18.08.2022, 18:00
Оқылды: 106

«Біз – айтыстың мөлдіреген аспанымыз»

Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында Сырым Датұлының 280 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова және Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылмын» атты облыстық оқушылар айтысы өтті.

1

Облыс көлемінде оқушылар арасында өтіп отырған айтысты Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдени-ағарту бірлестігі ұйымдастырды. Жыр додасына Орал қаласы, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, және Теректі аудандарынан небір ойы озық оғландар жиналды. Айтысқа қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, жас ақындарға сәттілік тіледі.

7а

- Өңіріміздегі танымал ақындардың талай додаларда топ жарып жүргені бәрімізге белгілі. Сахнада тұрған жас таланттарға сол аға-апаларының ізбасары боп, еліміздің дамуына өз үлестерін қоса берсін деген тілегімді білдіргім келеді, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.

2а

Аталмыш жыр бәйгесінің өтуіне мұрындық болған азаматтардың бірі, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла Ақ Жайық айтыскерлерінің аға буын өкілдерін ерекше атап өтті. Осындай игі бастамалардың басы-қасында болып, атсалысып жүрген жандарға алғысын айтты. Сонымен қатар ҚР Білім беру саласының үздігі және денсаулық сақтау саласының ардагері, БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген бала қырандарға батасын беріп, болашақтарының жарқын болуын тіледі.

3а

Жас өрендердің өнерлеріне баға беретін қазылар алқасының құрамында халықаралық, республикалық  ақындар айтысының жүлдегерлері – Айнабек Бисенғалиев, Мұрадым Мирланов, Талғат Мықи, сондай-ақ республикалық, облыстық ақындар айтысының дарабоздары – Эльдар Ихсан, Естеміс Мұхамбетов және Әділ Ахметов болды.

Айтыстың алғашқы жұбы боп Орал қаласының оғландары Бекзат Баян мен Әділхан Қанатқали шығып, өз өнерлерін паш етті.

13

Келесі кезекте Сырым ауданынан келген Нұрым Аманкелді мен Орал қаласының ақын аруы Айару Асланбекқызы жұп болып, жұп-жұмыр, теп-тегіс өлеңдерін төгіп кеп жіберді.

9а0

Айтыстың үшінші жұбы – Орал қаласының жас бөрісі Әлішер Сүндетов пен Бөрлі ауданының қарадомалағы Заманбек Оразкелдиев. «Қыздарының өзі осындай батыр болса, Ұлдары осал болған ұят болар» деген Заманбек қайсарлықпен қаза тапқан апаларымызды қаперімізге сала отырып, қазақтың ерлеріне тән мінезін көрсетті. Сүйектен өтер сөздерімен бір-бірін жаншылап та, қамшылап та алған екі ақын өнердегі ұстаздарының сыйластығын естеріне түсіріп, үлкендердің ізгі жолын үлгі етеміз деген шешіммен аяқтады.

Қаратөбе ауданының дөңгелек жүзді, сүйкімді балақайы Досхан Бекболатұлы мен теректілік қарындасымыз Ділназ Исмағұлдың айтысы тартысқа толы болды. «Айтысты Досхан деген ұл жалғайды, Мұндай кезде жетім сөз тыңдалмайды» деп бастаған қаратөбелік құлыншақ домбыраны әлі үйрене қоймағанын бірден мойындады. Топ ішінде тапқырлығымен ерекшеленіп тұратынын дәлелдеген Досхан әр сөзіне әзілімен дәм беріп отырғандай.

Одан кейін Ақжайық ауданының ақын баласы Абзал Наурызғали және Орал қаласының          өкілі Ақбөбек Самигуллиева сахна төріне шақырылды. Ашығын айтар болсақ, керемет басталған бұл жұптың айтысы жәймен созылып, ақындардан бір қобалжу байқалды. Дегенмен арасында  ойын жинақтап, бір-біріне ұтымды жауап беріп отырған тұстары да бар. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, соңғы жұпқа оңай болмады анығында.  «Ақындарды айтыстың нүктесін әдемі қою керек» деген жауапкершілік алаңдатқандай, оның үстіне кезегін күтіп шаршаған секілді.

3

Жас жүйріктер сөз барымтасында бас жүлдені оралдық сүйкімді қарындасымыз Айару Асланбекқызы жеңіп алды. Сондай-ақ Досхан Бекболатұлы – І, Бекзат Баян – ІІ және Ділназ Исмағұл жүлделі ІІІ орындарды иеленді. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, ниетпен қалған қатысушы балғындарды құр қол қайтармай, өңірдің дамуына үлесін қосқан ақын аға-әпкелерінің атындағы арнайы жүлде тағайындалды. Атап айтсақ, Хамит Әбілов атындағы арнайы жүлдеге Абзал Наурызғали, Ботакөз Баймұханова атындағы арнайы жүлдеге Ақбөбек Самигуллиева, Асылбек Ишанов атындағы арнайы жүлдеге Нұрым Аманкелді, Александр Қауенов атындағы арнайы жүлдеге Әділхан Қанатқали,         Жаңыл Жұрмағамбетова атындағы арнайы жүлдеге Әлішер Сүндетов және Жаңылай Меңдіғалиева атындағы арнайы жүлдеге Заманбек Оразкелдиев лайық деп танылды.

Бала тілінің бал екенін тағы бір сезінген жұрт жас болғанымен талабы таудай оқушыларға ізгі тілектерін білдіріп, мәз-мейрам боп тарқасты.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале