25.05.2021, 19:29
Оқылды: 2607

БҚО әкімі күре жолды жөндеудің кідіру себебін айтты

Оралдан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатынайтын республикалық маңыздағы автжолдардың жөнделуі күрмеулі мәселеге айналды. Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыс әкімі Ғали Есқалиевке қойылған сауалдардың бірнешеуі осыған қатысты болды. Әкім күре жолдың жөнделуі не себепті кідіріп жатқанын айтты.

17426464-0eb5-4d3e-9717-50263da40ccc

– 2018 жылы Елбасы автожолды жөндеуге тапсырма берді. Күрделі жөнделетін жол бөлігінің жалпы ұзындығы – 248 шақырым. 2019 жылы автожолды жөндеу басталды. Бірақ пандемияға байланысты жыл басында берілген қаражат республикалық бюджетке қайтарылды. Көптеген елде қаражат тапшылығы туындағаны рас. Жыл аяғында бюджеттен 8 миллиард теңге ғана қаражат жұмсалды. Жобаның жалпы құны 57 миллиард теңге болса, бүгінде соның 23 пайызы – 13 миллиард теңге игерілді. Биыл төрт мердігерге 27 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Мердігерлердің барлығы жөндеу жұмысын бастады. Биыл жоба жоспарға сай жүзеге асса, 118 шақырым жол пайдалануға беріледі. Қалған шақырымдарды келесі жылға қалдыруға мәжбүрміз. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандықтан, 2022 жылдың аяғына дейін 248 шақырым жол түгел жөнделетініне сенімдімін, – деді Ғали Есқалиев.

Брифингте «Азаттық радиосының» тілшісі Бағдат Асылбек 500 шақырымнан астам жолды жөндеуге байланысты қордаланған мәселе бірнеше жылдан бері неге шешімі табылмай келе жатқанын сұрады. «Басты себептердің бірі – Орал-Казталов-Жәнібек-Сайқын-РФ шекарасы бағытындағы автожол ұзақ уақыт жергілікті маңыздағы жол болып есептелді. Бұрынғы әріптестерім (облыс әкімдері) оны республикалық маңыздағы жол деп тану мәселесімен шұғылданды. Екінші себеп – біздің облыста автожол жөнделуі тиіс елді мекен өте көп. Ол елді мекендердегі жолдарды жөндеуге де қомақты қаражат бөлінуде. Үшінші себеп – қаражаттың жеткіліксіз бөлінуіне байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта мердігерлер анықталды, жөндеу жұмысы жүргізілуде. Тұрғындар енді бір жыл күтсе болғаны, сапалы автожол салынады», – деді облыс басшысы.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале