31.03.2023, 20:22
Оқылды: 113

Бір ананың өлең сүйген қос ұлы

Бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ізгілік іздеген жүректер» атты ағайынды ақындар Әділет және Ақтілек Орынбасаровпен поэзия сағаты өтті.

339250091_1179872676014672_7805853480735906899_n

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған кеште орталық директоры Бауыржан Ергенұлы сөз алып, бір ананың өлең сүйген қос ұлына шығармашылық жетістіктер тіледі. Ризашылығын білдіріп, алғыс хат және естелік сыйлық табыс етті.

339162634_244521828024048_8227650239156579430_n

Кеш барысында жас ақындар әдемі өлеңдерін оқып, әдебиет төңірегіндегі идея-ойларымен бөлісті. Көптеген облыстық мүшәйраның жүлдегері Әділет Орынбасаров жуырда жарық көрген «Біз Дендерденбіз» атты жыр-жинақ жөнінде әңгімеледі. Оның үстіне қандай бағытта ізденіп жүргенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта жеке шығармашылығын дамыту мақсатында нендей бастамаларды қолға алатынын айтты.

338482653_2185632601634836_4699670206001469818_n

Ал жас ақын Ақтілек Орынбасаров қызығушылықтары, жеке шығармашылық шеберханасы туралы сөз өрбітті. Өзі үлгі тұтатын қаламгерлердің туындылары жайлы да ой қозғады.

Поэзия сағатында өлең де оқылды, ән де айтылды. Әділет Әлібекұлының сөзіне жазылған «Саған әнім», «Күлкің сенің» атты әндерді Айдана Әжғалиева және Алтынбек Базаров пен Елжас Мағзом шырқады. Өз кезегінде Әділ Ахметов «Мұңайма, қалқам» (сөзі мен әні Бекжан Әшірбаевтікі) атты әнді орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі.

339293409_951313299638723_1769951119911050792_n

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ және Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Қырымжан Жақыпова жас ақындарға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін ақтарды.

339132630_580438544041691_5946217990223822859_n

338542651_653941470077172_2971786313534412889_n

Айта кетейік, ағайындылардың бірі Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы болса, бірі - Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі. Олар бүгінгі таңда уақытының біраз бөлігін журналистикаға арнап, түрлі тақырыпта мақала-материал ұсынып жүр.

 

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале