Орал қаласындағы С. Исаев атындағы тәлімбақта «Тарихтың тірі куәсі» бірегей жобасы аясында маңызды іс-шара өтті. Бұған дейін жоба шеңберінде танымал тұлғалардың құрметіне «Есениннің терегі» мен «Тургеневтің емені» отырғызылған болатын. Бұл игі дәстүр жалғасын тауып, енді тәлімбақ төрінен Жәңгір ханға арналған символдық ағаш орын алды. Аталған бастама тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеп, келер ұрпаққа тағылымды құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

-Ресейде ерекше бағдарлама бар. Сол бағдарлама аясында терек, емен, қайың секілді ағаштарға тарихи оқиғалармен немесе белгілі тұлғалармен байланысына қарай арнайы мәртебе беріледі. Бірде Константиново ауылында, ақын Сергей Есениннің туған жерінде болғанымызда бізге ерекше сый жасады. Ақынның өзі 1924 жылы үйінің алдына отырғызған теректің көшетін табыстады. Кейін бұл көшетті туған өлкемізге әкеліп, баққа отырғыздық. Сондай-ақ Иван Тургенев музейінен әкелінген еменнің көшеті де өз орнын тапты. Ал Жәңгір хан отырғызған тарихи тоғайдан алынған көшетті ақын Ақұштап Бақтыгереева өз қолымен отырғызды. Осындай игі бастамаларды көріп, біз де туған өлкемізде танымал тұлғалар мен тарихи орындарға қатысты ағаш көшеттерін отырғызу дәстүрін қалыптастырсақ деген ойға келдік. Бұл – өткенге тағзым етіп, келер ұрпаққа өнеге болатын игі іс, – деді белгілі бағбан, жоба жетекшісі Қайрат Кәрімов.
Іс-шарада қазақ тарихындағы көрнекті мемлекет қайраткері, Бөкей ордасының ханы Жәңгір ханның есімімен байланысты қарағай көшеті отырғызылды. Бұл мәртебелі міндет қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, «Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваға тапсырылды.
– Хан ордасында кезінде Жәңгір хан өз қолымен отырғызған қарағайлардың тұқымы сақталған деседі. Бұл ағаштардың қадірі тек табиғат көркімен өлшенбейді. Ата-бабаларымыз қарағайды бекер екпеген. Бір жағынан, ол ел шекарасын айқындап, қорғауға қызмет етсе, екінші жағынан, құм көшкінін тоқтатып, жерді шөлейттенуден сақтаған. Бүгінде құмның көшуі саябырсыды. Әйтпесе кезінде қаншама ауыл құм астында қалып қойғаны тарихтан белгілі. Сол қасиетті қарағайдың тұқымын ел игілігіне жаратуға мүмкіндік жасаған Қайрат бауырыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен бұл қарағайды жай ғана ағаш емес, болашақ ұрпаққа жолданған үн, аманат деп қабылдаймын.
Қарағай – қайсарлықтың, төзімділіктің және беріктіктің символы. Оның тамыры тереңге бойлап, дауылға сыр бермей өсетіні сияқты, келер ұрпақ та туған жеріне берік, рухы асқақ, мінезі мығым болса екен деймін. Менің ұрпағыма арнар тілегім – қарағайдай қуатты, тамыры терең, бұтағы кең болсын. Елге қорған, жұртына тірек болсын. Бүгін отырғызылған осы қарағай ертеңгі ұрпаққа ата-баба аманатының, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және ел болашағына деген сенімнің белгісі болып қала бермек, – деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Жәңгір ханның тарихи тоғайынан алынған көшеттің отырғызылуы – өткен мен бүгінді сабақтастырған тағылымды іс. Бұл бастама тарихи жадыны жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және табиғатты қорғау идеяларын тоғыстырған «Тарихтың тірі куәсі» жобасының заңды жалғасы саналады. Осындай игі іс-шаралар арқылы ел тарихында із қалдырған тұлғалардың мұрасы ұлықталып қана қоймай, жас ұрпақтың туған жерге, табиғатқа және тарихи құндылықтарға деген құрметі арта түседі.
Гүлфия Азаматқызы,
«Орал өңірі»