12.11.2019, 16:27
Оқылды: 247

БҚО әкімі елордалық еңбек ардагерлерімен кездесті

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі  Ғали Есқалиев Нұр-Сұлтан қаласында тұратын батысқазақстандық еңбек ардагерлерімен кездесті.

astana (2)

- Бүгінгі таңда елордамызда тұрып жатырған Ақжайық өңірінде туып өскен және өңірде қызмет етіп, еліміздің дамуына өз үлес қосып жүрген ардагерлерімізбен, яғни Сіздердей жандармен жүздесуді жөн көрдік. Ақжайық өңірінің бүгінгі хал-ахуалын айтып, әрі батысқазақстандықтардың Сіздерге жолдаған ыстық сәлемін жеткізе отырып, емен-жарқын әңгімелесу бүгінгі кездесуіміздің мақсаты еді.

Жалпы, еліміз тәуелсіз жылдарында ауқымды түбегейлі өзгерістердің жолын еңсергені белгілі. Шүкір, бүгінгі уақытта еліміз өркендеп, өңіріміз қарқынды даму үстінде. Даму жолында біздің өңірімізде оң өзгерістер де болды. Басты жаңалықтармен Сіздермен бөліскелі келдім,- деген облыс әкімі Ғали Есқалиев биылғы жыл еліміз үшін, соның ішінде біздің өңіріміз үшін де табысты жыл болғанын айтты.

astana (1)

-Барлығымыздың басымызды қосқан облыс әкіміне алғыс айтамыз. Қырық жылдай Қаратөбе, Тайпақ аудандарында, Ет комбинатында еңбек еттім, көп жыл басшы болдым. Зейнеткерлікке шыққаныма 23 жыл болды. Ауылда мал азаюы экономикаға әсер етеді. Осы отырыста мал азығын дайындауда рөлі зор каналдардың жайы айтылды. Халықтың көбі қалаға қоныс аударуда. Жем-шөптің қоры мол жерлер, көлдер бос қалмаса екен. Мал шаруашылығын өркендете түсу қажет, - дейді Төлеген Себепов.

- Батыс Қазақстанды жақсы білетін, өңірге еңбегі сіңген қариялардың ақыл-кеңестері облыс басшылығына пайдасы тиеді деп сенемін. Су, жол мәселесі қозғалды. Әкімнен тиянақты жауап естідік. Су қоймаларын салу жоспарын естіп, қуанып қалдық. Үнемі ел жақты ойлап жүретін едік, кездесуде көңіліміз орнына түсті, - деді Александр Байболатов.

astana (3)

Қариялар өңірге қатысты жоспарларды тыңдағасын өздерінің ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Қауқылдасып, бір жасап қалған ақсақалдар елордада тұратын батысқазақстандық ардагерлердің қауымдастығын құруды ұсынды. Кездесу соңында облыс әкімі ардаегрлермен естелік суретке түсті.

astana (4)

Еске сала кетсек, бүгін облыс әкімі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясына қатысып,  өңірдегі атқарылған істерді баяндап, республикалық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Н.Нұрланұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале