24.01.2024, 12:30
Оқылды: 49

Бір жылда 9 мыңға жуық адам басқа өңірлерге қоныс аударған

2023 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын  іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам өз еркімен қоныс аударған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, оның ішінде қоныс аударушы - 6 492, қандас - 2337 адам бар. Барлық қоныс аударушыға мемлекеттен қолдау көрсетілген.

698edf43-d754-4549-8001-28b35722d304

Көрнекі фото: zhaikpress.kz

Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар өз өмірлеріндегі оң өзгерістерді атап өтті.

Солардың бірі Құралай Масатбаева. Ол отбасымен 2021 жылы Астанадан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына көшіп келді.

«Отбасымызға 612 570 теңге көшуге материалдық көмек берілді. Сондай-ақ бізге қаладан мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй берілді», – деді қоныс аударушы.

Құралай Масатбаеваның «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Өткен жылы 1 миллион 380 мың теңге мемлекеттік грант алып, шағын кондитерлік дүкенін ашты.

«Декреттік демалыста болған кезімде үйде өз ісімді ашуды, балалардың қасында болуды армандайтынмын. Тайынша ауданының жұмыспен қамту орталығына барып, қайтарымсыз грант туралы білдім. Қоныс аударушы болғандықтан қайтарымсыз грант берілетіндер санатына кіретінім туралы айтып, барлық сұрақ бойынша кеңес берілді. Осындай мүмкіндікті бос жібермей, өзімнің бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттен грант алдым», – деп бөлісті кәсіпкер келіншек.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

- көшуге арналған субсидия –отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек;

- отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

 -қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әр қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Былтыр барлық қоныс аударғанның ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды. Оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале