10.08.2026, 16:30
Оқылды: 4

Бизнесті қолдау: мемлекет кәсіпорындардың капиталға қол жетімділігін кеңейтті

Кәсіпкерлерді жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолдаудың кең ауқымды құралдарын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің даму институттары ұсынады. Бұл жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғыртуға, бизнесті кеңейтуге және экспорт көлемін арттыруға жағдай жасап, отандық кәсіпкерліктің дамуы мен экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді - деп жазды primeminister.kz.

2-kz-3_2

Атап айтқанда, «Даму» қорының желісі бойынша 2024 жылдан бастап 2026 жылғы тамызға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға жалпы сомасы 2,2 трлн теңге көлемінде кредиттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 4674 жоба субсидиялау, 3633 жоба кепілдік беру, 1998 жоба жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын пайдаланды.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Даму» қоры шағын және орта бизнестің 13 мың жобасына 2,2 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттырудың маңызды құралы ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылғы сәуірде кепілдік қорларының тетігі іске қосылды. Бұл механизм кәсіпкерлердің банк қаржыландыруына қолжетімділігін кеңейтіп, бюджетке түсетін жүктемені азайтты. Аталған тетік аясында 3 мыңнан астам кепілдік беріліп, отандық бизнестің тұрақты дамуына қосымша мүмкіндік жасалды.

Ірі бизнесті қаржылай қолдауға Қазақстанның даму банкі бағытталған. Өткен жылы банк 77 инвестициялық жоба мен экспорттық операцияны 2,3 трлн теңге сомасына қаржыландырды. Нәтижесінде 10 ірі өндірістік нысан жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында жылына 90 мың автокөлік шығаратын толық циклді мультибрендті автомобиль зауытының құрылысы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы жалпы қуаты 200 МВт жел электр станцияларының құрылысы және басқа да стратегиялық нысандар бар.

Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдайды. Агенттік металлургия, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және басқа да салалардағы 131 экспорттаушыға 653,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті. Ірі мәмілелер қатарында «Sapa Trade Company» ЖШС қарызын сақтандыру, «Шин-Лайн» ЖШС айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ «Прима Құс» ЖШС құс етін өндіру зауытының құрылысына берілген қарызды сақтандыру бар.

Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу секторы кәсіпорындарына көрсетілген қолдау көлемі 418,5 млрд теңгеге жетті. Қолдау құралдарын 69 шикізаттық емес сектор кәсіпорны пайдаланды, оның 61%-ы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.

Шикізаттық емес сектордағы инвестициялық белсенділікті «Qazaqstan Investment Corporation» (QIC) жүйелі түрде арттырып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша құрылымның жаңа инвестицияларының көлемі 13 есеге өсті. QIC қатысатын қорлар арқылы өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және технологиялық жобаларды қамтитын 15 жобаға 787,5 млрд теңге көлемінде қаржы тартылды.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Астана халықаралық қаржы орталығы базасында тікелей инвестициялар қорларының жаңа архитектурасының қалыптасуы болды. Негізгі жоба ретінде ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған, мақсатты көлемі $4 млрд-қа дейінгі Kokzhiyek Fund L.P. және экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға инвестиция салатын, мақсатты көлемі $1 млрд-қа дейінгі Adal Fund L.P. құрылды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша өткен жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі рекордтық 549 млрд теңгені құрады. Бұл 8,5 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені рекордтық көлемде астық алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша астықтың жалпы өнімі 27,1 млн тоннадан асты. Уақтылы әрі қолжетімді қаржыландыру диқандарға егіс және егін жинау науқандарын оңтайлы агротехнологиялық мерзімде өткізуге мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі болды.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ бірлесіп ұсынған қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Бұл – отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың ең жоғары көрсеткіші.

Қаражат көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуға, ауыл тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ өңдеуді дамытуға және азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Отандық тауар өндірушілерге елеулі қолдауды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ көрсетеді. Қаралған қаржы жаңа кәсіпорындар құруға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға бағытталады. Кәсіпорындар заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды енгізіп, өндірістік желілерді жаңартып, өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. 2024-2026 жылдары қор 153 отандық тауар өндірушіге жалпы сомасы 943 млрд теңгеден астам қолдау көрсетті.

«Бәйтерек» холдингінің даму институттары жұмысының негізгі бағыттарының бірі – азаматтарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету. 2025 жылы «Отбасы банк» тетіктері арқылы 77 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» тарапынан тұрғын үй құрылысын қолдау көлемі 700 млрд теңгеден асты. Бұл шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік берді, бұл елдегі көппәтерлі тұрғын үйді жалпы енгізу көлемінің 22%-ын құрайды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале