20.06.2022, 17:45
Оқылды: 207

БҚАТУ ғалымдары пайдалы жобаның аясын кеңейтуде

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары бал арасы өнімдерін дайындау жобасын қолға алуда.

Бұл жұмыстар екі жыл бұрын жүзеге асырыла бастаған бал арасы шаруашылығын дамыту жобасы аясында қолға алынды. Батыс Қазақстанда бал арасы шаруашылығын дамыту жобасы екі жылда айтарлықтай нәтиже көрсетті деуге болады. Бүгінде ара шаруашылығымен айналысатын мекеме-ұйымдармен әріптестік байланыс орнатылып, қызмет аясын одан әрі кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

DSC06090

Жәңгір хан университеті ректорының бастамасымен «Батыс Қазақстанда ара шаруашылығын дамыту жобасы» екі жыл бұрын қолға алынған болатын. 2020 жылы жеке қаражатқа  бал арасының 10 ұясын сатып алған университет басшылығы оларды «Золотой улей» шаруа қожалығының (иесі – Сергей Кривобоков) омартасына арнайы келісімшарт бойынша орналастырды. Осы жобаға «Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы» институтының аға оқытушылары  Гүлдана Идрисова мен Берік Сатыбаев жетекші ретінде бекітілді.

– Биыл үшінші жыл қатарынан біздің омартамызда «Экология», «Ветеринарлық медицина» және «Ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша білім алатын студенттер тәжірибелік машықтан өтуде. Мұнда олар ара шаруашылығына кіріспе, бал және бал өнімдерін алудың этаптарын игеріп, араның ауруларымен және оның зиянкестерімен күресу жолдарын меңгереді, – деді Берік Ғариполлаұлы.

Гүлдана Зейноллақызы бал аралары шаруашылығында әзірге тек бал алынып жатқанын айтты.

– Әр маусымда бір ара ұясынан 15 келі бал алынады. Бірақ ауа райына байланысты бұл көрсеткіш кемуі де мүмкін, – деді Гүлдана Зейноллақызы.

Шаруашылық басында жүріп, бал араларының тылсым құпиясына қанығатын білім алушылар осы жобаға өздері де қызығушылық таныта бастапты. Олар да жобалар жасақтап, гранттық қаржыландыру конкурстарына ұсына бастаған. Сонымен қатар осы бағытта біліктілікті жетілдіру жұмыстары да жолға қойылған. Жоба жетекшілері Берік Сатыбаев пен Гүлдана Идрисова Ресейде біліктілік курстарынан өтіп, түрлі гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысып жүр.

DSC06097

БҚАТУ ғалымдары жергілікті әкімдікке Бал арасы шаруашылығын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындауға көмектескен. Қазақстан омарташыларының «Бал - ара» атты ұлттық одағымен де ынтымақтастық меморандумы жасалған. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу институттарымен де келісімшарттар жасалған. Мұндай әріптестік байланыстар ара шаруашылығы базасын кеңейтуге, дамытуға септігін тигізері анық. Сонымен қатар университеттегі «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» жоғары мектебімен бірлесе бал арасы өнімдерін дайындау жобалары әзірленген.

Биыл Ресейден бал арасының тұқымын жақсарту үшін аналық ара сатып алынған. Ол күніне 500-ден 2 мыңға дейін жұмыртқа салады. Ал 18 күннен кейін ол жұмыртқалардан аралар шыға бастайды. Аналық ара 5-7 жыл өмір сүреді. «Жұмысшы» аралар 45 күн өмір сүреді. Ал күзде бал арасы ұяларының әлсіздері қатардан шығарылып, қыстауға жіберіледі екен. Ал көктемде олар қайтадан қатарға қосылады. Аралардың тіршілігінде түрлі процестер жүзеге асырылады. Тіпті бал араларының науқастанып қалмауына да көңіл бөлініп, арнайы химиялық қоспасыз препараттар қолданылады.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале