4.09.2019, 19:31
Оқылды: 358

Биыл БҚО-да «Нұрлы жермен» 1 593 пәтер берілмек

Орал қаласына келген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Зашаған кентінде Орал-Саратов автожол бойында «Алтаир» ЖШС салып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты.

mamin aqjaiyq (6)

Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылған құрылыс жобасының құны – 1,7 млрд. теңге. Келесі жылы құрылыс мерзімі аяқталып, 216 пәтер кілті тұрғындарға беріледі. Қазіргі уақытта қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылған үйдің балкондарына терезе орнату жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс нысаны жанында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев үкімет басшысына өңір бойынша «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асуы жөнінде баяндады.

mamin aqjaiyq (3)

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында облыс бойынша 3396 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Яғни Орал және Ақсай қалаларында 17 көп қабатты үй мен елді мекендерде 117 көп пәтерлі үй салынуда. Оның ішінде көп қабатты 2 үйден 396 пәтер көп балалы отбасыларға берілмек. Облыс бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақ банк» АҚ филиалы арқылы 73 мың адам, жергілікті атқарушы органдар арқылы 25 826 адам үй кезегінде тұр. «Нұрлы жер» бойынша биыл 1 593 пәтер беру жоспарлануда. Соның ішінде 1058-ін «Тұрғынүйқұрылысжинақ банк» салымшылары алса, 535 арендалық баспанаға аудан әкімдіктері есебінде тұрғандар қол жеткізеді. 2017 жылы 392 мың шаршы метр, былтыр 432 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Биыл 450 шаршы метр баспана салу көзделуде, - деді Бағдат Азбаев.

mamin aqjaiyq (2)

Оның айтуынша, Орал қаласы мен Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Теректі аудандарында 2,9 млрд. теңгеге инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымдарының нысандары салынуда.

«Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым жобаларын жасақтағанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және ҚР Энергетика министрлігіне бөлек-бөлек дайындаймыз. Жобалар құжаттамаларын біріктіріп, қаражат үнемдеген тиімді», – деді Бағдат Азбаев.

Облыс бойынша әлеуметтік нысандар құрылысына 4,4 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражатқа Орал қаласында 900 балаға арналған №51 мектеп пен Ақжайық ауданы орталығындағы апатты мектеп орнына интернаты бар мектеп ғимараттары салынады.

«Қазталов ауданында 600 орындық мектеп салу жоспарланған. Оның жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылысқа 2,4 млрд. теңге қажет. Бірақ ҚР Қаржы министрлігі 1,2 млрд. теңге бөліп, 300 орындық мектеп салуды талап етіп отыр. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.

Биыл облыстағы 40 елді мекенге ауыз су жеткізіледі. Ол үшін 4,1 млрд. теңгеге 589 километр су құбыры тартылуда. Нәтижесінде өңірдегі елді мекеннің тең жартысы таза судың игілігін көреді.

– Облыс бойынша 6,5 мың республикалық маңыздағы, 5,1 мың жергілікті маңыздағы автожол бар. Республикалық маңыздағы автожолдардың 92 пайызының жағдайы жақсы. Былтыр жұмыс сапарымен өңірімізге келген Елбасы екі тапсырма берді. Оның біреуі – Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарына баратын автожолды күрделі жөндеу. Биыл бюджеттен 2,4 млрд, теңге бөлініп, мердігерлер 13 шақырым жолды жөндеу жұмысына кірісті. Екінші тапсырма бойынша Ресейдің Орынбор облысына шығатын халықаралық маңызы бар 144 шақырым жолды жөндеуге қатысты құжаттар әзірленуде, – деді Бағдат Азбаев.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалап отыруды тапсырды. Бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша облыс әкімдігі шешімін табуды ұсынған сауалдар құзырлы министрліктер назарынан тыс қалмайтынын айтты.

Нұртай Текебаев

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале