ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов жөндеу науқанының барысы туралы баяндады.

Фото: istockphoto.com
Биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда негізгі жабдықтардың 50 бірлігінде жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Сонымен қатар елімізде 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 404 қосалқы станция жөнделді. Жылу желілерін жөндеу жұмыстары 89 пайызға орындалып, бұл көрсеткіш тозу деңгейін 48 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ энергия көздерінің қоймаларында 4,2 млн тонна көмір мен 131 мың тонна мазут жинақталып, отынмен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауға алынды.