Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі-2026» іс-шарасы өтті.

Шараның басты мақсаты – университет түлектерінің жұмысқа орналасуына ықпал ету, кәсіпорындар мен оқу орны арасындағы байланысты нығайту. Алдымен университеттің акт залында өткен жиынға университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің, БҚО Стратегия және даму басқармасының, БҚО әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мемлекеттік мекемесінің, Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының, «Қаржы орталығы» АҚ мамандары, кәсіпорын өкілдері және бітіруші курстың студенттері қатысты.
Шара барысында сөз алған университеттің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нұркен Губашев жыл сайын өтетін жәрмеңкенің маңыздылығына тоқталып, бұл шараның бітіруші курстар үшін ұйымдастырылатынын атап өтті. Бұдан әрі мекеме өкілдері сөз алып, білім алушыларға өз салалары бойынша толыққанды ақпарат берді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі туралы баяндаса, БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева, Орал қалалық мансап орталығы директорының орынбасары Сағира Бимұхамбетова, Еңбек ұтқырлығы орталығының маманы Думан Әнуаров «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламаларды және жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларын түсіндірді. Ал «Қаржы орталығы» АҚ бас маманы Гүлнәр Сәрсенбаева «Мемлекеттік білім беру грантын міндетті өтеу» туралы әңгімеледі.
Жиыннан соң жұмыс беруші кәсіпорындар өкілдері бос лауазымдар бойынша үміткерлермен әңгімелесулер өткізсе, облыс аудандары әкімдерінің аппарат басшылары мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын түлектермен жүздесті.

Статистикаға сүйенсек, соңғы екі жылда Жәңгір хан университетін 2 мыңнан астам түлек бітірсе, солардың 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасты. Ал биыл университет қабырғасынан 1096 жас түлек ұшқалы отыр. Өткен жылы «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне 70-тен астам жұмыс беруші қатысқан болатын, ал биыл 90-ға жуық мекеме-ұйым өкілдері келді. Негізінен Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті аграрлық, ветеринарлық, техникалық, құрылыс, машина жасау, көлік сервисі, IT, экономика салалары бойынша мамандар даярлайды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін университеттің «Мансап және бизнес-серіктестік» орталығы ұйымдастырды.
БҚАТУ баспасөз қызметі