18.04.2024, 19:00
Оқылды: 61

БҚАТУ-да ғылым айлығы жалғасуда

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде академик Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Ғылымға жол – 2024» атты ХІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

фото конф (1)

Ғылым айлығы аясында студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысқан конференция жұмысына келіп түскен 97 мақаланың тоғызы халықаралық және отандық жоғары оқу орындарынан жолданған.

Пленарлық жиында алдымен жас ғалым-ұстаз Ербол Ербаев пайдалы қазбалар құпиясын ашқан әйгілі геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмір жолы, ғылымдағы сара жолы, қайраткерлігі туралы баяндады. Бұдан әрі конференцияға қатысушылардың баяндамаларына кезек берілді. Басқосуда ғылымға құштар жастар «Тұйық сумен қамтамасыз ету қондырғылары жағдайы мен тоған шаруашылықтарында өсірілетін бекіре балықтарының нозологиялық профилін анықтаудағы салыстырмалы аспект», «Топинамбур шәрбәтімен байытылған функционалды йогурт технологиясы», «Электр энергиясының сапасы және оны арттыру жолдары», «Ауыл шаруашылығындағы инновацияларды дамытудағы мемлекеттің рөлі» сынды тақырыптар төңірегінде өздерінің мақалаларына арқау болған ғылыми жұмыстармен таныстырды.

«Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті. Жандос Сагидуллаевтың баяндамасының тақырыбы «Етті-майлы бағыттағы қылшық жүнді құйрықты еділбай қой тұқымының шаруашылыққа пайдалы белгілерінің өзгергіштігі» болды. Осы мақаланы дайындау үшін Жандос 3-курсқа келгеннен бастап ғылыми жетекшісі Айнұр Мәлікқызымен бірге шаруашылықта тәжірибе жүргізген. – Ақжайық ауданындағы «Нығмет» шаруа қожалығында болып, көрген-білгендерімді мақалаға пайдаландым. Шаруашылықтағы жаңа туған қозылардың салмақтарын, денесі мен құйрық көлемдерін өлшеп, бақыладық. Олардың 4-4,5 айлығындағы және 1,5 жастағы тоқты күйіндегі осы көрсеткіштеріне назар аудардық. Сол арқылы асыл тұқымды еділбай қойына қатысты барлық мәліметтерді жинадық. Нәтижесінде 7-8 ай тәжірибеден өтіп, арнайы мақаламды жазып шықтым. Бүгінгі конференция жұмысында ол туралы толық баяндадым. Алдағы уақытта еділбай қой тұқымының шаруашылыққа пайдалы жақтары туралы толығырақ зерттейтін боламын, – дейді білім алушы.

Бұдан әрі конференция жұмысы институттарда ауылшаруашылығы, ветеринария ғылымдары және техникалық, экономикалық, гуманитарлық ғылымдар бойынша секциялық отырыстармен жалғасты.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале