30.04.2024, 11:36
Оқылды: 36

Су басқан аймақтарда тонау және мародерлік фактілері тіркелген жоқ

"Төтенше жағдай жарияланғалы полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет атқарып жатыр. Су тасқыны басталғалы қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты су басу аймақтарынан эвакуациялау, зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету және басқа да қойылған міндеттерді орындау үшін 1535 полиция және Ұлттық Ұланның қызметкерлері жұмылдырылды", - деп хабарлады БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 12.04.24

Оның 500-і Ұлттық ұлан қызметкерлері болса, қалған өңір және Шымкент қаласы мен Қызылорда облысынан келген полицейлер. Одан бөлек зардаптың алдын алу жұмысына 152 техника тартылды. Сондай-ақ ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу және басшылықты жүзеге асыру үшін полиция департаментінде жедел штаб құрылған. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО полиция департаментінің бастығы Жанболат Жаншин айтты.

Жанболат Жасқайратұлы өз сөзінде полиция қызметкерлері тәулік бойы эвакуациялық пункттерде кезекшілік етіп жатқанын да атап өтті.

- Суға кеткен аумақтарда тұратын 441 азаматтан 631 дана атыс қаруы табылып, полиция департаментіне сақтауға алынды. Жедел жағдайдың тұрақталуына байланысты 100 атыс қаруы иелеріне қайтарылды, - деді Жанболат Жаншин.

Облыстың бас полицейі төтенше жағдай кезінде республикалық маңызы бар автожолдар жабылмай, көлік жүрісіне шектеу қойылмағанын, көлік кептелісі орын алмағанын да атап өтті.

- Су басқан саяжайларда ұрлықтың алдын алу мақсатында тәулік бойы полиция және Ұлттық Ұлан қызметкерлері кезекшілік етті. Патрульде болған құқық сақшылары қайық және квадроциклдармен қамтамасыз етілді. Тонау және мародерлік фактілері тіркелген жоқ, - деді Жанболат Жасқайратұлы.

Жағдай тұрақталды, десе де мүдделі ведомстволармен өзара іс-қимыл жасасып, су тасқынынан кейінгі салдардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылданды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале