Оралдағы «КазИИТУ» ғылыми-білім кешеніндегі студенттер сарайында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесу өтті.
Аталмыш іс- шараға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «ҚазИИТУ» ғылыми- білім кешенінің құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті Ақсерік Әйтімов, сондай- ақ өңіріміздегі жоғары және арнайы орта білім беретін оқу ордаларының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиылған жұрт алдымен студенттер сарайының кіре беріс залында жасақталған көрмеге шолу жасады. Мұнда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің (ҚазИжТЖУ) студенттері мен Ақпараттық технологиялар мектеп- лицейінде білім алатын оқушылардың құрастырған тың технологиялық құрылғылары бар.
Көрме таныстырылымынан соң ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлымен кездесу өз жалғасын тапты. Алқалы жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері мен ел әлеуетін ілгерілету мақсатында айтылған ой- пікірлері ортаға салынды. Алғаш боп сөз алған «ҚазИИТУ» ғылыми- білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Сарыұлы ғылым және білім саласындағы мемлекеттік қолдауларды атап өтті.
Сондай- ақ өңірдің білім саласындағы жарқын жетістіктеріне тоқталды. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Батыс Қазақстан облысындағы айрықша жобаларды сөзге өзек етіп, білікті мамандардың білімін жоғары бағалайтынын айтты.
Жас ғалымдар мен студенттерді оқуға, ізденуге шақырып, болашақтың кепілі білім екенін алға тартты.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»
Сурет авторы Мәди Салық