19.12.2020, 10:40
Оқылды: 180

«Бизнес  субъектілерге  қатысты 19  заңсыз  тексерістің  жолы  кесілді»

Прокуратура құрылымдарының маңызды бөлігі саналатын  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті – еліміздегі құқықтық ахуалдың барометрі іспетті. Өйткені, еліміз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы мен қылмыстық,  әкімшілік, азаматтық істерге қатысты барлық дерек осы комитеттің дерекқорына жинақталады. Осындай дерек-дәйекке қарап, қоғамдағы құқықтық ахуалға баға беруге болады. Осы орайда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасының бастығы, аға әділет кеңесшісі Жанат Нұрмағамбетовамен сұхбаттасқан едік.

????????????????????????????????????

–  Жанат Жандоллақызы, ең алдымен сіздің құрылымға жүктеліп отырған міндет-миссияға тоқталып өтсеңіз. Қызметтік жаңа міндеттемелер жүктелді ме? Карантин режімі сіздің қызметке кері әсерін тигізді ме? Құрылымда  жаңалық, өзгерістер мен тың жобалар бар ма?

– Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі құрылым шынайы әрі толық мемлекеттік құқықтық статистиканы қамтамасыз етеді. Қазір статистикалық есеп көрсеткіштерінің негізінде кез-келген мемлекеттік құрылымның жұмысына баға бере аламыз және оларды қалыптасқан жағдайға байланысты алдын алу шараларын қабылдау үшін статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Құқықтық статистика  және арнайы есепке алу жөніндегі облыстық басқарманың құрылғанына да 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында дамудың бірнеше кезеңдерін бастан кешірді. Көптеген функция заман талабына сай жаңартылды, автоматтандырылды. Басқарманың ең бірінші міндеті ол – дұрыс әрі толық құқықтық статистиканы қалыптастыра отырып, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы мемлекеттік құрылымдарды, жеке және заңды тұлғаларды ақиқат ақпаратпен жүйелі қамтамасыз ету. Толық статистиканы қалыптастыру мақсатында прокурорлық қадағалау жүргізіледі. Сондай-ақ құқықтық статистикалық жүйені жетілдіру мен дамытуды жүзеге асырады. Осы орайда құрылымның жаңа функцияларына тоқталсам. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бас прокуратураның бес жобасын жүзеге асырудамыз. Олардың барлығы прокурорлық қадағалау  жұмысын жетілдіруге бағытталған. Оның біріншісі – «Электрондық қылмыстық іс» жобасы. Бұл жобаның тиімділігі мол. Өйткені қағаз түріндегі құжат қылмыстық істер туралы ақпараттың негізгі тасымалдаушысы болып табылады. Онда жазбаша іс жүргізу құжаттарында әр түрлі тергеу әрекеттері, тергеушінің, прокурордың және соттың шешімдері көрсетілген. Қылмыстық істің күрделілігі мен көп эпизодты болуы, көптеген сот сараптамалары, айыпталушылардың, жәбірленушілер мен куәгерлердің пікірлері тергеу материалдарының көп болуына әкеледі, бұл өз кезегінде том-том қағаздың пайда болуына ықпал етеді. Сондай-ақ тергеушілердің процестік әрекеттерді прокурормен келісуі, санкциялар алу, процеске қатысушыларды материалдармен таныстыру, сот сараптамалары секілді қағазбастылық та бар. Сондай кезде процеске қатысушылардың және құқық қорғау құрылымдары мен халық арасындағы қатынастардың ашықтығын толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік болмай қалатын. Соған орай Мемлекет басшысы Стратегиялық даму жоспарында қылмыстық сот ісін жүргізуді электрондық сипатқа (форматқа) кезең-кезеңімен көшіруді  енгізген  болатын. 2017 жылы ҚР Бас прокуратурасы «Сотқа дейінгі тергептексерулердің бірыңғай тізілімі» атты ақпараттық жүйесінің базасында «Төрелік» сот ақпараттық жүйесімен біріктірілген «Электрондық қылмыстық іс» модулін әзірледі. Бұл қылмыстық сот ісін жүргізудің барлық сатыларын цифрландыруға мүмкіндік берді (құқық бұзушылықты тіркеуден бастап сот үкімін шығаруға дейін).

2018 жылдан бастап қылмысқа кінәлілер мен онша ауыр емес қылмыстар электронды сипатта (форматта) тергеліп келеді. Біртіндеп күрделі істерді тергеуге көштік. Бүгінгі күні бір эпизодты орта дәрежедегі, ауыр дәрежедегі қылмыстар тергелуде. Осы жоба  аясында тергеу жүргізетін қызметкерге мемлекеттік құрылымдардан (органдардан) адамдарға, іс бойынша өтетін мүлікке мәліметтер сұраудың қажеті жоқ. Мұның бәрін тергеуші интеграцияланған жүйелер арқылы кабинеттен шықпай-ақ, электронды түрде ала алады. Цифрландыру аясында жасалған жұмыстардың тағы бір артықшылығы – қашықтан санкция беру. Санкциялау рәсімі бейне-конференция байланысы режімінде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде уақыт шығындарын азайтады, күдіктінің қашу қаупін болдырмайды, басқа да бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.  Сондай-ақ «Жария сектор» веб-порталы бар. Оның көмегімен қылмыстық процеске қатысушылар сайтта өтініштер, шағымдар бере алады, іс материалдарымен онлайн танысуға, іс жүргізу құжаттарының көшірмелерін алуға мүмкіндік бар.  Қазір облыста жалпы тіркелген қылмыстық істердің 44%-ы электронды сипатта тергелуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылдан  бастап прокурорларға  адамның құқығы мен бостандығына қатысты процестік шешімдерді келісу міндеті жүктелгелі отыр. Осыған байланысты ағымдағы жылдың қазан айынан процестік шешімдерді электронды түрде қабылдап, келісудің апробациясын бастап кеттік. Жоба қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Құжаттардың бұрмалануын және ауыстырылуын болдырмайды әрі тергеу ісіне шағымдар азаяды, халықтың сенімін арттырады. Ал «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» жүйесі электронды хаттамаларды планшеттерде толтыруға мүмкіндік беруде. ӘІБТ мемлекеттік құрылымдардың қажетті базаларымен біріктірілді. Азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірін немесе көліктің нөмірін теру жеткілікті, құқықбұзушылық туралы барлық дерек экранға шығады. Бұл салынған әкімшілік айыппұлдарды өтеу тәртібін айтарлықтай жеңілдетеді, (санкцияда көрсетілген айыппұл-дың 50% мөлшерінде төлем құқығын пайдалана отырып), сондай-ақ ірі банктердің кассалық бөлімшелері арқылы салынған айыппұлды сол жерде төлеуге болады. Айыппұл төленгеннен кейін, бұл туралы мәлімет 15-20 минут ішінде жүйеде бейнеленеді, бұл азаматтарды мемлекеттік құрылымдарға аяқтай барып, уақыт жоғалтудан құтқарады және  төленген түбіртектер растауды қажет етпейді. Әкімшілік өндірісті электронды жүргізу қызметкердің уақыты мен ресурстарын үнемдейді, азаматтар үшін қағазбастылықты жояды, ал прокурорлар үшін онлайн режімде қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысына сүйенсек, әкімшілік айыппұлдарды өндіру бойынша  республикада екінші орындамыз. Өндіру пайызы 73,8% құрап отыр немесе 1 300 714 744 теңге қазынаға түсті. Ал «Тексеру субъектілерінің және объектілерінің бірыңғай тізілімі» жобасына тоқталсақ, ол – қадағалау ісін жеделдету және бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау үшін құрылды. 1999 жылдан бастап прокуратура құрылымдары мемлекеттік құрылымдар жүргізетін тексерістерді тіркейді және заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тексерістерді тіркеуден бас тартуға құқылы. Аталған жүйе мемлекет тарапынан болатын бақылау және қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Тексеруге жататын кәсіпкерлерді іріктеу үрдісі автоматтандырылды. Бүгінгі күні барлық жоспарға сай және жоспардан тыс тексерістер тек осы жүйе арқылы тағайындалады. Егер субъект тексеріс кестесінде болмаса, жүйе тексеріс тағайындау туралы актінің қалыптасуын болдырмайды, егер жоспардан тыс тексеріс қажет болса, онда мемлекеттік құрылым актіні жүйеге енгізеді, кейін прокурор онлайн режимде заңдылығын тексермейінше тексеріс жүргізілмейді. Биыл бірінші қазаннан бастап мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін оңтайландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау  мақсатында мемлекеттік құрылымдарға арналған «Тексеру» қосымшасының  апробациясы басталды. Олар БҚО сәулет-құрылыс басқармасында, БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасында, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша басқармасында және Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша басқармасында жүргізілуде. «Тексеру» қосымшасы «Тексеру субъектілерінің және объектілерінің бірыңғай тізілімі» жобасының бөлігі болып табылады. Жұмыс орнына бармай-ақ тексеріс тағайындау туралы актілерді жасақтауға, тексерістің мерзімін ұзарту туралы қосымша актілерді қарауға, нәтижелерін енгізуге мүмкіндік береді.

«Аналитикалық орталық» жобасы – көп функционалды талдау  және болжау құралы. Ол прокуратура мен мемлекеттік құрылымдардың міндеттерін шешу үшін құрылды. Мемлекеттік деректер базасындағы ауқымды деректерді өңдеу негізінде күнделікті міндеттерді шешуге арналған барлық қажетті ақпарат бірыңғай платформада жинақталатын болады. Бұл өз кезегінде құқық қорғау құрылымдарының күш-құралдарын оңтайлы орналастыруға, уақтылы ден қою және алдын алу мақсатында қылмыстылықтың жай-күйін, айлашарғыларды  жедел зерделеуге мүмкіндік береді. Ал енді «Электрондық өтініштер» жобасына келер болсақ, аталған жоба толыққанды іске қосылған жоқ, болашақта енгізіледі. Жобаның тиімділігі өтініштерді дұрыс жіктеп, құзіреті бойынша тиісті құрылымдарға (органдарға) шатаспай түсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүйеден нақты бір облыс, аудан бойынша өтініштерге қатысты талдау шығаруға болады. Бұл  жалпы қадағалау тексерістерін тиімді түрде жоспарлауға оң әсерін тигізеді. Жоғарыда атаған жобаларға байланысты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстық басқармасына да жаңа міндеттемелер жүктелді.

Коронавирус індетіне орай жарияланған карантин әрине барлық салаға кері  әсерін тигізді. Алайда жұмыс тоқтаған жоқ, қалыпты жағдайда қалай жүргізілсе, сондай қарқынмен жалғастырудамыз. Басқарма тарапынан жүргізілетін тексерістер саны сәл-пәл кеміді, алайда қадағалау шараларын үзген жоқпыз. Оқыту шаралары, негізгі бағыттар бойынша облыстың мемлекеттік құрылым-дарымен өзара іс-қимыл жасау жұмыстары бейнеконференц байланысы арқылы өтуде.

–  Осыдан үш жыл бұрын «service.pravstat.kz» ақпараттық сервисі іске қосылған еді. Бүгінде бұл сервистің жұмысы қалай жүзеге асуда? Тиімділігін көрсетті ме?

–  Иә, осыдан үш жыл бұрын «service.pravstat.kz» ақпараттық сервисі іске қосылды. Қазір ол сервис «Қамқор» ақпараттық порталы деп аталады. Сайт қазір жұмыс жасап тұр. Тиімділігін көрсетті. Аталмыш сервис арқылы әр азамат үйінен шықпай-ақ полицияға, мемлекеттік құрылымдарға өтініш бере алады және берген өтінішінің орындалу барысын бақылай алады. Айыппұлдың, көліктің жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын тексере алады. Порталға «qamqor.gov.kz» интернет порталының көмегі арқылы кіреді, сондай-ақ, ұялы телефондарға жүктеуге болады.

–  «Service.pravstat.kz» сервисінде «Қылмыстар туралы өтініштерді бақылау» деп аталатын ұяшық болды. Осы орайда биыл облыста қанша қылмыс тіркелді? Қылмыстың қай түрі облыста дендеп тұр? Не себепті деп ойлайсыз? Қылмыс дерегі бойынша қай аудан «алда келеді»? Соның ішінде жасөспірімдерге қатыстысы нешеу?

–  «Қамқор» ақпараттық порталында бұл функция бар. Құқық қорғау құрылымдарына жүгінген кез келген азамат өтініш талонының 15 таңбалы нөмірін теріп, берген өтінішінің орындалу барысын қадағалай  алады. Биыл 11 айда облыста жалпы 6615 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасын»  іске қосқан болатын. Әкімдіктің қолдауымен  қазір бұл карта біздің облыста да жұмыс жасап тұр. Түсіндіре кетсек, мысалы, бір ауданда қылмыстың бір түрі орын ала береді делік. Келесі ауданда жол қозғалысының қауіпсіздігі бойынша проблемалар алаңдаушылық туғызуда. Картадағы жағдайға қарай отырып, елді мекеннің қандай учаскелеріне полицияның қосымша күш-құралдарын бөліп-орналастыру қажет екенін бірден аңғаруға болады. Тілге тиек болып отырған карта полиция құрылымдарына алдын алу шараларының дұрыс бағытталуын және  қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты бөліністерді дұрыс бөліп орналастыруға септігін тигізеді. Биыл картада 5 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық бейнеленді. Әр екінші қылмыстық құқықбұзушылық – бөтеннің мүлкін ұрлау болып табылады. Қылмыстың осы түрі қазір дендеп тұр. Пандемияға байланысты жалпы құқықбұзушылықтардың саны 26,3%  азайды.  Бұл көрсеткішті картадан да көруге болады. Картадағы талдауға сүйенсек, 2018, 2019 жылдары ең криминогенді учаскелер санатына  «Сити-центр» сауда орталығы кірген еді. Биыл қылмыстың көп бөлігі «Мирлан» және» Адал» базарларында  жасалды. Алайда жалпы қылмыс санының азайғанына қарамастан кейбір қылмыс түрлері бойынша өсім байқалады. Биылғы жылдың 11 айында кісі өлтіру оқиғасы 12%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 14 %-ға, алаяқтық 12%-ға жиіледі. Пандемия кезінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар 18 %-ға артты.

–  Жанат Жандоллақызы, сондай-ақ сервисте «Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды қылмыс жасалғандар картасы» бар. Онда қанша педофил, яғни бұл бағытта жазасын өтеп шығып, қазір бостандықта жүргендер туралы ақпарат беріледі. Яғни арнайы сұлбаның үстінен бассақ, олардың фотосуреті шығып, аты-жөні, туған жылы, қашан, қай сотпен, ҚР Қылмыстық кодексінің қандай бабымен сотталғаны, түзету мекемесінен қашан шыққаны, қай мекенжайда тіркелгендігінен хабардар боламыз. Осы орайда біздің облыста қанша педофил тіркелді?

– «Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар картасын» комитеттің ақпараттық сервисіндегі «кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған адамдар» геоақпараттық картасына бейнелей отырып,  іске асырады.  Адамдар туралы дерек олардың нақты тұрғылықты жері туралы ақпарат бар болған жағдайда, қажетті құжаттар комитетке түскен уақыттан бастап 5 жұмыс күні  ішінде бейнеленеді. Мұнда 1998 жылдан бастап осы тектес қылмыстар үшін сотталған және жазалау мерзімінің өтуіне байланысты босатылған адамдар туралы деректер жарыққа шығады. Ақпарат аймақтар бойынша сандық көрсеткіште ұсынылады және сауалнамалық деректері, тұрғылықты жері және сотталған күні, бабы бойынша толық ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұған қоса қылмыскердің суретін де қарауға болады. Облыс бойынша 62 педофил тіркелді, солардың 39-ы жазаларын өтеуде және 23-і бостандыққа шықты. Адамның қайтыс болуына, 95 жасқа жетуіне, және тағы басқа себептерге байланысты ҚР Қылмыстық кодекс нормаларына сәйкес қазіргі уақытта картада  жазалау мерзімдері өтпеген 6 педофил бейнеленді.

 – Қазіргі таңда кәсіпкерлерге қатысты кез келген тексеріс алдымен сіздің басқармада тіркелетіні белгілі.  Соған орай «Бизнес тірегі» тексерулерді тіркеу» деп аталатын ұяшық мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік субъектілерін тексеруіне қатысты жасақталған  еді. Бүгінде облыста кәсіпкерлерді заңсыз тексеру орын алды ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. «Бизнес тірегі» жобасы бұрын жұмыс жасады. 2017 жылы «Қамқор» деп өзгертілді. Атауы айтып тұрғандай, кәсіпкерлік қызметті заңсыз қол сұғушылықтан қорғау үшін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің арнайы жасақтаған қосымшасы болатын. Сондай-ақ әр кәсіпкердің қалта көмекшісі болып табылады. Қалай жұмыс жасайды десек, алдымен кәсіпкердің ұялы телефонына алдағы тексеру туралы  Puch-хабарлама келеді. Онда тексеруге қатысатын адамдар, мерзімдері, негіздері, тексеру тақырыбы көрсетіледі. Осы қосымшаның көмегімен кәсіпкерлер QR кодты сканерлеу арқылы тексеруді немесе профилактикалық бақылауды тағайындау туралы электрондық актінің дұрыстығын тексере алады, кәсіпкерлер жиі қойылатын сұрақтарына жауаптарды көре алады. Биыл біздің басқарма кәсіпкерлерге қатысты алты заңсыз тексерісті анықтап, есепке қойды және тексеру туралы актіні тіркеуден бас тарту арқылы бизнес субъектілеріне қатысты 19 заңсыз тексерістің жолы кесілді.

– Ақпараттық сервиске қатысты тағы бір сауалым, қолдан көлік алуды жоспарлап жүрген жандар үшін «Көлікті жол-көлік оқиғасына тексеру» ұяшығына қатысты болмақ.  Мұнда аутокөліктің VIN (шанақ) нөмірін осы ұяшыққа салып тексеру арқылы оның жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын білуге болады. Демек, ендігі кезекте Орал қаласында жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын қауіпті қиылыстар туралы айтсаңыз. Облыста биыл қанша жол апаты тіркелді? Соның салдарынан қанша адам мерт болды?

–  Ақпараттық порталда «Көлік құралын ЖКО-ға тексеру»  тарауы бар. Сіз атап өткен алгоритм бойынша көлік құралының жолөлік оқиғасына бар-жоғын анықтап білуге болады. Биыл облыста 281 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан 400-ден астам адам әр түрлі дене жарақатын алып, 71 адам қаза болды. Бүгінде Орал қаласындағы ең қауіпті қиылыс  деп Н.Назарбаев даңғылы мен Еуразия көшесінің қиылысын, Мұхит және Сарайшық көшелерінің қиылысын және Мұхит және Ықсанов көшелерінің қиылысын айтар едім.

–  Биыл облыста қанша адам із-түзсіз жоғалды?

–  Батыс Қазақстан облысының аумағында ағымдағы жыл басынан бері із-түзсіз жоғалған 48 адамға іздеу жарияланған болатын, солардың 27-сі  ер адам және 9-ы әйел, ал 12-сі  кәмелетке толмағандар. Бүгінде 45 адам табылды, 3 адам әлі іздестірілуде. Кәмелетке толмағандардың барлығы табылды.

– Енді бірер аптада тарих қойнауына кететін 2020 жылы біздің өңірде «құл иеленушілік» фактісі тіркелді ме? Осы заңға қайшы әрекетке қатысты соңғы үш жылдағы (2017, 2018, 2019) құқықтық статистикалық мәліметтерді Орал қаласы мен аудандар бойынша жіктеп-тарқатып берсеңіз?

–  Биыл облыста үш  «құл иеленушілік» дерегі тіркелді, оның екеуі  Ақжайық ауданында және біреуі Жаңақала ауданында. 2017, 2018, 2019 жылдары мұндай фактілер орын алған жоқ.

Жанат Жандоллақызы, цифрландыру бағдарламасы аясында құрылымның қандай қызметтері автоматтандырылуда?

–  Қазір біздің комитет ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызметтер тізілімдемесіне енгізілген мемлекеттік қызметтердің төрт түрін көрсетеді.

Олардың барлығы автоматтандырылды. Бұрын адамдар басқармаға келіп, өтініш толтырып, қағазбастылықпен жүріп, қарайған уақытын жоғалтқан болса, қазір ол үрдістер өзгертілді.

Біріншісі, ҚР Бас Прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің есептері бойынша  азаматтың әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны туралы мәлімет беру болатын. Мемлекеттік қызметтің аталған түрі «Электронды портал» немесе «Мемлекеттік корпорациясы» арқылы көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқартылды.

Екіншісі, ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті  және оның аумақтық басқармалары шегінде мұрағат бойынша анықтамаларды немесе мұрағат құжаттарының көшірмелерін беру төңірегіндегі цифрландыру. Бұл мемлекеттік қызмет қағаз түрінде көрсетіледі, алайда құжаттарды қабылдау қызмет берушінің кеңсесі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Бұл қызмет 10 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Үшіншісі, прокуратура, тергеу және анықтау құрылымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостилдеу. Енді бұл қызметті көрсету бойынша уәкілет комитетке және оның аумақтық құрылымдарына  берілді. Қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Композиттік қызмет көрсетудің мерзімі құжаттар топтамасын мемлекеттік корпорацияға тапсырған сәттен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнінде орындалады.

Төртіншісі, сотталған-сотталмағандығы туралы анықтама беру қызметі. Өтініштерді қабылдау «электронды үкімет» веб-порталы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, сонымен қатар мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. «Сотталған-сотталмағандығы жөнінде анықтама беру» қызметі бойынша жаңа тізілімдемемен «үшінші тұлғаға қызмет көрсету» көзделген. Үшінші тұлға рөлінде жеке немесе заңды тұлға бола алады, ал сұрау жолданатын қызмет алушы рөлінде тек жеке тұлға бола алады. Бұл жаңашылдық азаматтар жұмысқа орналасқан кезде жұмыс берушілердің анықтама талап етулерін болдырмайды. Үшінші тұлғаларға мемлекеттік қызмет тек электронды сипатта (формада) «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Бұл бағытта аталған үрдіс «жеке кабинет» немесе смс-растау арқылы сұрау жолданатын тұлға келіскен жағдайда жүргізілуі шарт. Қызметті 5 жұмыс күні ішінде алуға болады.

 

Сұхбаттасқан:

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале