8.12.2022, 18:37
Оқылды: 147

БҚАТУ түлектері ұстаздарға құрмет көрсетті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында білім ордасының шәкірттері «Ұстаздарға мың алғыс!» атты ұстаздар галереясын тарту етті.

IMG_7139

Университеттің «Политехникалық институты» түлектерінің  бастамасымен жасақталған ұстаздар галереясына БҚАТУ басшылығы қолдау көрсетті. Галереяның ашылу салтанатында сөз алған Политехникалық институттың қамқоршылық кеңесінің төрағасы, университеттің 1980 жылғы түлегі Александр Әжіғалиев түлектердің бастамаларына әр кез қолдау білдіретін басқарма төрағасы-ректор Асқар Мырзахметұлы бастаған басшылыққа алғысын жаудырды.

– Қамқоршылық кеңестің құрамына универсиеттің 1968 жылдан бергі түлектері бірігіп, өздері қаржы жинап, үлкен жұмыстар атқарып келеді. Биыл институт ғимаратының аумағын абаттандырып, саябақ жасақтап, субұрқақ орнаттық. Сонымен қатар университет қабырғасында білім берген ұстаздарымызға құрмет көрсету мақсатында бүгінгі галереяны ашып отырмыз. Әрине, бұл жерге барлық оқытушыларымызды қамти алмадық. Алдағы уақытта электронды естелік кітап құрастырып, оған өндірістік оқыту шеберлері мен зертханашылардан бастап өзге де оқытушылардың есімдерін енгізу жоспарымызда бар. Сол ұлағатты ұстаздарымыз берген білім мен тәрбиенің арқасында еліміздің әр саласында қызмет етіп, бүгінгі дәрежеге жеттік, – деді Александр Құмарұлы.

IMG_7189

Профессор-оқытушылар құрамының атынан сөз алған ардагер ұстаз, ЖАК доценті Майдан Бралиев бұл галереяның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтіп, осындай естелікке толы тарту жасаған түлектерге ризашылығын жеткізді.

Ұстаздар галереясының лентасын қию рәсімі «Политехникалық институт» директоры, техника ғылымдарының кандидаты Жанна Құбашеваға және институт түлектері Василий Железнов пен Андрей Борсаға ұсынылды. Бұдан соң қонақтар Политехникалық институтта жемісті еңбек еткен, университеттің дамуына өз үлестерін қосқан ғалым-ұстаздардың фотосуреттері қойылған галереяны тамашалады.

Мерекелік іс-шара қамқоршылық кеңес мүшелерінің отырысымен жалғасты. Жиынға басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, профессор-оқытушылар құрамы және түлектер қатысты. Университет ректоры Асқар Мырзахметұлы қазіргі білім беру бағдарламаларының артықшылығы, технологияның даму барысы жайлы сөз қозғады. Ал Политехникалық институт директоры Жанна Қайыржанқызы институттың бүгінгі тынысына тоқталып, оқыту бағдарламалары туралы баяндады. Басқосу соңында игі істердің басы-қасында жүрген қамқоршылық кеңестің мүшелері мен институт түлектеріне басқарма төрағасы-ректордың алғысхаттары табысталды.

Еске сала кетсек, 60 жылдық тарихы бар Жәңгір хан университетінің «Политехникалық институты» да түрлі тарихи кезеңді өткерді. Айталық, 1963 жылы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру факультеті» болып ашылса, 2000 жылы «Политехникалық факультет» болып өзгертілді. 2019 жылдан бері «Политехникалық институт» деп аталады.

БҚАТУ медиа орталығы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале