11.04.2022, 16:30
Оқылды: 155

Бірегей тұлға ұмытылмайды

Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, автономиялық Қазақ Республикасы Орталық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болған даңқты жерлесіміз Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толады. Соған орай таяуда Алматыда «Сейітқали Меңдешев: құжаттары мен материалдар жинағы» деген еңбек жарық көрді.

41

Айта кетейік, Сейітқали Меңдешұлы 1882 жылы Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында дүниеге келді. Хан ордасындағы екі сыныпты училищесін, Қазандағы мұғалімдер семинариясын тәмамдап, Санкт-Петербург университеті жанындағы мұғалімдер курсында оқиды. Еңбек жолын ауылында мұғалім болып бастайды. Өзінің алғырлығының, ұлтжандылығының арқасында кеңес дәуірінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан саяси қайраткерге айналады.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен аталмыш кітаптың тұсаукесерінде сөз алған автор-құрастырушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдың айтуынша, еліміздің және Ресейдің архивтерінен кездескен деректер осынау жинақты құрастыруға итермелеген көрінеді.

- Еліміз, ұлтымыз үшін атқарған қызметтерін білгеннен соң менде Сейітқали Меңдешевке деген ерекше құрмет пайда болды. Мәселен, оның 1920 жылы Қазақ автономиясын құруда сіңірген еңбегі зор.  1921-1922 жылдардағы ашаршылық кездері аштыққа қарсы күрес комиссиясына жетекшілік етті. 1921 жылы Ақмола, Семей облыстарын Қазақ автономиясына қосып алу жолындағы комиссияны басқарды. Омбы облысын да Қазақстанға қосуға әрекет жасаған. Сондай-ақ қазақ тілін билік құрылымдарына енгізу бағытында мемлекеттік комиссия құрып, сол комиссияның басшысы болды. Сәкен Сейфуллин Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып сайланған 1923 жылдан бастап, екеуі тізе қосып бүкіл болыстық, уездік атқару комитеті төрағасы лауазымына қазақтарды қою үшін көп еңбек сіңірді,-дейді Сәбит Қамытбекұлы.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қайдар Алдажұмановтың сөзінше, соңғы кезде біздің қоғамда Алаш қозғалысының қайраткерлерін мақтап, Сейітқали Меңдешев, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды Кеңес үкіметі кезінде қызмет еткен көрнекті қайраткерлерді даттау үрдісі пайда болған. «Қилы кезеңде қазақтың мүддесін қорғаған санаулы ғана ұлт зиялыларына топырақ шашуға болмайды. Осынау жинақта Сейітқали Меңдешұлының ұлт үшін, еліміздің тұтастығы үшін атқарған еңбегі кеңінен жарияланған. Осындай жинақтардың жарық көруінің маңызы зор».

40

Жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан Ресей ғылым академиясының бас ғылыми қызметкері, профессор Дина Аманжолова, Берлин еркін университеті Шығыс Еуропа институтының профессоры, тарихшы Роберт Киндлер, ҚР ҰҒА академигі, белгілі алаштанушы ғалым, профессор Мәмбет Қойгелдиев бұл жинақтың құндылығы жоғары екенін айтты.

Сәкен Әбілхалықов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале