26.03.2021, 15:08
Оқылды: 459

БҚО әкімі егістік алқабын қору жұмысын күшейтуді тапсырды

Қазіргі уақытта далалық егіс жұмысына қызу дайындық жұмысы жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жиынға қатысқан ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 515 мың гектарға жетпек. 

ек1

Күздік дәнді дақылдар – 86 мың, жаздық дәнді дақылдар – 146 мың, майлы дақылдар 80 мың га жерге егілмек. Мал азықтық дақылдардың егісі 193 мың га болмақ. Сонда былтырғы жылмен салыстырғанда, дәнді дақылдар 4,9 мың га, мал азықтық дақылдар – 9,7 мың гектарға және картоп пен көкөніс-бақша дақылдары – 620 гектарға ұлғаяды деп күтілуде.

ек2

«Біздің өңірдің климаттық жағдайында күздік дәнді дақылдар жаздық дәнді дақылдарға қарағанда, орта есеппен 7-10 центнер/гектар артық кепілді өнім береді. Соңғы жылдары өңірімізде күздік дәнді дақылдар егісі ұлғайып келеді. Мысалы, 2019 жылы күздік егісі 72 мың га, 2020 жылы 82 мың га құраса, 2021 жылы 95 мың га құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылғыдан 16%-ға артық. Облыста жоғары репродукциялы тұқым өндірумен бес шаруашылық айналысады», - деді Сатқан Өмірзақов.

ек3

Былтыр шаруалар 884 дана ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы сатып алды. Мемлекет тарапынан инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында техникаларды сатып алуға жұмсалған шығынның 25%-ы өтелді. Жоспарланған көктемгі егіс жұмысын жүргізу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан 12 мың тонна (сәуір – 3 мың тонна, мамыр – 6 мың тонна, маусым – 3 мың тонна) көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінді. Көктемгі далалық жұмысқа 4764 трактор, 2731 дәнсепкіш, 691 қопсытқыш және 45 егіс кешені сақадай сай тұр. Көктемгі егіс жұмысын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 658,8 млн теңге (5% көрсеткішпен) және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 90 млн теңге (15% көрсеткішпен) бөлініп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы және оның аудандық несие серіктестіктері арқылы берілуде. Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарына «Кеңдала» бағдарламасы арқылы 389,9 млн теңге және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 75,3 млн теңге берілді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев дизель отынын жеткізуді уақтылы ұйымдастыруды тапсырды. Оған қоса жайылымда еркін жүрген жылқы егістікті таптап кету оқиғалары жиі болатынын, шаруалар өтініші бойынша осыған қатысты алдын алу шаралар қолға алу керек екенін айтты.

Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов былтыр егістік алқабына келген ірі қара малды қамауға мәжбүр болғандарын баяндады. Аудан бойынша 51 адамға малын қараусыз жібергені үшін 520 мың теңге айыппұл салынған. Биыл ауыл тұрғындарымен кездесуде округ әкімдері осыған байланысты түсінік жұмысын жүргізуде.

«Аудан әкімдері жұртшылыққа малын қараусыз жібермеу керектігін алдын ала ескертіп, полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, бұл бағытта нақты шаралар жүргізуді қолға алсын. Кей адамдардың салғырттығының кесірінен ала жаздай тер төккен шаруалар еңбегі зая болады. Жайық және Шаған ауылдық округтерінде малдың егістікті таптауына қатысты тіркелген дерек өте көп. Даулы мәселе шиеленісе бермеуі үшін түсіндіру жұмысы белсенді жүргізілсін», - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале