
Қадірлі жерлестер!
Халықаралық балаларды қорғау күні – жазбен бірге жететін жарқын мереке. Бұл – өскелең ұрпаққа деген шексіз мейірім мен ерекше қамқорлықтың белгісі.
Балалар – біздің өміріміздің мәні, еліміздің ең басты байлығы мен жарқын болашағы.
Жас қазақстандықтардың құқықтарын қорғау, олардың сапалы білім алып, денсаулығын нығайтуына, шығармашылық пен спортта шыңдалуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл бағытта өңірімізде де ауқымды іс-шаралар атқарылды. Біздің мақсатымыз – әрбір бүлдіршіннің үлкендердің қолдауы мен қамқорлығын сезініп, келешекке сеніммен қарауына мүмкіндік туғызу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, жас ұрпақтың бойында «Адал азамат» тұжырымдамасының озық идеалдарын қалыптастыру – ортақ міндетіміз. Біз бүкіл қоғам болып балаларымызды еңбекқорлыққа, білімпаздыққа баулып, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды, төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген құрметті сіңіруіміз қажет.
Өңіріміздің намысын қорғап, оқуда, өнер мен спортта биік белестерді бағындырып жүрген дарынды ұл-қыздарымызды мақтан тұтамыз. Осынау жазғы демалыс күндері бүлдіршіндеріміз бен жеткіншектерге қызықты оқиғалар мен ұмытылмас әсерлер сыйласын!
Балалар мен олардың ата-аналарын жайдарлы мерекемен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке, әрбір отбасына амандық тілеймін! Балаларымыздың күлкісі тыйылмай, болашағы жарқын болсын!
Суреттер: сайт архивінен