24.11.2022, 9:30
Оқылды: 76

«Біртұтас команда моделін қалыптастыруды көздейміз!»

Хамза кітапханасында ұйымдастырылған іс-шаралар түрі, сипаты жағынан ерекшеленіп тұрады.

Жуырда кітапханашылардың атқарған жұмысы мен жоба-жоспары жөнінде білмекке ниеттеніп, Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиевамен сұхбаттастық. 

Эльмира Амангалиева (2)

– Эльвира Есіркепқызы, өзіңізге белгілі, биылғы Балалар жылына орай өңірімізде бірқатар іс-шара атқарылуда. Түрлі байқаулар, фестивальдер, тренингтер ұйымдастырылды. Осы бағытта Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы нендей нәтижеге қол жеткізді?

– 60 жылдық тарихы бар облысымыздағы ең ірі балалар кітапханасы жылдан-жылға ақпараттық ресурстардың мүмкіндігі артқан орталыққа айналуда. Балалар жылына орай кітапханамызда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген ынта-ықыласын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Оқылмаған кітаптар» атты этноreаdingfest өтті. Оған оқырмандар, ата-аналар және педагогтер қатысты. Олар кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, шеберлік сағаттарында белсенділік танытты.

Биыл 5 сәуір күні онлайн сипатта «Ұлттық дәстүрді ұлықтаушы жас ұрпақ тәрбиесіндегі кітапханалардың рөлі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Конференцияда Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Беларусь елдеріндегі әріптестеріміз, Қазақстандағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханаларының қызметкерлері ой-пікірлерін ортаға салды. Халықаралық отбасы күніне орай отбасы құндылықтарын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Ақ Жайық өңірінің оқырман отбасы – 2022» облыстық байқауы жоғары деңгейде өтті. Бұл байқауда өңіріміз бойынша 10 отбасы бақ сынады.

«Жаз бойы кітаппен» акциясы қолға алынып, үздік оқырмандар арасында бәйге жарияланды. 1 маусым және 25 шілде аралығында 10 және одан да көп кітап оқығандар марапатталды. Бір оқырманға «Супер оқырман – 2022», 17 оқырманға «Жаздың үздік оқырманы – 2022» жүлдесі беріліп, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Әдебиеттерді таңдауда шектеу болған жоқ. Қатысушылар әлеуметтік желілерде оқыған кітаптарына шолу жасап, облыстық «Самал» балалар газетіне мақала жазды. Акцияға жалпы саны 150 оқырман қатысты.

Ал «Оқитын аула», «Open air» жобалары қаламыздағы шағынаудандарда, саяжайларда тұратын оқырмандарға арналған. «Kids zone – идеядан іске» атауымен облыстық форсайтсессия ұйымдастырылып, оған қалалық, аудандық балалар кітапханаларының жетекшілері, әдіскерлері қатысты. Іс-шарада кітапхана қызметінің үздік инновациялық тәжірибелерінің креативті түрлерін ұсыну, кітапханааралық кәсіби байланыстарды нығайта отырып, қызмет бағыттарын жоспарлау және жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. «Ақжайықтанушылар», «Батырлар жыры», «Әдеби Орал өңірі: есімдер мен тұлғалардың мозаикасы» және «Әдеби өлкетану» жобалары нақты нәтижесін беруде. «Ерліктің жыры – елдіктің ескерткіші» тақырыбындағы батырлар жырына арналған мәнерлеп оқу байқауы 10 жылдан бері ұйымдастырылып  келеді.

– Жастар, аса көп болмаса да, кітапханаларға біртіндеп жұмысқа орналасуда. Оларға тәжірибелі тарландардың, білікті мамандардың ақыл-кеңесі ауадай қажет. Жалпы жас мамандарға әдістемелік орталық қандай қолдау көрсетуде? 

– Облыс бойынша 12 аудандық, 16 ауылдық, 2 қалалық балалар кітапханасы бар. Кітапханашылар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, кітап оқуды кеңінен насихаттау үшін жүйелі еңбектенуде. Біз заманауи кітапхана тәжірибесін негізге ала отырып, біртұтас команда моделін қалыптастыруды көздейміз. Осы бағытта биыл 1-2 сәуір күндері «ХХІ ғасыр кітапханасы жастар көзімен» жобасы аясында «BIBLIO IQ» облыстық шығармашылық алаңын ұйымдастырдық. Оған 35 жасқа дейінгі жас кітапханашылар қатысты. Олар тәжірибе алмасып, жаңа бағытта жұмыс жасаудың үлгілерін  ұсынды.

14 қазан күні «Оқитын ұлт» жобасы аясында «BIBLIOKIDS_07 АЙМАҚ» атты балалар кітапханалары арасында топ-рейтинг ұйымдастырылды. Оның мақсаты – қызмет сапасын арттыру, оқырмандарға жайлы жағдай жасау және кітапханалардың қызметін бағалау механизмін қолданып, үздік нәтижеге қол жеткізген балалар кітапханаларын анықтау. Топ-рейтингте инновациялық әдіс-тәсілдер, түрлі жобалар ұсынған, заманауи қызметтердің сан-алуан тәсілдерін меңгерген кітапханашылар мен үздік кітапханалар анықталды.

– Ақ Жайық атырабының сұлу табиғатын, өзен-көлін, аң-құсын көркем суреттеген ақын-жазушылар көп-ақ. Олардың шығармашылығына қанып өскен ұл-қыздардың туған жеріне деген сүйіспеншілігінің, ықылас-ілтипатының ерекше болатыны сөзсіз. Осы орайда жергілікті қаламгерлер насихаттала ма? 

– Жергілікті қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа таныту мақсатында түрлі деңгейдегі байқаулар, конференциялар, ауқымды шығармашылық сайыстар өткізіліп жүр. Қаламгерлерге арналған кітап көрмелерін оқырмандар қызыға, құлшына тамашалайды. Қадыр Мырза Әли, Сағынғали Сейітов, Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Ақұштап Бақтыгереева сынды өлкеміздің әсем табиғатын тебірене суреттеген қаламгерлердің шығармашылығын насихаттауға тиіспіз. Олардың кітаптары көп оқылса, шын қуанамыз. Оқырмандарымыз жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын оқығанда кеудені бір мақтаныш кернейтінін айтады.

Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясын жан-жақты зерттеу және жазушының әдеби мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында кітапханамызда «Хамзатану» орталығы жұмыс істейді. Қазан айында ақын Қайрат Жұмағалиевтің 85 жылдығына арналған «Балапандарым, балақандарым» атты мәнерлеп оқу байқауы облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Байқау «Перзент үні» атты әдеби-музыкалық фестиваль түрінде Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қорытындыланды. Өз елін, туған жерін мақтанышпен суреттеп, жырға қосқан қаламгерлерді насихаттау және зерттеу жұмысын әрі қарай жалғастыру – кітапханашылардың  басты  міндеті.

– Эльвира Есіркепқызы, кітап қорын молайту мақсатында ең әуелі нені ескересіздер? Жаңа кітаптарды сатып алуға қаражат жеткілікті бөліне ме? Жалпы кітапханаға қатысты қаржы мәселесі қалай? Мамандардың айлығы шайлығына жете ме? 

– Кітапханамызда 203 904 кітап бар. Соның 47 812-сі қазақ тілінде. Биыл қорға 183 дана кітап, 110 атаулы мерзімді басылым түсті. Балалар әдебиетін, өлкетануға, патриоттық тәрбиеге қатысты және саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын кітаптарды алдыруға тырысамыз. Қорды жинақтау барысында, ең әуелі, оқырмандардың сұранысы ескеріледі. Қор дұрыс жинақталса, жұмыс та нәтижелі болады. Кейінгі кездері кітапхана қорын толықтыруға бөлінетін қаржының көлемі азайды. Соған қарамастан, биыл кітап қоры «Қазақ балалар әдебиеті антологиясының» 10 томдығымен, «Танымал ертегілер» сериясымен «Аруна» баспасынан шыққан кітаптармен, «Мазмұндама» баспасының аудармаларымен және 4D форматындағы кітаптармен толықты. Жыл сайын жергілікті бюджеттен кітап алуға 700 000 теңге шамасында, ал мерзімді басылымдарға жазылуға 800 000 теңге  бөлінеді.

Кітапхана саласына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, еңбегіміз еленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың қаңтар айынан бастап кітапхана қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын кезең-кезеңімен 20 пайызға өсетін болды. Биылдан бастап 24 қазан – Кітапханашылар күні болып бекітілді. Бұл – үлкен қолдау. Былтырғы жылдың балалар әдебиетін қолдауға арналғаны да қуантты. Біздің кітапхана үшін іс-шараларды ұйымдастыруға қаржы жеткілікті.

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале