10.11.2020, 9:21
Оқылды: 3626

Бір суреттің тарихы

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет қайраткері, сарқылмайтын өміршең туынды «Мен – қазақпын!» поэмасының авторы, ұлы дала жыршысы, жерлесіміз,  ақын Жұбан  Молдағалиевтың 100 жылдығы облыс көлемінде айшықты атап өтілді.

 бир суреттин тарихы (1)

«Ақжайық – Тайпақ менің туған жағым, Сайқұдық ауылында өтті балғын шағым» – деп жырлағандай, туған топырағын аңсап, ат басын туған ауылына жиі бұрып тұрғаны баршаға мәлім.

Жұбан ақынның туған жеріне келген әр сапары жерлестері үшін бір тарихи оқиға болғаны рас. 1980 жылы ақынның 60 жасқа толу мерейтойына орай туған топырағы Сайқұдық ауылында жаңа кітапхана ашылды. Өлеңті орта мектебінің жанынан бой көтерген еңселі, әдемі кітапхананың ашылуына Жұбан ақын бастаған, халқымыздың маңдайына біткен бір топ қаламгерлері келді. Құрметті қонақ ретінде лента қию рәсімі Жұбан ақынның өзіне ұсынылды. Бұл шараға бүкіл ауыл болып жиналып, мектеп оқушылары – біздер де тарихи оқиғаның ортасында болғанбыз. Осындай тарихи сәттің куәгері болғанымды бүгінде мақтан тұтамын.

Ол кезде мен 7-сынып оқушысы едім. Кітапхананың ашылу салтанатынан соң «Ақиық ақынмен кездесу болады» деп бір топ оқушыны сабақтан босатып, «Пионерлер бөлмесіне» жиналдық. Бір мезгілде бөлмеге үстінде былғары плащы бар, көзіне мүйіз көзәйнек таққан, батыр тұлғалы Жұбан ақын келіп кірді. Амандасып, орындыққа жайғасып отырған соң, сол кездегі үрдіс бойынша Жұбан аға пионер қатарына қабылданып, мойнына ал қызыл галстук тағылды. Жүзінен мейірім шуағын шашқан ақын ағамыз біздің қал-жағдайымызды, сабақ үлгерімімізді сұрап жатты. Біз болсақ, ауылдың ұяң да ұялшақ  балалары, алғаш рет ақынмен көзбе-көз жүздескенімізге мәзбіз. Ақын ағаның жанына шүпірлей топтасып, сұраққа жамырай жауап беріп жатырмыз. Осындай қайталанбас сәтті аудандық газеттің фототілшісі суретке түсіре бастады. Сол сәтте Жұбан ақынның: «Сыртылдатуың жақсы, ал шығарылуы қалай болады?» деген дауысы құлағымда күні бүгінгідей қалып қойды. Балалық па, әлде ақын әңгімесіне зейінім ауды ма, фототілшінің аты-жөні есімде қалмапты. Соны нақтылау мақсатында менің өтінішіммен ақын, Қадыр Мырза Әли орталығының маманы Айнабек Бисенғалиев фейсбук әлеуметтік желісіне пост жариялаған еді. Осы тақырыпқа байланысты сол кездегі көзкөрген ағаапалардың пікіріне  жүгінсек, «Тайпақ аудандық газетінің сол кездегі фототілшісі Сакон Дауымов ағамыз болуы керек» деген тоқтамға келдік. Осы сурет кейбір басылым беттерінде «Орал қаласы. №11 мектеп шәкірттерімен бірге. (1980)» деп жарияланып жүр. Ал, шын мәнінде, бұл суретте Сайқұдық ауылы, «Өлеңті орта мектебінің» (сол кездегі мектеп атауы) оқушылары бейнеленген. Жылжыған жылдармен бірге тарих қойнауына кетіп бара жатқан бір суреттің тарихы осы еді.

Ақынның өз қолымен ашқан кітапханасы бүгінгі күні күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне қызмет етуде. Жұбан ағамыздың өз атынан сыйға тартылған 500 дана кітап оқырмандардың сүйікті әдебиеті ретінде әлі күнге дейін  сұранысқа ие.

Қазіргі уақытта өз еңбек жолымды жалғастырып жүрген Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ақын мерейтойына орай көптеген ауқымды шара жүзеге асты.

 

Алмагүл  Нұрсапина,

Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың  жетекші маманы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале