11.10.2022, 10:00
Оқылды: 247

Білім ордасына – 90 жыл

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 90 жылдығына байланысты «Атамекен» өнер ордасында салтанатты жиналыс  өтті. Мерейтойға облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, аталмыш университеттің еліміздегі ең байырғы жоғары оқу 
орындарының бірі екенін атап өтті.

6cc9a032-9ae9-46dd-9f1b-c3c87e8a8d33

- Қадірлі ардагер ұстаздар, университет ұжымы және студенттер, сіздерді Қазақстандағы ең көне университеттің бірі – Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің  90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. 1932 жылдан бастап күні бүгінге дейін үлкен тарихи жолдан өткен қасиетті қара шаңырақ өзіндік брендін қалыптастырып, еліміздегі жоғары оқу орындары ішінен ойып тұрып орын алды. «Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» дегендей, оқу ордасының түлектері түрлі салада еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Университет ұжымы қазіргі жаһандану дәуірінде тіл үйрену, ғылымға бет бұру, жаңа технологияларды меңгеру, ұлттық мәдениетті дамыту, заман талабына сай мамандар  даярлап, болашақ чемпиондарды әзірлеу және халықаралық деңгейде ұлт мүддесін қорғау секілді маңызды бағыттар бойынша міндетті абыроймен атқарып келеді. Батыс Қазақстан университеті – өзіндік дәстүрлері мен құндылықтарын қалыптастырған білім ордасы. Бұл, ең алдымен, қазақ ғылымының көрнекті тұлғалары, биология ғылымдарының докторы, профессор Всеволод Иванов, математик-ғалым Асан Тайманов, филология ғылымдарының докторы Мәтжан Тілеужанов сынды корифейлер қалдырған асыл мұра деуге болады. Осындай тұлғалар оқыған университетте білімді ұрпақ тәрбиеленіп, олар ел ертеңі үшін еңбектене берсін, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

b8caa7bf-c6fb-4999-937e-927604b0b58b

Университет ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиев жасаған баяндамадағы мәліметтерге қарағанда, бүгінде оқу ордасында 17 ғылым докторы, 131 ғылым кандидаты, 10 PhD философия докторы, 159 магистр қызмет етеді. Университет әлеуметтік ғылымдар, бизнес, техникалық ғылымдар және технологиялар, қызмет көрсету, білім беру, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер саласы және жаратылыстану ғылымдары бағыттары бойынша маман даярлауды жүзеге асырады. ЖОО-да құрылған ғылыми мектептер Қазақстанда және одан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Сондай-ақ Махам­бет атындағы университетте педагогикалық, физика-математикалық, биологиялық, тарихи, химиялық, географиялық, экологиялық, филологиялық, саяси, әлеуметтік ғылымдар бойынша зерттеулер  жиі жүргізіледі.

Мерейтойлық салтанат барысында білім ордасының оқытушылары жазған кітаптардың таныстырылымы өтті. Нақтырақ айтсақ, өнертану кандидаты, доцент Галина Гурьеваның «Институттан университетке дейін», тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің «Білім ап саяңда» кітабы және география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденовтың «Солтүстік Каспийдің табиғи мұрасы» мен жоғары оқу орны түлектерінің «Ұрпаққа – білім, ұлтқа – қызмет» кітаптары таныстырылды.

Тоқсан жылдық мерейтойға орай университеттің үздік ұстаздары облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Талшын Дәрібаева, Владимир Салов, Махамбет Ержанов, Мұрат Сыдықов, Галина Нестеренко, Рита Сұлтанғалиева бар. Сондай-ақ іс-шарада бірқатар ұстаз БҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымының алғысхатына да ие болды.
Салтанатты жиын мерекелік концертке  ұласты.

Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале