9.09.2021, 10:06
Оқылды: 1470

Біз де студент болғанбыз...

«Уақыттан асқан билік жоқ, уақыттан асқан жүйрік жоқ» демекші, осыдан 50 жыл бұрын арман қуған жастар Қазақстанның түкпір-түкпіріне зор шабытпен аттандық. Осы уақыт аралығында қоғамда да, біздің өмірімізде де елеулі өзгерістер болды...» деп еске алады Алатау бөктеріндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 50 жыл бұрын бітірген түлек, бүгінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков.

 66

Жетістікке жету жолы еңбек екенін атап өткен, іспен дәлелдеген университеттің 1971 жылғы түлегі. Оқу орнын бітірген 50 жылдық кездесу қарсаңында Тұяқбай Зейітұлы: «Біздің ҚазҰУ-ды бітіргеніміздің 50 жылдығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Адам баласы жақсылыққа тез үйренеді. Соңғы жылдарда елімізде болып жатқан оң өзгерістер – тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан да елдің болашақ тағдыры мен тәуелсіздік ұғымдары бір-бірінен алшақ кетпейді.

Тәуелсіздік жолы тақтайдай тегіс болмайтынына біз осы осы жылдардың ішінде көз жеткіздік. Тәуелсіздкпен мақтану, желпіну аз. Қазіргі басты міндет пен парыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау және оны әрі қарай нығайту. Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан, тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра беруіміз қажет. Өйткені тәуелсіздік бәрінен де қымбат, бәрінен де қастерлі».

Осы уақыт аралығында университет бітірген өрімдей жастардың барлығы бүгінде отбасылы боп, ұл-қыз өсіріп, оларды үйлендіріп, құтты орындарына қондырып, немере-шөбере сүйген, мәуелі бәйтерекке айналған жандар. Қандай да болсын жетістікке жетудің жолы еңбек екенін естен шығармаған жастар. Соның нәтижесінде әртүрлі лауазымдарға көтерілген, түрлі марапаттарға ие болған, университеттен алған білімдерін жас ұрпаққа өз деңгейінде жеткізе білгендер. Жастарды әркез адамгершілікке баулыған жандар. Міне, осындай университеттің жас түлектері білім алған қара шаңырағын ұмытпасы анық. Білім берген оқу ордасы да мұндай түлектерімен мақтанары хақ.

Мақтаулы түлектер қатарындағы Тұяқбай Зейітұлы бұл кездесуге жалғыз барған жоқ. Бір топта білім алып, бір мамандықта оқыған, диплом алғасын бір өңірге келіп, бірге қызмет атқарған, бір отбасын құрып, екі ғалым, екі тарихшы боп, бүгінде еңбектің зейнеттік жасына жеткен ғалым, ұстаз Шынтемірова Баян Ғаббасқызымен бірге барды. Мерейлі 50 жылдық кездесулерінен кейін Баян Ғаббасқызы оқу бітіріп, еңбекке араласқан алғашқы жылдарын сағына еске алады.

7

- 1971 жылы Киров атындағы КазГУ-ды бітіріп келдік. Керемет

жылдар, жастық оты жалындап тұрған шақ. М.Өтемісов атындағы БҚУ, бұрынғы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына жолдамамен жіберген, дәлірек айтқанда  тарих факультетіне қарасты дүние жүзі тарихы және саяси пәндер кафедрасында аға оқытушы боп бастадық. Ол кезде институттың ректоры тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сидоров Виктор Кузьмич болатын. Тарихшы ғалымдардың қатарының көбеюіне қолдау жасаған бірден-бір жан. Ол кезде аспирантураға жолдама көп беріле бермейтін. Ректор боп тұрған тұста да, кейін де минстрлікке ауысып, қызмет атқарғанда оралдық  ғалымдарға деген ағалық  қолдауын тоқтатпады. Өте керемет адам болды. Кафедрада мықты ғалым-ұстаздар қызмет атқаратын. Г.А.Кушаев, О.И.Гришина, П.Р.Букаткиндер біз секілді жастарды жылы қабылдап, ұстаздық жолда өнегелі үлгі көрсетті.

Бір жыл жұмыс жасадық институтта. Оқытушыларға берілген жатақханада тұрдық. Бір жылдан кейін осы институтқа бір жолдамамен келген Тұяқбай Зейітұлымен бас қосып, отбасылы болдық. Тұяқбай Зейітұлы 29 жасында кандидаттық диссертациясын қорғап, сол кездегі ең жас тарих ғылымдарының кандидаты атанса, мен кейінірек аспирантураға түсіп, 41 жасымда қорғаппын. Ол кезде қорғау процесінің өзі бөлек болатын. Қатарынан 9 аспирант қорғап келіп, институт ұжымы қатты қуанған кездер әлі есімізде. Кейін ғылым докторы атандық».

Оқыған топтарының да осал болмағаны анық. Бір топтан 6 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы шықса, курс бойынша 4 ғылым докторы шыққан екен.

Түлектердің 50 жылдық кездесуі қарсаңында өз түлектерін жинаған білім ордасы мақтаулы түлектеріне деген құрметтерін ұмытпағаны хақ. Мерекелік кездесуде Тұяқбай Зейітұлын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаған.

Ұстаздық пен ғалымдықты қатар тізгіндеген курстастар, бүгінде олардың  барлығы еліміздің әр өңірінде қызмет еткен, абырой биігіне жеткен ардагер ұстаздар, аяулы жандар. 50 жылдық кездесуде барлығымен бірдей кездеспесе де, бірге білім алған біраз жас, қазір еңселі жас төріндегі жандар үміт пен арманға толы жастық кезеңді бір сәт еске алып, білім берген қара шаңырақтарына алғыс айтып, құрметіне бөленіп  қайтқандай.

Рита Сұлтанғалиева,

                                                                     М.Өтемісов атындағы БҚУ

                                                                     қауымдастырылған профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале