9.02.2021, 19:27
Оқылды: 299

Бір аптада 42 оқушы, 16 мұғалім індет жұқтырды

«COVID-19» вирусын жұқтырғандар облысымызда жұмыс жасайтындар, әсіресе мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордың  қызметкерлері арасында көбейе бастаған. Нақтырақ айтсақ, соңғы бір аптада өңіріміздегі 16 мұғалім мен 42 оқушы, 24 медицина қызметкері коронавирусқа шалдыққан. Сондай-ақ облыстық басқарма қызметкерлерінің арасында да індетті бір-бірінен жұқтыру дерегі тіркеле бастаған. Бұл туралы апта басында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.

210CC257-889E-4498-B02E-5FFAC0CDF2CF

-Санитарлық қаулы бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың қызметкерлері 80 пайыз онлайнда жұмыс жасау керек еді. Бірақ кейбір мекеме қаулыны ескермей отыр. Нәтижесінде мемқызметкерлер арасында індет жұқтыру дерегі жиі тіркеле бастады. Әсіресе мектеп оқушылары мен ұстаздар арасында індет жұқтырғандар артуда. «COVID-19» індетін үшінші тоқсан басталғалы, яғни 11 қаңтардан бастап қала мектептеріндегі 151 оқушы жұқтырса, олардың 76-сы қашықтан, 75-сі кезекші топтарда оқып жүрген. Соған орай Орал қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысымен 31 мектептің 45 сыныбы екі апта карантинге жабылды. Ал 9 қаңтар күні шаһардағы орта білім беретін №7 мектебінің төрт оқушысы мен үш мұғалімінен КВИ анықталды. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беретін үш ұйым мен Көшім балалар үйіндегі тәрбиешінің індет жұқтырғаны анықталды. Білім беру мекемелерінде індеттің таралуын болдырмау мақсатында жуырда жаңа қаулы жарияладым. Яғни балабақшада, мектепте коронавирусты жұқтырудың бір дерегі болса да тіркелсе, сол мектеп немесе балабақша 14 күнге карантинге жабылатын болады. Індет жұқтыру дерегі  Орал қаласында және Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық, Тасқала, Сырым аудандарында басылмай тұр. Тұрғындарға күніне 2300-ден астам ПТР тест талдамасы жасалуда.  Облыс бойынша 13 зертхана бар. Олар талдаманы уақтылы жасап үлгеруде. Облысымыз 5 ақпаннан бастап «сары» аймаққа енген еді. Алайда өңірдегі эпидемиологиялық ахуал күн сайын құбылуда. Қаңтар айында коронавирус індетін жалпы 1837 адам жұқтырса, ақпанның 1-8 аралығында 643 науқас тіркеліп отыр. Олардың 285-і респираторлық вирустық инфекция белгілерімен емханаға қаралғанда анықталса, 213 адам КВИ-мен ауырған отбасы мүшелерінен жұқтырыпты. Қалғандары созылмалы аурулары бойынша облыстық аурухананың стационар бөліміне жатқызыларда анықталып отыр,- деді өңірдегі эпидахуал төңірегінде баяндаған облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев.

311C6F0F-4520-442B-8FE9-EA0777D35617

«Компьютерлік томография түнде жұмыс жасай ма?»

Коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын өңірдегі 624 медицина қызметкері салдырған. БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәліметінше, екпе жұмыстары Оралдағы жеті мемлекеттік қалалық емхана мен «Медицина орталығы» ЖШС-да, сондай-ақ 4 аудандық ауруханада жүргізілуде. Қазір тізімге және кестеге сәйкес медицина қызметкерлері егілуде. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептер, ЖОО педагогтары, соған дейін егіліп үлгермеген медицина қызметкерлері қамтылады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері, студенттер және созылмалы ауруы бар адамдар егіледі. Содан кейін ТЖ, полиция, қорғаныс, ҰҚК, мемлекеттік күзет қызметі секілді салалар өкілдері қамтылмақ. Вакциналау тегін жүргізілуде. Арман Қалибеков ақылы түрде екпе алу әзірге қарастырылмағанын жеткізді. Осы орайда өңір басшысы Ғали Есқалиев WhatsApp әлеуметтік желісіне түскен облыстық денсаулық сақтау саласына қатысты арыз-шағымдарға тоқталып, басқарма басшысының міндетін атқарушы Арман Талғатұлына мәселені шешуді тапсырды.

-Тұрғындар "109" жедел желісіне байланысу және түнгі уақытта компьютерлік томография түсу мүмкін еместігін айтып жиі шағымданады. Облыс әкімдігі аппаратының қызметкерлері бұл шағымдарды тексеріп, растап отыр. Біздің медициналық ұйымдар халыққа тиісті деңгейде кеңес бермейді. 28 қаңтарға қараған түні сағат 22.30-да біздің инспекторлар "109" қызметіне қоңырау шалып, түнгі уақытта компьютерлік томографиядан өтуге байланысты кеңес сұрады. Кеңесшілер бұл сұрақтарға қатысты жауап бере алмады. Ал stopcovid.kz сайтында КТ қызметтері облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларда тәулік бойы көрсетіледі деп жазылған. Алайда сайтта көрсетілген call-орталықтардың телефондары да, ауруханалардың телефоны да жауап бермеді. Түнде шұғыл түрде компьютерлік томографиядан өтуі тиіс тұрғындардың сауалы жауапсыз қалды. 29 қаңтар күні түстен кейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері емханаға хабарласу қажеттігін айтса, облыстық, қалалық көпбейінді ауруханалардың операторлары күндіз де жауап бермеді. Мұндай жауапты кезеңде телефон көтермейтін немесе жөнді ақпарат бермейтін қызметкерді неге ұстайсыз? Әр адам қызметіне жауапкершілікпен қарасын, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

85046D29-120C-4DF3-80AA-4B659F9BD600

Өз кезегінде БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Арман Қалибеков басқарманың call-орталығы (24-00-06) өткен жылдың тамыз айында жедел штабтың шешімімен "109" қызмет базасына берілгенін, ол 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтінін хабарлады.

- Қалалық емханалар 8.00-ден 20.00-ге дейін кеңес береді. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бойынша мәселені пысықтап, телефонымызды жаңарттық. Медициналық мекемеде COVID-19 пациенттеріне 21-15-16 нөмірі бойынша кеңес беру үшін жедел желі жұмыс істейді. Компьютерлік томография шаһардағы көпбейінді ауруханаларда тәулік бойы жұмыс жасайды. Сондай-ақ коронавирус індетіне байланысты кеңес беру үшін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының 21-15-16 жедел желісі бар. Ал телефонға жауап бермеген операторларға шара қолданылатын болады, - деді Арман Қалибеков.

 Банкет залдары оқу орталықтарына айналуда

Бүгінде карантиндік шектеу шараларына байланысты Орал қаласында 70-тен астам, ал облыста 170-тен астам банкет залы қызметін тоқтатқан. Қызметін тоқтатқан сол банкет залдарды қайта жабдықтауда шығармашылық және мәдениет үйлерін, спорттық нысандарды, "Теңіз қоғам" әлеуметтік қолдау орталығы мен "Белсенді ұзақ өмір" әлеуметтік жобасын жүзеге асыру ұсынылған. Бұл туралы штаб отырысында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Бақдәулет Ибраимов мәлімдеген болатын.

    -Қазір Оралдағы алты банкет залы (Досхан, Венера, Екі жұлдыз, Самал, Жасмин, Алтын Сақа) қайта жабдықтау үшін ынтымақтастыққа дайын, келісім бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар жеке бастамасы бойынша "Grammy" банкет залы өз залын оқу орталығына қайта жабдықтау жұмысын бастады. Ал "Ақ босаға" банкет залы электр тауарлары дүкеніне, "Айлуна 2" банкет залы киім-кешек дүкеніне, "Той сарайы" банкет залы оқу орталығына, "Арна" банкет залы супермаркетке айналды. Ал бірқатар рестораторлар 50 адамға дейін қабылдайтын банкет залдарының жұмысына (кафе форматы бойынша) рұқсат беруді ұсынып отыр,- деді Бақдәулет Талғатұлы.

     Сондай-ақ жиында Орал қалалық әкімдігі жанындағы мониторингтік топтың атқарған жұмысы да сөз болды.

 Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев коронавирустың таралуына тосқауыл қою жұмыстарын ширата түсу қажеттігін айтты. «Бұдан бұрынғы отырыста облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына шектеу шараларына байланысты тоқтап тұрған кафе, мейрамхана және басқа нысан иелеріне қолдау көрсету туралы тапсырма берілген болатын. Яғни кәсіпкерлерге кәсібінің бағытын өзгерту немесе нысанды мемлекетке жалға беру, сату жөнінде ұсыныс жасалуда. Өйткені өмір өзгеріп жатыр. Болашақта үлкен шығынды қажет ететін тойлар болмауы мүмкін. Сондықтан мұндай ғимараттарды, мысалы, спорт залдарына айналдырса, әлдеқайда тиімді. Осы жұмысты қалада ғана емес, аудандарда да жалғастыру керек», - деді өңір басшысы.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале