14.12.2023, 20:30
Оқылды: 100

БҚАТУ үздіктері мен белсенділері марапатталды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Үздіктер мен белсенділер слеті» ұйымдастырылып, жыл бойына жоғары жетістіктерімен көзге түскен студенттер марапатталды.

IMG-20231214-WA0068

16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында университеттің Жастар бастамасын дамыту орталығы ұйымдастырылған салтанатты іс-шара «Нұралы» мәдени-демалыс орталығында өтті.

IMG-20231214-WA0070

Алдымен сөз алған университеттің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нұркен Губашев шараға шақырылған қонақтарға білім ордасының басшылығы атынан ыстық ықыласын білдіріп, шараның маңызына тоқталды.

– Мен бүгін осындай шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің студент-жастарымыздың әрқайсысы еліміздің егемендігінің тұғырын биіктетіп, университетіміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Сіздердің жетістіктеріңізге біздер марқайып жүреміз. Соның ішінде оқуын үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға әр кез белсене атсалысатын, сондай-ақ түрлі байқаулар мен жарыстарда, білім сайыстарында топ жарып жүрген жастар ел болашағын құрайды деп сеніммен айта аламыз. Әлі де бағындырар белестеріңіз көбейе берсін, алдағы жылы да толағай табыстарға жететіндеріңізге сенеміз, – деді Нұркен Маратұлы.

Шарада сөз алған қонақтар да Жәңгір хан университетінің үздік студенттерін құттықтап, білімді, тәрбиелі жастар – жаңа Қазақстанның болашағы екенін атап өтті.

IMG-20231214-WA0071

Студенттер вальсімен басталған мерекелік шара барысында білім, өнер, спорт салалары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген білім алушылар университет ректорының атынан Құрмет грамоталарымен және мерейтойлық төсбелгілермен марапатталса, Президенттік шәкіртақы иегерлері мен бірқатар белсенді студенттерге алғысхаттар тапсырылды.

IMG-20231214-WA0072

Сонымен бірге «Білімділер додасы» зияткерлік сайысының, республикалық пікір сайыс турнирлерінің, «Жаңа толқын» облыстық студенттер фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараны өнерлі жастар ән-билерімен көркемдеді.

IMG-20231214-WA0069

Шараға 150-ден астам студент қатысты.

БҚАТУ медиа орталығы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале