23.09.2024, 11:45
Оқылды: 47

Бір суреттің тарихы: Қазақстандық боксшылар есімі әйгілі Мadison Square Garden-нің тақтасына қалай жазылды

1979 жылы бокс әлеміндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Дәл осы жылы алғаш рет әлем кубогі ұйымдастырылды. Тарихи жарысқа алғаш рет қатысқан спортшылар арасында КСРО құрамында өнер көрсеткен қазақстандық боксшылар да бар. Отандық былғары қолғап шеберлері үлкен жетістікке жетіп, олардың есімі әйгілі Madison square garden-дегі арнайы тақтаға жазылды. Суреттің тарихы  туралы Olympic.kz материалында.

Алғашында турнирге әлемнің 30 мемлекетінен жүзден аса боксшы жиналуы тиіс еді. Алайда, командалар толық құраммен келе алмай, Африканың екінші құрамасы АҚШ-қа жеткен жоқ.

Медальдар 11 салмақ дәрежесінде ойнатылды. Ал кубок иелері жиған ұпай саны бойынша анықталды. Негізгі бәсеке АҚШ пен КСРО құрамалары арасында болатыны болжанған. Айтқандай-ақ, екі ел спортшылары финалға көбірек жолдама алды.

Турнирде жеті  алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленген америкалықтар кубокті өз елінде қалдырды (49 ұпай). Кеңестік боксшылар үш алтын, бес күміс және екі қоламен (39 ұпай) екінші орынға тұрақтады. Бір қызығы, сол бәсекеге қатысқан үш қазақстандық спортшы да тұғыр биігінен көрінді.

Суреттер: Olympic.kz

60 келі салмақтағы финалдық бәсекеде Виктор Демьяненко америкалық Дейв Армстронгқа айла қалдырмады. 63,5 келіде жұдырықтасқан Серік Қонақбаев ақтық сында Лемуэель Степлстен басым түсті. Ал күміс медальді Петропавл түлегі Камил Сафин (48 келі) еншіледі.

Аға бапкер Алексей Киселев әлем кубогі аяқталған бойда Сафиннің америкалық Ричи Сандовалды жеңетін мүмкіндігі болғанын айтты.

«Жігіттер еш сасқан жоқ, өз мүмкіндіктерін толық көрсетті. Егер төрешілер қырын қарамағанда, нәтиже басқаша болар ееді. Камиль Сафина америкалық боксшымен жұдырықтасқанда жанып кетті. Қарсыласына жол берсе де, жеңіске жететін әлеуеті бар еді.

Виктор Демьяненко жақсы өнер көрсетті. 60 келідегі әлем мықтылаарының бірі екенін дәлелдеп, Армстронгты айқын басымдықпен жеңді. Серік  Қонақбев өз кездесуін сауатты әрі техникалық тұрғыдан мінсіз өткізді. Сәл асығыс танытқан шығар, бірақ  жақсы жеңді», - деді сол кезде «Советский спорт» басылымына сұхбат берген Киселев.

Айта кетейік, КСРО сапындағы үшінші алтынды Өзбекстанда туылған Владимир Шин жеңіп алды.

Жарыстан соң бас кейіпкерлердің барлығы да осы бір естелік суретке түсті. Бұл фото кейін тарих қойнуына енді. Суретте Демьяненко, Қонақбаев, Шин, Сафин және Дональд Халл бастаған Халықаралық федерацияның функционерлері бар.

Өкінішке қарай, тарихи фотоның авторы белгісіз. Сурет Виктор Демьяненконың жеке мұрағатынан алынды.

Серік Қонақбаев пен Виктор Демьянкенконың есімі Madison Square Garden-дегі мәрмәр тақтаға әлем кубогі жеңімпаздарымен бірге ойылып жазылған. Виктор Леондиович жеке өзі көрмегенін, алайда, бұл ақпараттан құлағдар екенін айтады. Сондай-ақ, даңқты боксшы турнир қарсаңында Нью-Йоркте басынан өткен оқиғаны баяндады.

«Нью-Йорктегі қонақүйде КСРО құрамасы мүшелері лифтпен өз бөлмемізге көтеріліп келе жаттық. Кезекті қабаттардың бірінен бір топ америкалық боксшылар кірді. Кенет 75 келіде бокстасатын спортшы мені қалай ұрып құлатынын ыммен көрсетіп, тістерімді ұшырып жіберетінін де ишарамен көрсетті.

Мен де көп ойланбай оған сол соққыларымды көрсетіп, соңында оны аяқпен тепкілеп тастайтынымды айттым. Осыны көрген қасымдағы жігіттер күлкілерін тыя алмай, мені арқамнан қаға бастады. Қорыта айтар болсам, олармен де достасып кеттік», - дейдің әйгілі боксшы.

Расында, спорт хроникасы ұмытылмас естеліктерден және күтпеген оқиғалардан  тұрады. Ал мұндағы сюжеттер фото мен видео шеңберінен әлдеқашан асып кеткен.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале