісіп, сол жылы қазанда аудандық комсомолдар ұйымының конференциясында делегаттар оны аудандағы жастардың басшысы етіп сайлады. Ол комсомол комитетін басқарғанда ауданда ұйымның екі мыңдай мүшесі болды. Жастар жетекшісі уақытпен санаспай, шаруашылықтың да, комсомолдар арасындағы тәрбие жұмысын да дөңгеленте жүргізді. 1962 жылы өкімет қаулысына сай өндірістік басқармалар құрылып, аудандар біріктірілгенде, комсомол ұйымдары өндірістік басқарма комсомол комитеті болып қайта құрылды. Хамит Сабырұлы бұл жылдары біріктірілген Қаратөбе, Жымпиты аудандарының төрт мыңға жуық комсомол жастарына жетекшілік етті. 1965 жылы Тайпақ ауданы қайта ашылғанда оны аудандық ауыл шаруашылық басқармасына бас агрономдық қызметке жіберді. Жас жігіт агрономиялық көзқараспен егін шаруашылығына бетбұрыс жасауға тырысты. Егіс көлемін 27 мың гектарға жеткізіп, мал шаруашылығын жеммен толық қамтамасыз етіп, аудан мемлекетке астық тапсыратын деңгейге көтерілді. Бір жылдан соң облыс басшылығы оны комсомол жұмысына қайта оралуына ұсыныс жасайды. Алты жылға жуық жастарды басқаруға төселіп, ысылып қалған ол бұл ұсыныстан бас тартпады.

– Әр жердің өзіне тән ерекшелігі болады ғой. Мәселен, Жымпиты, Тайпақ аудандарының тұрғындары таза қазақтар, ал Чапаевта әр түрлі ұлт өкілдері тұратын болғасын аудан орыс тілді болды, қазақтардың өздері сол кезде орыс тілінде сөйлеуге құштар болатын. Чапаев ауданында жастардың басшысы болғанда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әли Сабыров, аталған ауданның бірінші хатшысы Андрей Байболатов сияқты азаматтардың көмегімен қандайма қиындықтарды шештік. 1968 жылы комсомолдың 50 жылдығына орай Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Комсомол менің кейінгі өміріме сәтті баспалдақ бола білді, - деген еді ол.

Хамит Сабырұлының бұдан кейінгі басшылық қызмет жолы Қаратөбе ауданында жалғасты. Мұнда ол аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болып қызмет істеп, осы өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосты. Облыс басшылығының қолдауымен ауданға қаржы бөлініп, облыс орталығындағы зауыт, фабрика әкімшіліктерінің қамқорлығы арқасында жаңа жобамен орта мектептер, мәдениет үйі, аурухана, емханалар, дүкен, монша мен мал орындары салынды. Тасжолдар төселді. Соның нәтижесінде аудан облыстағы мал шаруашылығы дамыған, мал өнімдерін тапсырудағы бірден-бір іргелі өңір санатына енді. Аудан бірнеше дүркін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, еңбекшілер депутаты облыстық кеңесі мен кәсіподақтардың облыстық кеңесінің ауыспалы қызыл туы және қаржылай сыйлығымен марапатталды. Аудан жұртшылығы сол жылдардағы ауданда атқарған еңбегін жоғары бағалауының нәтижесінде Х.Тастамбеков Қаратөбе ауданының құрметті азаматы атанды.

Біраз лауазымдық қызмет баспалдағынан өтіп, шыңдалған Хамит Тастамбековті облыс басшысы Мұстақым Ықсанов 1982 жылғы ақпанда Жәнібек аудандық партия комитетінің  бірінші хатшылығына жұмсады.

– Аудан Ресейдің Волгоград облысымен шекаралас, халқы көп ұлтты, дені орыс тілінде сөйлейтін. Жәнібекте ауыз су тапшы, су сол орыс жерінен пойызбен тасылып әкелінеді. Мал шаруашылығының өркендеуі үшін жем мен шөп қорын дайындауға су көзінің тапшылығы қолбайлау болып келген. Жергілікті активпен танысқаннан кейін осынау күрделі мәселелерді шешуге тура келді. Волгоград облысындағы Палласовка ауданының бірінші хатшысы Н.Костраниченкомен танысып, тіл табысып жұмыс істедім. Жас шағымда Ресейде тұрып, оқығанымның көмегі тиді-ау деймін, аталған ауданның басшы-қосшыларымен жиі араласуымның арқасында Еділдің суын жартылай тегін пайдаланып, мал-жанның бақуатты тұрмыс кешуіне қол жеткіздік. Ауданда егістік жердің көлемін көбейтіп, 160 мың гектарға дейін дәнді дақылдар егетін дәрежеге жеттік. Мен ауданға басшы болып барған жылдың күзінде мемлекетке 5,1 милллион, ал 1983 жылы 6,5 миллион пұт астық тапсырылып, аудан облыстағы астықты аудандар деңгейіне көтерілді, - деп ол Жәнібек ауданын басқарған жылдардағы  іргелі істерді де еске алған болатын.

Аудан басшылығының тынымсыз жұмыстарының нәтижесі шаруашылық бөлімшелерінде мал азығын ұнтақтайтын жем мен шөп цехтарының салынуымен, жаңадан СОКП ХХVI сиезі атындағы совхоздың бой көтеруімен көрінді. 1985 жылы облыс басшылығының шешімімен ол облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылып, ауыл шаруашылығы кадрларын іріктеу, біліктілігін арттыру, шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру жұмыстарымен айналысты. Хамит аға жасы ұлғайғасын тізгінді жас маман кадрларға беріп, өзі ауыл шаруашылығы кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы және облыстық ауыл шаруашылығын химияландыру, жобалау зерттеу стансасының директоры болып 17 жыл қызмет істеп, 2004 жылы зейнетке шықты.

– Менің осындай дәрежеге жетуіме марқұм жұбайымның қосқан үлесі зор дер едім. Ол маған өмірлік жолдас бола білді, кездескен қиындықтарға төзіп, биік адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Мөржан екеумізден өрбіген 3 ұл, 4 қыздан 15 немере, 6 шөбере сүйіп отырмын. Бұрынғылар «Өткенге қарап басыңды иіп, тағзым ет, ертеңге қарап білегіңді түр» деген екен. Шынында да өткеннен үлгі алып, болашақ үшін еңбек етуіміз керек, - деген сөзі әлі де құлағымызда тұр.

Жұбайы туралы ризашылық сезімін білдірген ол өзінің де бақиға аттанарын білді ме, сезді ме екен, кім білсін, өзі жайлы осы мақала жазылып жатқанда, дәлірек айтқанда былтыр желтоқсанның соңында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды...

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале