26.02.2022, 15:50
Оқылды: 214

Биыл да Жайықтағы су деңгейі төмен болуы мүмкін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Жайық өзенінің тартылып кетуінің басты себебін климаттық ахуал мен антропогендік факторға байланысты деп атады.

WhatsApp Image 2022-02-25 at 20.28.42

Бұл жайында трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мәселесі бойынша БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында айтты. Оған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты құрылымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, облыстық басқарма жетекшілері, аудан әкімдері және РФ Федералдық су ресурстар агенттігінің Төмен-Еділ бассейндік су басқармасы басшысының орынбасары Сергей Ридель қатысты.
– 1925-2021 жылдары Жайық – Көшім арнасы бойынша судың ортакөпжылдық ағыны – 9,58 км3 болған. Соңғы 20 жылда бұл көрсеткіш 8,14 км3 шамасында болды. 2019 жылы ең төменгі 3,5 км3 шамасындағы жылдық ағын тіркелді. 2020 жылы ортакөпжылдық ағын 4,3 км3 құрады. Жайық өзенінің ахуалы мемлекет бақылауында және екі ел президенттері мен үкімет басшыларының деңгейіндегі кездесулерде өзен тағдырына қатысты мәселе талқыланып келеді. Өкінішке қарай алдын ала болжам бойынша судың аздығына байланысты цикл биыл да сақталады. Жайық өзенінің ерекшелігі – оның жылдық ағынының 70 пайызы су тасқыны болатын кезеңде толығады. Осы уақытта өзен суының 80 пайызы РФ және ҚР су қоймаларында жиналады. Соның салдарынан антропогендік фактор күшейе түсіп, өзеннің төменгі жағына су келмей жатыр. 2021 жылы Жайық өзенін экологиялық тұрғыда оңалтуға байланысты Қазақстан мен Ресейдің бірлесуімен бағдарлама қабылданды. Одан бөлек бірыңғай жол картасы аясында өзен бойындағы су шаруашылығы нысандарын жақсартуға байланысты зерттеу жұмысы жүргізілуде. Президент тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан және Атырау, Ақтөбе облыстарында Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау үшін жасақталған іс-шара жоспарына сай 2025 жылға дейін 98 миллиард теңге қаржы жұмсау көзделуде, – деді жиынға онлайн жүйемен қатысқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.
Жиында «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ директорының орынбасары Саят Әлімқұлов Жайық-Каспий су шаруашылық алабы табиғи су ресурстарының, өзен ағыны, атмосфералық жауын-шашын мен ауа температурасының көп жылдық тербелісі, су ресурстарының антропогендік өзгерісі туралы мағлұмат келтірді. «Толыққанды талдау үшін Жайық өзені бойында орналасқан барлық су қоймасындағы жағдай туралы ақпарат жетіспейді. Сондықтан бұл мәселе тек клиамттық ахуалға байланысты деп түйін жасауға болмайды. Әлбетте, жалпы өзен ағынының азайып кеткені анық байқалады. Бірақ бұған антропогендік фактор ықпал етіп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Трансшекаралық өзеннің сақталуына қатысты мәселелерді қос тарап экологиялық және экономикалық тұрғыда бірлесіп шешуге мүдделі болуы керек. Жаңа ғана вице-министр Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау, су шаруашылығы нысандарын дамыту үшін кезең-кезеңімен миллиардтаған теңге бөлініп жатқанын айтты. Бірақ осы қаржыдан ғылыми-зерттеу жұмысына аталған қаржының бір пайызы да қарастырылмай отыр. Ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасы – кешенді зерттеу жүргізудің бір ғана бөлігі. Гидрологиялық жұмысты барлау бар мәселені шешпейді, балық шаруашылығын, жануарлар әлемін және орман алқабын сақтап қалуға мүмкіндік беретін жан-жақты терең ғылыми зерттеу жүргізу ауадай қажет», – деді Саят Құрбанбайұлы.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті директорының орынбасары Наталья Даулетьярова «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасы» жөнінде баяндады. «Қазгидромет» РММ бас директорының орынбасары Серік Саиров бірыңғай жол картасының жүзеге асуы және гидрологиялық болжам туралы айтты. Ол «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-мен бірлесіп көпжылдық гидрологиялық және гидрохимиялық мәлімет базасы жасақталғанын хабарлады. Жайық өзені бойындағы гидрологиялық бекеттер туралы электронды карта-сызба дайындалған. Оған қоса гидрологиялық және метеорологиялық өзгерістер жайында талдау есептері жүйелі түрде ұсынылып отырады. Көрші елдегі «Росгидромет» мекемесінің 1 ақпандағы болжамы бойынша көктем кезінде Жайық бойындағы Ириклинск қоймасына 300-900 текше метр су жиналуы мүмкін. Су қоймасына дейінгі қар көлемі ортакөпжылдық көрсеткіштен 10% төмен болса, одан кейінгі жерлерде (Орынбор қ., Көшім, Сақмар) қардың жиналуы 10-15%-ға көп. «Қазгидромет» еліміздің батыс бөлігінде наурыз айында жауын-шашын көлемі нормаға сай болады деп болжап отыр. Серік Саиров қазіргі ахуалды сараптай отырып, биыл да өзен арнасымен судың келу көлемі төмен болатынын айтты.
Жиында РФ Федералдық су ресурстар агенттігінің Төмен-Еділ бассейндік су басқармасы басшысының орынбасары Сергей Ридель, «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ басшысы Ғалидулла Азидуллин сөйледі. Одан кейін «Жайық-Урал» экологиялық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Тарасенко, М. Өтемісов атындағы БҚУ Ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов, облыстық мәслихат депутаты Әлия Салиева және бірқатар сала мамандары мен еңбек ардагерлері Жайық өзенін сақтап қалуға байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Келелі басқосуды облыс әкімі Ғали Есқалиев қорытындылап, өзеннің экожүйесін жандандыру мәселесі құзырлы мекемелер назарында болатынын айтты.

Нұртай Текебай, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале